Министрлердің жас ерекшелігіне байланысты зерттеу жүргізген Ranking.kz егде жастағы үкімет мүшелері негізінен Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кіретін мемлекеттерде кездеседі деген байлам жасапты. Қазақстанда да қарт министр көп. Еліміздегі министрлердің орташа жасы – 48.
Зерттеу нәтижесіне үңілсек, қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі министрлердің орташа жасы 49 жас 2 ай болған. Оның ішінде ең жасы Арменияның министрлері екен. Олардың орташа жасы – 45,3. Ал ең жасамысы – Ресейдің министрлері. Көршілердегі орташа көрсеткіш – 52,2 жас. Қазақстан жас мөлшері жөнінен рейтингтің ортасына орнығып отыр. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің арасында ең қарт министр Ресейде жұмыс істейді. Ол – 70-тен асқан Сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Ал ең жас министр – Арменияның Әділет министрі, 30 жастағы Рустам Бадасян. Қазақстанда министрлерді Президент тағайындайды және қызметтен босатады. Қазір елімізде 18 министрлік бар. Жасы жағынан ең үлкен министрлер – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев (58 жаста) пен Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев (58 жаста). Ең жас сала басшылары – Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев (33 жаста), Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин (37 жаста) және Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов (38 жаста). Шыны керек, білдей бір саланың тұтқасын ұстайтын лауазымның жүгі ауыр, жауапкершілігі одан да ауыр. Саясаткер Нұртай Сабильяновтың пікірінше, министрлердің жас ерекшелігі Үкіметтің жұмыс тиімділігіне әсер ете қоймайды. – Мәселе – жасында емес. Мәселе – министрдің білімінде, тәжірибесінде және халықты қолдауында, мемлекет мүддесін жоғары қоя білуінде. Егер осы бағытты ұстанса, зейнетке дейін жұмыс істеуге оның мүмкіндігі бар. Шенеунік елге адал қызмет етуді мақсат тұтуы тиіс. Ал бізде, керісінше көбі мемлекеттік қызметтен, мемлекеттік сатып алудан өзінің бас пайдасын көздейді. Таза жұмыс істесе, оның жұмыс тиімділігі жоғары болады. Биліктегі жастар да жемқорлықпен ұсталып жатыр ғой. Арасында «Болашақпен» оқып келгендер бар, мысалы. Олардың да әртүрлі жағдаймен аты шықты. Соны болдырмау үшін ең бірінші жүйені дұрыстауымыз керек. Мемлекетке қызмет ететін жүйе қалыптасса, жас-кәрі деген сөз айтылмайды. 63 жас – зейнетке шығатын жас. 50-55 деген – нағыз ердің жасы. Бәрі адамның өзіне байланысты. Денсаулығы мықты, жұмысқа қабілетті қарт шенеунік жастарды жолда қалдыруы мүмкін. Ал жастардың ынтасы болмаса, өзін көрсетпесе, «мен министрмін, жетістігім осы» деп отыра берсе (ондайлар болды бізде), оның жастығынан не пайда? Әрине, жастардың жаңашылдығын мен толық құптаймын, жастарға жол беру керек, жастарды қолдау керек, жастарды тәрбиелеу керек. Бірақ аға-көкесінің көмегімен жылы орынға жайғасқан жастан не қайыр күтесің? Өз талабымен көтерілген жігіт болса, ол – бөлек әңгіме. Мен 16 жыл депутат болдым, көбімен қызметтес болдым. Көз алдымда қаншама министр, қаншама премьер-министр, қаншама әкім ауысты. Жасқа тірелген дәнеңе жоқ, – дейді экс-депутат. Сонымен, салыстырмалы түрде егде жастағы Қазақстан Үкіметінің қауқары қандай? Жасағаны қанша, жасайтыны қанша? Оны сырттай бағалау үшін арнайы рейтингке көз жүгіртеміз. Еліміз Үкімет жұмысының тиімділігі бойынша 209 мемлекеттің арасында 89-орында тұр екен. Үкіметі біздікінен «үлкен» Ресей 88-орыннан көрінген. Индексте мемлекеттік қызметтердің сапасы, ішкі мемлекеттік саясатты әзірлеу мен жүзеге асырудың сапасы, үкімет жүргізіп отырған ішкі саясатқа халық сенімінің деңгейі, мемлекеттік аппараттың жұмыс сапасы мен мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс сапасы, олардың саяси қысымнан тәуелсіздік дәрежесі және тағы басқа бірқатар факторлар ескерілген. Бұл рейтингте Сингапур, Швейцария және Дания көш бастайды. Үздік ондыққа Финляндия, Андорра, Норвегия, Швеция, Нидерланд, Гонконг кіріпті.