Зиялы қауым өзекті мәселені талқылады
Зиялы қауым өзекті мәселені талқылады

Түркістанда Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті.

Өңір зиялылары бас қосқан мәжілісте облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Сондай-ақ тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған бағдарламасының орындалуы сөз болды. Жиында ономастика мәселесі мен өңірдің мәдени-тарихи мұралары мен киелі орындары жайлы да қызу талқыға түсті.

Жиынды жазушы, кеңес төрағасы Мархабат Байғұт жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев пен облыстық Мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірханның есептері тыңдалды. 

Жиында елге танымал өнер, мәдениет қайраткерлері мен қаламгерлер руханият саласындағы өзекті түйткілдерді айтты.  Ұсыныстарынжеткізді. 

Қазақстанныңхалықәртісі, профессор, белгілі әнші Қажыбек Бекбосынов қазіргі таңда ән өнерінің мәртебесі түсіп бара жатқанын, шынайы әншілерді таңдау үшін аттестация жүргізу жөніндегі ұсынысын жеткізді. «Қазір биші де әнші, әртіс те әнші болып кетті. Бұрын тоқсан сайын арнайы комиссия біздің өнерімізді, репертуарымызды сүзгіден өткізетін. Ұлттық өнерімізді, музыкамызды сақтап қалу үшін облыста осындай бір істі қолға алу керек», – деді ардагер әнші.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры, журналист, сазгер Бекжігіт Сердәлі әншілердің репертуары жұтаңданып кеткенін, сол үшін көркемдік кеңес қажет екенін мәлімдеді. Сонымен бірге Түркістан қаласындағы шағынаудандар мен аялдамалар атын дұрыс айтып, дұрыс жазу керектігін айтты. «Коммунизм», «Жолдың асты» және басқа да ауызекі ескі атаулардан арылу жөн екеніне тоқталды.

Сөз алған Республикалық «Айқын» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Тельман Бейсенов өңірде көптеген тарихи-мәдени мұралар мен ескерткіштер және киелі орындардың арнайы мемлекеттік қорғаутізіміне енгізілмегендіктенолардың жойылып кету қаупі бар екенін жеткізді. Ол үшін аталған тарихи жәдегерлерді жеделдетіп тізімге алуға ықпал жасайтындай партия жанынан қоғамдық кеңес немесе комиссия құрылса және оған барлық құзырлы органдар мен тарихшылар, ғалымдар, жергілікті өлкетанушылар және билік өкілдері тартылса деген ұсынысын айтты.

«Алдағы жылдары Түркістанды түлету жоспары межесіне жеткен соң, қасиетті қаламызды тамашалауға алыс-жақын елдерден туристерді көптеп тарту үшін туризм саласын барынша дамыту көзделіп отыр. Болашақта 5 млн төңірегінде туристер келеді деп те жоспарланғанын білеміз. Сол себепті, келген қонақтарға тек Ясауи бабамыздың кесенесін тамашалатып қана қоймай, өңіріміздің басқа да тарихи орындарын аралауға мүмкіндік жасауымыз керек. Алайда бүгінде көп тарихи орындар тізімге енізілмегендіктен қирап жатыр. Басқасын айтпағанда, мына қарт Қаратаудың қойнауында тұнып тұрған тарих жатыр. Мәселен, таудың Түркістанға жақын тұсындағы биік жоталарында ел аузындағы тарихы сан ғасырларды құрайтын «Мықтардың үйі» деген тастан тұрғызылған төбелер болатын. Соларды өткен ғасырдағы 90 жылдың ортасында жұрт қиратып, тасын ауыр жүк көліктеріне тиеп алып, қалаға апарып сатып жіберген. Қаланың тұрғындары салып жатқан үйлерінің іргетасын содан қалаған. Сондай-ақ, сол маңда аңыз бойынша жаугершілік заманда халықты қынадай қырған жаудан ұрпақ сабақтастығын сақтап қалу үшін таудың биік жерінен тастан қамал тұрғызып, барлық жас сәбилерді сонда апарып, жауға бермеген «Балақорған» деген қамал бар. Тап соның қабатында қазақтың ару қыздарын жау қолына бермес үшін тұрғызылған «Қызқорған» қорғаны да тұр. Бүгінде сол қорғандардың биік қамалына қаланған ерекше (жай тас емес, қызғыш түсті тастар) тастары да мемлекеттік қорғауға алынбағандықтан қирандыға айналып, кім-көрінгеннің қолында кетіп жатыр. Ескерткіштер қорғалуы керек» – деді ол. 

Сондай-ақ, Тельман Әбдібекұлы сырт елдерден келген туристер қазақ елін танып-білуі үшін Қазақстанның, облыс тарихынан, киелі әрі туристік орындарынан, қазақтың болмысы мен салт-дәстүрінен, тұлғалары туралы тарихи сыр шертетін танымдық сайт ашу және оны үш тілде жариялап тұру жөніндегі ойын айтты. Осы арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының насихаты артатынын жеткізді.

Жазушы, «Алаш» халықаралық сыйлығының иегері Мархабат Байғұт ономастика саласындағы түйткілдерді тарқатты. Көшеге адамдардың атын беруден гөрі тарихи атауларды пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ, еліміздің арқалы ақыны, ел ағасы Қасымхан Бегманов  ұрпақ санасына салт-дәстүрді сіңіру бағытындағы жұмыстар күшейсе, ұлттық этнографияға ден қою керек деген ұсынысын жеткізсе, ақын Айдар Сейдәзім өңірде қаламгерлер мен тарихшылардың, өлкетанушылардың кітабын шығару ісі саябырсып қалғанын мәселе етіп көтерді.

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев  партия жанына құрылған «Мирас»  қоғамдық кеңесі қайта жасақталып, шынайы отаншыл азаматтар қатарға қосылғанын атап өтті. Кеңес мүшелерін руханият саласындағы мәселелерді ашық айтуға, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Сонымен бірге ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жандандыру үшін 2020 жылға арнайы жоспар жасалуы тиіс екенін тілге тиек етті.

«Келесі жылы әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде атап өтіледі. Түркістан облысы қос тұлғаны ұлықтауда мазмұнды бастамаларымен өзгелерге үлгі болуы керек. Nur Otan партиясы да руханиятты қолдауды негізгі міндеттерінің бірегейі деп есептейді. Бұл бағытта ұсыныстар мен тілектер ескеріліп, жұмыс жүргізіледі», – деді Б.Дәулетұлы.

Жиын барысында партияның облыстық филилалы орын тепкен ғимараттан «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелеріне емін-еркін бас қосып, жұмыс жасау үшін арнайы бөлме берілді.