Полиция қорғаушы ма, азаптаушы ма?
Полиция қорғаушы ма, азаптаушы ма?
276
оқылды

Елімізде жыл сайын орта есеппен азаптау бабы бойынша 70 іс тіркеледі екен. Соның барлығында дерлік зәбір көрсетушілер – полиция қызмет­керлері. Сондықтан да еліміз қанша жерден құқықтық мемлекет десек те, бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Бұл бағытта заңнамалық тұрғыда жетілдіре түсетін тұстар аз емес.

5 жыл – 313 дерек

Бас прокуратураның мәліметі бойын­ша, былтыр елімізде Қылмыстық кодекстің 146-шы Азаптау бабы бойынша полиция қызметкерлеріне қатысты 111 сотқа дейінгі тергеп-тексеру дерегі анықталған. Соның ішін­де Қылмыстық-процессуалдық ко­декстің 35 және 36-баптары бойынша қыл­мыстық істердің қысқарғаны мен тоқ­татылғаны бар, жыл соңында нақты 73 іс өндірісте қалған. Осы істер бойынша 14 адам, яки ішкі істер қызметкерлері жауап­кершілікке тартылған. Олардың 12-сі – поли­ция департаменттерінің, 2-еуі –  қылмыс­тық атқару жүйесінің қызметкер­лері. Ал оған дейінгі 5 жылда 313 сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері тіркелген екен. Мәселен, 2015 жылы – 29, 2016 жылы – 73, 2017 жылы – 74, 2018 жылы – 65, 2019 жылы – 72 дерек. «2018 жылдың 21 қыркүйегі күні Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Қарасай аудандық ІІБ жедел уәкілі С.Дүйсенбаев тарапынан азамат Д.Оспановқа қатысты жасалған азаптау дерегі бойынша тергеуді аяқтады. Тергеу барысында осы жылдың 9 сәуірі күні С.Дүйсенбаев полиция ғимаратында Д.Ос­панов­қа дене жарақатын келтіріп, «Саламат» шаруа қожалығының 37 қойын ұрлағанын мойындауға мəжбүрлегені анықталды. Сот-медициналық сараптама Д.Оспановтың бас сүйек-ми жабық жара­қатын алғанын, екі жақ бүйіріне зақым кел­генін, кеуденің тері асты гематомасы ба­рын анықтады. Қарасай аудандық сотының 3 қазандағы үкімімен С.Дүйсен­баев жәбірленушіге 300 мың теңге мораль­дық зиянын өтей отыра, 3 жыл бас бостан­дығын шектеу мерзіміне сотталды», – дейді Бас прокуратураның Заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметі бастығы­ның орынбасары Саян Бәкіров. Қазақстан 1998 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азаптауларға қарсы конвен­ция­сына қосылған болатын. Осы конвен­цияға факультативтік хаттаманы ратифи­кациялаған 2008 жылдан бастап еліміздің қылмыстық сот төрелігінде халықаралық құқыққа сәйкес келетін елеулі реформалар жүргізілді. Аталған бағыттағы заңнаманы одан әрі жетілдіре түсу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен және жұртшылық өкілдерімен келісілген келесідей түзетулер әзірленді. «Бес өзгерісті атап өтуге болады. Мәсе­лен, ҚК-нің 146-бабы БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясына сәйкестендірілді. Ресми қызмет атқаратын адамдар тобы кеңей­тіліп, қылмыстық жауапкершілік лауа­зымды адамдарға ғана емес, тәрбие­шілерге, санитарларға, балалар үйлерінің, медициналық мекемелердің қызметкер­леріне, қылмыстық-атқару жүйесі мекеме­лері әкімшілігінің ерікті көмекшілеріне және тағы да басқа тұлғаларға қол­данылатын болады. Аталған баптың қыл­мыс­тық құрамы «қатыгез және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер» анықтамасымен толықты. Осы бап бойынша сотталған адам­дарды мемлекеттік қызметке, мемле­кеттік мекемелер мен квазимемлекеттік секторға жұмысқа алу құқығынан айыру көзделуде. «Азаптау» мен «қатыгез жəне ар-намысты қорлайтын іс-əрекеттер» ұғым­дарының аражігі заңды түрде ажы­ратылып, оларға анықтамалар берілді», – дейді Саян Сәбитұлы. Бұл өзгерістер Президент Жолдауында берілген тапсырмаларға сай жүзеге асуда. Қазіргі таңда олар Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында ІІМ-мен пысықталуда. Соған сәйкес пенитен­циарлық мекемелерде, полицияның қызметтік үй-жайларында, құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде жаппай бейнебақылау енгізу жұмыстары жүргізіледі.

