Шымкентте үлкен шу. Ипподром жыры. Мәселе ушығып тұр. Қоғам белсенділері екіге жарылған. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасын қолдаушылар көп, оған қарсылар да аз емес.
Бұл тақырып былтыр тамызда басталған. Мегаполистегі Асанбай Асқаров салып кеткен дендропарк, зообақ, ипподром аймағы қазір қалталылардың көзіне түсе бастады. Бұдан бөлек, облыс әкімі қызметін атқарған кезінде Асқар Мырзахметов сол маңайдағы қараусыз жатқан «Тұлпар» көлін жайнаған «Жайлаукөлге» айналдырып, қасына «Наурыз» алаңын орнатып, керемет демалыс аймағына айналдырған. Демек, қазір бұл – аймақ қаланың тар ауасынан қысылған тұрғындар үшін кең тыныс алатын, балаларын серуендететін бірден-бір жайлы орын. Алайда шымкенттіктерді екіге жарған мәселе де осы төңіректе өрбуде. Елімізге танымал BI-Group құрылыс компаниясы ипподром орнына 6 000 пәтерлік екі тұрғын үй кешенін, 1 200 орындық мектеп, емхана, оңалту орталығы мен балалар бақшасы және спорт алаңшасын, субұрқақ салмақшы. Жалпы, BI-Group қалаға алдағы 5 жылда 132 млрд теңге (тағы бір есебінде 200 млрд деп көрсеткен) инвестиция әкеледі екен. 2021-2026 жылдары жүретін құрылыс жұмыстарына 4 000 жұмысшы тартылмақ. Есесіне қала шетіндегі арнайы бөлінген 24 гектар жерге заманауи стандартқа сай ипподром салып бермек. Бұл туралы компания басшылығы жуырда Шымкент қаласындағы бірқатар зиялы қауым өкілдері мен белсенділерді, әсіресе осы құрылысты жақтайтын әкімдіктің айналасындағы қоғам жанашырларын жинап, таныстырылым өткізгенде атап өтті. Жиынға қала әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Мәулен Айтманбетов те қатысты. Қала әкімінің баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, бұл – талқылау емес, тек құрылыс компаниясы ұйымдастырған таныстырылым. Енді қала тұрғындарының пікірі тыңдалып, 20 күндей сауалнама жүргізілмек. Алайда бұл таныстырылым көпшіліктің ашу-ызасын одан сайын өршітті. Ипподромның орнына салынатын құрылысқа алаңдаушылық білдіргендердің жанайқайы бұрынғыдан да өрши түсті. Қарсыластардың қатарында желі белсенділерінен бөлек, табиғат жанашырлары мен журналистер, тіпті қалаға жылдар бойы еңбегі сіңген сәулетшілер де бар. Бәрінен бұрын сәулетшілердің пікірі ескерілмегені, оларды бұл мәселеден ысырып тастағаны жандарына батады. Жалпы, наразы топ ипподромның көшірілуіне қарсы емес, тек ол орынға демалыс аймағы салынуы тиіс дейді. Одан бөлек, Асанбай Асқаровтың аруағын қорлағандық деп есептейді. Ал жақтастар «жылқының тезегі айналаны бүлдіреді», – деді, тағы бірі «атқора» десе, тіпті біреулері «демалыс орны жасыл желек дейсіңдер, өз үйлеріңнің алдына гүл екпейсіңдер» деп жақтаушылардың одан сайын ашуына тиіп жатыр. Тағы бір желі белсендісі келешек ұрпаққа ұялмайтындай дүние қалдырар болсақ, қаланың қақ ортасындағы «Зеленая балка» атанып кеткен, сонау 20-30 жылдары 3-4 сотық жерге салынып, бүгінде бірінің үстіне бірі іркесіп-тіркесіп отырған үйлерді бұзып, көпқабатты үйді сол маңайға салуды ұсынып жатыр. «Проблемалы жерге көңіл бөлінсе, қаланы дамытудың мәселесі де шешілмек», – дейді ол. Әлеуметтік желіде бұл мәселе қызу талқыға ұласқандықтан, әкімдікті жақтаушы енді зиялы қауым өкілдерінің бір тобы да қолдау шараларына араласты. Соның бірі тарихшы, өлкетанушы Өмір Шыныбекұлы салынғанына 40 жылдан асқан ипподром моральдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да ескіріп, бүгінгі күннің талабына жауап бере алмай отырғанын айтады. «Еліміздегі аса ірі BI Group құрылыс компаниясы осы жерді үй салу үшін сұрап жатса, беру керек. BI Group салады деген үйлерге жұмысшылар қажет екені белгілі. Бүгін үйлердің салынуына қарсы болып отырған біраз азамат келесі жылы сол құрылыста жұмыс істеп жүрсе, таңғалмаймын. Қалай болғанда да, қаламызға келгелі тұрған 135 млрд теңге инвестициядан айырып қалу үлкен қателік болар еді», – дейді тарихшы. Ал ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры Ғани Ахметбаев атшабардың әбден ескіргенін, Ұлттық спортқа жанашыр көрермен бәйгені көруге келгенде бір-бірінің көлеңкесіне, панасына тығылып отырып көретінін тілге тиек етіпті. «Әу баста карьердің үстіне салынған атшабар