Қайтқан доменнен қайыр бар ма?
Қайтқан доменнен қайыр бар ма?
107
оқылды

Елімізге тиесілі KZ доменін пайдаланатын, бірақ шетелдік серверде орналасқан сайттарды Қазақстан қой қайырғандай қайтарып алмақшы. «Елге оралу үшін» оларға 1 ақпанға дейін уақыт берілді. Бұған дейін бірнеше рет бұл мәселенің басы қылтиған. Тіпті, нақты дедлайны 2020 жылдың 30 қарашасына дейін деп те бекіткен. Кейін мүмкіндік береміз деп уақытын тағы созды. Бірақ осы жолы 1 ақпанға дейін көшіріп үлгермесе, сайт­тарды бұғаттаймыз деген ескерту жасалып жатыр. Жауапты министрлік өкілдері бұл талаптың бірыңғай жағымды әсері бар деп сендіріп отыр.

Алғаш мұндай бастама 2010 жылдары сол кездегі Байланыс және Ақпарат министрлігі тара­пынан көтерілген. «Домені KZ болса, серверлері де Қазақстанда орналасуы керек» деген еді. Бұлтты технологиялардың енді-енді да­мып, шетелдік әлеуметтік желі­лердің экспансиясына тап келген кезең болады. Сөйтіп, әлгі бастама біртін­деп кейінге шегеріле берді. Бастал­ған іс аяқталуы керек де­­мекші, осы жолы нүктесін қоюға Цифрлық даму, инновациялар және аэроға­рыш өнеркәсібі ми­нистрлігі бекініп отыр. Порталдар мен сайттардың ие­лері көшіп үлгере ме, жалпы бұған мән бере ме нақты белгісіз. Бірақ жылдың соңында ми­нистр­лік та­ратқан баспасөз баянында 45 мың­нан астам домен атау­ларына тиісті хабарлама жеткен. Бірақ соның ішінде тек төрт мыңы серверлерін ауыстырған. Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнеркә­сібі вице-министрі Асхат Оразбек отандық кәсіпкерлерді шетелдің арзан қызмет көрсетуіне қызық­пауға шақырды. «Қазақстандық атауы бар сайттарды жергілікті мә­­ліметтерді өңдеу орта­лық­та­рына орналастыру керек. Сөй­тіп, жер­гілікті IT маман­дарды тартуға болады. Отандық биз­несмендерге аумақтық еңбек және өндірістік ресурстарды ба­­рын­ша пайдалану қажет. Сонда елге ақша түседі. Шетелдік арзан сервис­тің соңы­нан жүгіріп керек емес. Қазақ­стандық домендік атауы бар сайт­ты иесі ауыс­тыр­ғысы келмесе, сайттың атауын өз­гертсе болады. Мысалы, іnfo.kz деген атауы болса, info.kz.com немесе info. kz.org деп ауыс­тыра алады. Жалпы алғанда, бұл жүр­гізілетін жұмыс қарапайым қол­данушыларға еш кедергі кел­тір­­мейді. Тіпті бай­қалмайды», – дейді министрдің орынбасары. Ал енді аталған талаптың қан­дай оң әсері барына тоқталсақ. Осы­­ның арқасында экономикада мультип­ликатив әсер туады екен. Атап айтқанда, ақпараттық-комму­ника­циялық технологиялар сала­сында қосымша жұмыс орындары ашы­лып, электр энергиясы про­фициті жойылып, ішкі интернет-трафик қысқарып, байланыс опе­раторлары жергілікті байланыс же­лісін дамы­тып, көрсететін қыз­меттерінің сапа­сын жақсартуға ты­рысатын болады. Бұл – ми­­нистрлік тізбелеген жа­ғымды тұс­тары. Айталық, хабарлама жететін жер­ге жетті, дегенмен мән бермесе не болады? Бұған дейін қазақ­стан­дық серверге көшпеудің себебі ре­тінде ақысының қымбат екені, қызмет көрсету сапасының көңіл­ден шықпайтыны айтылып келді. Ал егер тіркеуші Hoster.КZ домен иесіне хабарлама жолдағанымен, ол тараптан жауап болмаса, қазіргі ереженің 16 тармағына сәйкес, сайт­тың жұмысын тоқтатып тас­тай­ды. Сонымен бірге SSL серти­фи­каты реттелмеген, вирусы не спам белгілері бар беттерді де осы­ған ұқсас жағдай күтіп тұр деседі. До­менді қалай өшіретіні туралы айтар болсақ, Цифрлық даму, ин­нова­циялар және аэро­­ғарыш өнер­кәсібі министр­лігінің Ақпа­раттық қауіп­сіздік жөніндегі ко­митеті толық тексеріс жүргізіп, ереже бұ­зылды ма, қарап шығады. Кейін ол тізім «Казник» тіркеу­ші­сіне ав­то­­мат түр­де жолданады. Ол болса, өз кезегінде бір күн ішін­де ол сайт­тарды бұ­ғаттап, HOLD ста­тусын бекітеді. Қа­тесін түзеп, бұ­зылған жерді жөн­деу үшін қолда­­нушыға он күн мерзім бері­леді екен. Ақауларды жөн­деп бол­ған соң, «Казникке» жі­беру міндетті. Болмаса, доменді қайта­рып алу мүм­кін емес қылып жойып тас­тайды. Әдетте, домендер туралы әң­гіме қозғалғанда, оның сол елдің имид­жі іспеттес екені айтылады. Айта­лық, am – армян домені. Бүгінде екінің бірі қолданатын Instagram әу ба­сында instagr.am деген армян сайты болған. Кейін­нен Facebook доменді 1,5 млрд долларға сатып алды. Міне, көктен түскен пайда дерсіз! Мұндай мы­салды Қазақ­станның интернет қауымдас­ты­ғының президенті Шав­кат Саби­ров келтірді. Оның ойын­ша, доменді шектеудің қажеті жоқ. «Ақпараттық қауіпсіздік туралы ай­тыл­­ғанның бәрі – бос сөз. Қан­дай да құқыққа қарсы амал­дар істелсе, оны бұл талапсыз-ақ бұ­ғаттап тас­тауға бо­лады. Адам сайтын қайда және қандай шартпен орна­лас­тыруды өзі шешуі керек. Тіркеу тәртібін ми­­нистр бекітіп отыр, демек заң тұр­­ғысынан алып қара­ғанда оның заң­­дық күші жоқ. Дәл қазіргі пан­демия кезінде ми­нистрлік шек­теумен емес, даму бағытында жұ­мыс істегені жөн. Әл­гі 40 мың­нан астам домен иелері қиын кезде жан бағып, кәсібін жүр­гізе берсін», – дейді сарапшы. 

Жадыра АҚҚАЙЫР