Рақымшылық пен татуласуға жол жоқ

Азаптауға қарсы күрес шаралары аясында еліміздің Қылмыстық кодексінде азаптау қылмысы өз алдына жеке бап болып бөлек шығарылған. Ең жоғарғы жаза 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға ұлғайтылды. Рақымшылық жасау актісінің, ескіру мерзімінің және өкіну мен тараптардың татуласуы салдарынан азаптаулар бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатуға тыйым салынды. «Азаптау туралы өтініштерді тергеу кезінде баламалы тергеушілік енгізілді. Құқық қорғау органдарына жеткізілген тұлғалардың электрондық есебі құрылды. Күдіктілерді жеткізу және ұстау процесі нақтыланды және ұстау кезіндегі адво­катқа, медициналық көмекке құқықтары бар екенін түсіндіру туралы «Миранда ереже­лері» қолданылуда. Бұл ретте про­курорға заңсыз ұсталған және заңсыз ұстау­дағы тұлғаларды дереу босату өкілет­тігі берілген. Бұдан басқа, мемлекеттік қордан азаптау құрбандарына 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде өтемақы төлеу тетіктері енгізілді. Дағдарыс орталықтарының базасында оларға тегін әлеуметтік, медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Қоғамдық бақылау комиссия­лары мен ұлттық алдын алу тетігі кез келген уақытта түрмелерге барып, сотталғандармен әңгімелесіп, шағымдарды қабылдай алады. Мәселен, 2020 жылы 253 тексеру жүзеге асырылды», – дейді Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова. Пенитенциярлы мекемелерде бейне­бақылау жүйелері орнатылуда, қызметкер­лер видеорегистраторлармен қамтамасыз етілуде, сондай-ақ прокурордың қатысуын­сыз хат-хабарларды алу жүргізілмейтін пошта жәшіктері бар. Қазіргі уақытта, мекеме әкімшілігінің қатысуын болдырмау үшін электрондық шағымдар беру тетігі пысықталуда. «Әділет министрлігі тұрақты түрде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті шеңберінде Адам құқықтары жөніндегі БҰҰ комитетінің ұсынымдарын талқылау бойынша мем­лекет­тік органдар және үкіметтік емес ұйым­дардың қатысуымен жұмыстар жүр­гізеді. 2020 жылы 4 кездесу өтіп, онда азап­тауға қарсы күрес, осы саладағы өзекті проб­лемалар, сондай-ақ азаптауға қарсы заңнаманы жетілдіру және оны Конвен­цияның ережелеріне сәйкестендіру бойын­ша одан әрі ұсыныстар әзірлеу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ өмірдің түрлі салаларындағы кемсітушілік, адам сауда­сымен күрес, жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі және т.б. жайттар сөз болды», – дейді вице-министр.

Табандылық болмай, тиімділік артпайды

Елімізде қорлық пен зорлыққа қарсы қаншама жұмыстар атқарылып жатса да, бұлтартпас статистика азаптау деректерінің азаймай отырғанын көрсетеді. Онда да болса бұл көрсеткіштер бастапқы тіркелген қылмыстық істердің тоқтатыла, қысқара келе өндірісте қалғандары. Сондықтан да қылмыстық процестегі азаптауға қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін мұндағы нормаларды әлі де болса терең жетілдіре түсу қажет. «Парламент Мәжілісінің депутаттары Қылмыстық-процессуалдық кодексті 2014 жылы дайындап жатқан кезінде біз жұмыс тобына арнап ҚПК-ге енгізу үшін «Азаптау істері бойынша өндіріс» деген арнаулы тараудың теориялық негіздемесін әзірлеп, осы жаңа тараудың нормалық нұсқасын жасап берген едік. Әйтсе де бұл белгілі бір топтар тарапынан қолдау таппады. Содан бері бұл ұсынысымыз қабылданбай келеді. Ал шындығына келгенде, бұл кодексте азаптау туралы істердің өндірісін жүргізу тәртібін регламенттейтін арнаулы тарау жоқ. Бұл өз кезегінде мұндай қылмыстық істер санатын тергеуге іс жүзінде өте теріс әсер етеді», – дейді заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті заңгері Марат Қоғамов. Әріптесі, PhD  докторы Ольга Бекти­баева екеуі ұсынып отырған жобада про­фессор Марат Шекішұлы халықаралық талап­тардың барлық қағидаттарын бас­шылыққа алып отыр. Сонда ғана мұндағы тиімділік те арта түспек. Мәселен, Бас прокуратураның мәліметінше, 2018 жылы 659 қылмыс тіркеліп, оның 10-ы сотқа жетіп, 20 ішкі істер қызметкері сотталған болса, 2019 жылы 866 қылмыс тіркеліп, 15 іс сотқа жетіп, 6 полицей сотталған. Бұл цифрлар мұндағы тергеу процесінің өте тиімсіздігін білдіреді. «Біз ұсынатын жаңа тарау 7 баптан тұрады. Оны біз ұлттық практиканы ескере отырып, Стамбұл хаттамасының ережесі негізінде дайындап шығардық. Ол тергеу процесін, өзіне тән ерекшеліктері мен ондағы міндеттерді шешудің процессуалды тетіктерін айқындай отыра, айтарлықтай оңтайландыруға мүмкіндік береді. Мәсе­лен, азаптау ісі тіркелген немесе хабар­ланған сәттен бастап ерекше өндіріске алынып, оған тергеу субъектісі ретінде арнайы прокурор тағайындалуы қажет. Ол алдын ала дайындықтан өткен немесе азап­тау қылмысын құжатқа түсіре алатын, пси­хологиялық жарақат алған, соның ішінде азаптаудан соң сондай күйге түскен, адамдармен жұмыс жүргізуде тәжірибесі мол маман болуы тиіс. Оған ерекше статус беріліп, тергеудің ешқандай мүдделердің араласуынсыз, тәуелсіз өтуі бірінші ке­зектегі міндет болуы тиіс. Бұл ретте жәбір­ленушінің тілдік, жыныстық, мәдени ерек­шеліктеріндегі қалауы да ескерілуі керек. Бұл жәбірленушімен тез байланыс орнатып, дәлелдеу процесін оңайлата түседі», – дейді Марат Шекішұлы. Жалпы, азаптауды тергеу саласындағы халықаралық стандарттар базасы негізінен Стамбұл хаттамасында шоғырланған. 2000 жылы қабылданған бұл құжат тиімді тергеу мен құжаттаудың мақсаттары мен прин­циптерін анықтап, жалпы шартын рег­ламент­тейді. Бұл принциптер әлемнің 15 елінің 40 ұйымы мен мекемелері атынан адам құқығы саласындағы 75 сарапшысы қа­тыс­қан үш жылдық аналитикалық, зерт­теушілік және редакциялық жұмыстардың нәтижесі болып саналады. Ендеше жазық­сыз жандарды азаптаудан гуманизм ізін үзбей, халықаралық стандарттармен біте сабақтасқанда ғана құтыларымыз анық.

Нұрлан ҚОСАЙ