болғандықтан, қазіргі орны 8 метр төменде, желдің өтінен аласа жатыр. Ал самал соқпай, ауа алмаспай тұрған соң ат қиналады. Жасыратыны жоқ, ескі ипподром заман талабына сай қызмет көрсете алмайды» деп ипподромның көшуін қолдапты. Алайда бүгінде бұл мәселеде дау шығарып отырған топ жоғарыда атап өткендей, ипподромның көшуіне қарсы емес. Ең бастысы, үй салынбаса болғаны. Ал қолдаушылар тартылатын инвестицияға көбірек көңіл бөліп, ол жағына аса мән бермей отыр. Біз Шымкент қаласының сәулеті мен келбетіне жанашыр, әрбір қазылған қазыққа үлкен жауапкершілікпен қарайтын сәулетшілердің ойын білген едік. Асқар МАМЫРБАЕВ, Шымкент қалалық сәулетшілер қауымдастығының төрағасы, Қазақстанның құрметті сәулетшісі: – Бұл тақырып қозғалған кезде-ақ қауымдастықтағы сәулетшілер түгел қарсылығымызды білдіргенбіз. Қателеспесем, 2020 жылдың 4 қыркүйегінде. BI Group компаниясы таныстырылым жасады. Ертесіне-ақ Facebook парақшасына сәулетшілер атынан әкімге қарсылығымызды білдіріп, ашық хат жолдадық. Сол кезде бұл жайт қызу талқыға түскен еді. Жуырда қайта қолға алынды. Жалпы, бұл құрылыс бас жоспарға сай емес. Ол аймақ жасыл желекті, адамдардың демалыс орнына белгіленген. Яғни, саябақтар аумағы. Ол жерге тұрғын үй салуға болмайды. Алайда әкімдіктегілер қаланың бас жоспарын ауыстыру үшін қомақты қаржы бөліп, халықаралық конкурс жариялады. Келіп түскен 5-6 жұмыстың біреуі іріктеуден өтті. Комиссия құрамында мен де болдым. Бұл жерде олар қулыққа басты, әлгі ипподром тұрған жерге қызыл түспен екі тұрғын үй кешенін белгілеп қойыпты. Бірден қарсылық білдіріп, комиссиядағы Шымкентте бас сәулетші болған 4 адам наразылық таныттық. Алайда бізден бөлек 15 шақты мүше қолдап, қол қойды. Біздің айтқанымызды ешкім елеген жоқ. Бүгінде осы мәселе төңірегінде әкімдіктің айналасында жиындар өтеді. Бірде-біреуіне сәулетшілер шақырылмайды. Қазір келіспеушілік болып жатыр, қалай немен бітсе де, біз өз пікірімізден айнымаймыз. Біріншіден, бас жоспарды бұзып отыр, ол жерге қоғамдық орындар, үй салуға болмайтынын ескермей отыр. Одан бөлек, қорғалған аумаққа шектен тыс жақындап кетуге болмайтынын, болашақ тұрғындардың өмір сүруіне қолайсыз жағдай туғызып отырғанын ескермейді. Құрылыс талаптары бойынша әрбір тұрғында 12 шаршы метрден жасыл желек болуы тиіс. Ал Шымкентте оның көлемі талаптың 10-нан біріне жетпейді. Осыны біле тұра, демалыс аймағын тарылтып отыр. Одан соң бір көшенің бойында шектен тыс ғимаратты көбейтіп шоғырландыру арқылы көлік коллапсын туғызады. Медициналық тілмен айтқанда, тромб. Жалпы, әкімдік тарапынан мұндай шараларға мамандар шақырылмайтын болды. Өздері бекіте береді. Бақытжан ӘШІРБАЕВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, сәулетші: – Қазір сәулетшілермен кеңесетін адам қалмады ғой. Мысалы, сіз ауырып қалсаңыз, дәрігер алдымен толық талдамаларыңызды алып зерттейді, сосын барып емге кіріседі ғой. Ал бізде Сәулет басқармасын жауып тастап, Жер комитетіне қосып жіберген. Шымкент қаласының әкімдігіне сәулет мамандары қажет емес. Демек, мамандардың пікіріне мұқтаждық жоқ деген сөз. Міне, ең үлкен мәселе де осында. Қазір ипподром жыры өзекті болып тұр. Бұл мәселеде BI Group компаниясы қызметкерлерінің кінәсі жоқ. Оларға дұрыстап түсіндіріп, қаланың тағы басқа қандай жерінен қалашық салуға болатынын ешкім айтпаған деп ойлаймын. Кезінде олармен бірге жұмыс істедім. Мәселелерін шешуге ықпал еттім. Қазір мамандармен ақылдаспайды, зиялы қауым өкілдерін жинап, соларды ұрандатып қояды. Олар бұл саладан не біледі? Жуырда мен компания жігіттерімен сөйлестім. Шымкенттегі үй салуға болатын 2-3 жерді ұсындым. Ешкімге зиянын тигізбейтін, керісінше көпшіліктің алғысын алатын жерлерді көрсеттім. Қуанып, басшылығымен ақылдасуға кетті. Шымкентте 117 мың гектар жердің жартысы бос жатыр. Қалашық салатын, нағыз орталық дейтін аймақтар да көп. Жалпы, әкімшілікте маркетинг жоқ дер едім. Әр келген әкімнің алдында екі кітап болуы керек. Біріншісі –Құран немесе Конституция, екіншісі – қаланың бас жоспары. Қала әкімдері сол бас жоспарды бір қарап шықса, бәрі анық жазылып тұр.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы