Соңғы айларда қоғамдық резонанс тудырып, саяси тақырыпқа өзек болған Солтүстік Қазақстан облысында демография мәселесі жылдан-жылға ушығып барады. Соның көрінісіндей аудандарда ауылдар қаңырап бос қалуда. Бұл үрдісті пандемия сәл саябырсытқаны болмаса, тоқтата алған жоқ. Былтырдың өзінде бұл өңірден кеткендер халықтың 8%-ын, яғни 4 мыңнан астам адамды құраған екен. Осылайша, соңғы екі жылда 10 мың адам көшіп кеткен. Облыста кадр тапшылығы қатты сезіледі. Ал оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы өте баяу жүзеге асуда.
Жұмыссыздық пен кадр тапшылығы
Еліміздің ең бір кедей өңірін тастап көшкен жұрттың қарасы 2019 жылы қалың болыпты. Бұл жылғы көрсеткіш 20%-ға дейін, яғни 6 мың адамға жеткен. Бұл 2018 жылдан (3,5 мың адам) 40%-ға көп. Аудандар бойынша алсақ, көшкендердің көбі – Тайынша ауданынан. Жылына – 900 адам. Одан кейінгі орында – Жамбыл және Мағжан Жұмабаев (650 адамнан) аудандары. Бұл аудандар шекарада орналасқандықтан, кетушілердің 99 пайызы Ресей асқан. Ғабит Мүсірепов ауданы – 500, Шал ақын ауданы – 450 адам. Қалған аудандарда одан аз. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, мұндағы ең бірінші мәселе – жұмыссыздық. Мәселен, мұндағы 548 мың адамның жартысынан астамы (315 мың) ауылдық жерде тұрады. Ал ауылда айлық аз және жұмыс орындары жетіспейді. Жұрттың төлем қабілетінің төмендігі сондай, кетіп бара жатқандардың арасында үйлерін 50 мыңға да сата алмағандар бар. Бұл ауыл тұрғындары еңбек ететін агроөндірістік кешенде жұмыс ұйымдастыра алмаған жергілікті биліктің кінәсі екені аян. Одан бөлек, білікті кадрлары кетіп қалғандықтан көптеген мекемеде кадр тапшылығы қатты сезіледі. Мәселен, ауруханаларда отоларинголог, маммолог, онколог, хирург және рентгенолог сынды мамандық иелері жоқ. Мұндай жоғары білімді, білікті мамандардың ауылға баруға бас тартатынының бір себебі – ауылдық жерлерде істегені үшін берілетін 25 пайыздық өсімақының жоқтығы. Бұл мәселедегі тағы бір фактор – жергілікті өзге ұлт өкілдерінің шетелге қоныс аударуы. Соның ішінде Ресейге көшіп кеткен орыс ұлты өкілдерінің саны басым. Мәселен, Петропавлда тұратын Сергей мен Марина (ерлі-зайыптылар фамилияларын атамауды өтінді) Екатеринбургке қоныс аудармақшы екен. Олардың айтуынша, соңғы 10 жылда таныстары мен достарының барлығы дерлік көшіп кетіпті. Оның бірінші себебі – жалақы мәселесі. Мәселен, Сергейдің өзі – ІТ саласының маманы. Мұндағы өмірінің көп тұстарын Ресеймен салыстырып отырады. Енді сол жаққа барып айлығы жоғары жұмыс табатынына сенімді. Марина да мұғалімдер ол жақта көп алатынын айтады. «Біз Ресейге орыстың жері деп кетіп бара жатқан жоқпыз. Онда жұмыс бар, айлық жоғары. Біз де адам баласымыз. Жаңа машина мініп, баламды жақсы жерде оқытып, лайықты өмір сүргіміз келеді. Жазда теңізге барғымыз келеді. Ал 150 мың айлықпен Бурабайға да баруға ақша жинай алмайсың ғой. Мұнда соңғы жылдары жағдайымыз тым нашарлап кетті. Әйтпесе, туған жерімізді тастап не қыламыз», – дейді Сергей.Урбанизация: оңтүстіктен солтүстікке
Негізі демография мәселесі солтүстік және шығыс облыстардың барлығында да бар. Бірақ Қызылжар өңірінде бұл жылдан жылға асқынып барады. Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі соңғы 10 жылда халық саны қатты азайып бара жатқан жалғыз облыс деуге болады. Егер 2010 жылы мұнда 592 мың адам тұрған болса, былтыр бұл көрсеткіш 548 адамды құраған. Бұл проблеманы шешу мақсатында мемлекет тарапынан 2013 жылы оңтүстіктен солтүстікке ерікті қоныс аудару бағдарламасы қабылданған болатын. Оның негізгі бағыттары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасында да қарастырылған. Оған ел азаматтарынан бөлек, азаматтық алған қандастарымыз да (оралмандар) қатыса алады. Көшуге ниеттілерді ынталандырудың бірнеше бағыты бар. Олар – баспана жалдауға жұмсайтын шығындарды субсидиялау, Республикалық бюджеттен бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бір реттік жәрдемақы, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеу үшін 12 ай бойы ақшалай көмек көрсету және тағы басқалар. Жергілікті атқарушы билік қоныс аударушы әр отбасынан еңбек жасындағы бір азаматты жұмыспен қамтуға міндеттелген. Мамандығы жоқтарына тегін орта кәсіби білім беріледі. Сондай-ақ балалары болса, балабақшаға және мектепке кезексіз қабылданады. Мал және егін шаруашылығы бойынша өз кәсібін ашқысы келетін жандарға қалаған мөлшерде жер телімі Үкімет тарапынан тегін беріледі. Ал бизнес жоспар ұсынған азаматтарға 6 пайыздық төмен мөлшерлемемен несие беріліп, «Бизнес бастау» бойынша тегін курстардан өтуге жолдама алады. Сонымен қатар «Серпін» бағдарламасы бойынша солтүстік өңірлердің жоғары оқу орындарында грантпен оқу мүмкіндігі қарастырылған. Үкіметі қоныс аударушылардың шығу өңірі – Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары болады деп бекітсе, оларды қабылдайтын өңірлер Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстары деп бекітті. Соңғы 10 жылда оңтүстік аймақтардағы халықтың саны жыл сайын 2%-ға көбейіп, халқының тығыздығы бойынша 6,4 шаршы шақырымға 1 адамнан келіп отыр. 2020 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Солтүстік-Шығыс өңірлерге 1 402 отбасы қоныс аударған. Олардың жалпы саны – 4 826 адам. Үкімет 2018-2022 жылдар аралығында 59 мың отбасын солтүстікке көшіруді жоспарлап отыр. Соған орай 2018 жылы – 7 100, 2019 жылы 6 962 адам көшірілді.Теріскейге көштің көлігі аз
2018 жылдың желтоқсан айында бұл мәселені облыс әкімі үш жылда шешемін деп уәде берген болатын. Бірақ ол уәденің орындалмағанын көріп отырмыз. Көшіп барушылардың көбі жұмыс жоғына, берген үйлердің сапасының нашарлығына шағым айтуда. Оған қоса солтүстіктегі көштің қарқыны да өте баяу. Оған бұл мәселенің тек жұмыспен қамту бағдарламасы аясында қарастырылып отырғаны себеп. Сенатор Айгүл Қапбарова қоныс аударушыларға тұрғын үй берудің нақты тетігін пысықтау және «бір терезе» қағидаты бойынша деректердің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу қажеттігін айтады. Ол бюрократиялық кедергісіз жер учаскелерін беру қажеттігін және баспана салуға жеңілдетілген несие беру керегін де атап өтті. «Теріскейге көш «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының бір бөлігі ретінде ғана қарастырылып отыр. Ол қоныстандыру барысында туындайтын міндеттер мен мәселелердің барлық спектрін қамтымайды. «Бастау Бизнес» бағдарламасының бағыты кәсіпкерлікті, әсіресе, қоныс аударушылар өнімді жұмыс істей алатын ауыл шаруашылығы және АӨК саласындағы даму мәселелерін қажетті шамада шешпейді. «Өңіраралық көші-қон процесінде жас отбасыларға елеулі көңіл бөлініп, мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктері жүзеге асырылса, Қазақстан жастарының шетелге көшіп кетуінің қазіргідей өсуі жағдайында бұл пәрменді шара болып саналады», – дейді Айгүл Жарылқасынқызы. Әрине, Ресейдің кейбір саясатшысымақтарының жел сөзінен өре түрегеп, көк байрақ ұстап атпен шауып жүрген қазақстандықтардың бұл ісі жөн де болар. Бірақ солтүстіктің мәселесі челленджбен ғана шешілмейтіні анық. Ендеше, «тұлпар мініп, ту алғандардың» ат басын Қызылжарға бұрып, осы нөпірімен Солтүстік Қазақстан облысына көшіп барғаны абзал. Сонда ғана патриоттық сезімнің парасаты мен пайдасы өз мәнін таппақ. Ал теріскейге көштің бағдарламасы өз алдына бөлек қарастырылып, онда жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау еселеп артса, «көш көлікті болары» сөзсіз!Нұрлан ҚОСАЙ