Наркосайттар тізгін бермей тұр
Наркосайттар тізгін бермей тұр
188
оқылды

Былтыр шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті ел та­рихындағы ең үлкен есірткі зертханасын тапқан болатын. Ұсталған екі адамнан құны 1,5 млрд теңге тұратын 55 келі мефедрон препараты мен басқа да синтетикалық есірткілер тәркіленді. Олар өз «кәсібінің» табысты болғанын айтыпты. Шынында да, есірткі саудасы елімізде кең етек жайып үл­герген. Соған сәйкес тұтынушылары да көп секілді.

Жуырда Алматы қаласында есірткі сатумен айналысқан 247 наркосайт бұғатталды. Бір қа­ланың өзінде жыл басында анықталған сайт саны осынша болғанда, ел аумағында қаншасы бар екені беймәлім. Нар­ко­сайттарға қатысты тағы бір қылмыс Атырау қаласында тіркелді. Мұнда қабырғаларға есірткі сататын сайттардың сілтемесін жазып кетіп жүрген азамат ұсталды. Мұндай нұсқау беретін қабырғадағы жазуларды кез келген қаладан кездестіріп жатамыз. Жыл сайын есірткі сататын мыңнан астам сайт анық­талып, жабылып отырады. Мысалы, 2019 жылы 1 200-ден астам сайт жабылды. Бірақ «саудагерлердің» айласына тізгін жүрмейді. Мәселен, құқық қорғаушылар zig24.com деген сайтты жапса, көп өтпей zig21.ru немесе zig04.kz сияқты сайттар шыға келетінін айтады. Осы үрдіс тоқтаусыз жалғасып оты­рады. Ал 2020 жылдың қаңтар-қараша айлары ара­лы­ғында есірткіге қатысты 1 950 қылмыс тіркелген. 2019 жылы жер жүзінде есір­т­кіге құмар адамдардың саны 200 миллионнан асқан екен. Ал елде бұл көрсеткіш 20 мыңға жуық. Осындай тұрақты тұты­нушылары бар есірткі бизнесі әлемдегі ең табысты «кәсіптің» біріне ай­налып отыр. Есірткіге қатысты тағы бір алаңдатарлық статистика, елде 14-21 жас ара­сындағы жас­тардың 68 пайызы өмірінде бір рет болсын, синтетикалық есірт­кіні тұтынып көрген екен. Елімізде Telegram желісі нар­комаркетингтің ошағына айнал­ған. Осында анонимді мес­сенджер арқылы есірткіні қалаған адам сатып ала алады. Ол үшін арнайы арналар да жетерлік. Тіпті, жұ­мыссыз жастарға есірткіні жеткізу қызметін ұсынатындар да көп. Мысалы, аталған желіге кіріп, іздеу бөліміне «закладка» немесе «курьер» деп жаза қа­лсаңыз, айына 1 000 АҚШ дол­ларын төлейтін ескірткі жеткізу қызметін ұсынғандарды көресіз. Былтыр осындай 850 Тelegram-бот та­былған. Ал адам есірткіге қалай қол жеткізеді? Әуелі төлем әдісіне тоқталсақ. Есірткі саудасы көбіне QIWI төлем жүйесі арқылы іске асады. Себебі ТМД елдерінде осы жүйемен жасалған әр төлем мүлде тексерілмейді. Соның кесірінен наркомаркетинг еркін жүріп жатыр. Мәселен, 2020 жылы QIWI-мен күн сайын 70 млн теңгеге есірткі саудаланып оты­ратыны анықталған екен. Был­тырғы дерекке көз жүгіртсек, Қазақстанда 20 мыңнан астам QIWI құрылғысы бар. Бұл сан қазір әлдеқайда өскен болуы мүмкін. Ақша төленді, содан кейін жоғарыда айтқанымыздай, жет­кізу қызметі есірткіні қала ше­тіндегі оңаша жерге жасырып, сатып алушыға мекенжайды жі­береді. Яғни, тұтынушы сатқан адамның түрін мүлде көрмейді. Қазіргі кезде есірткі саудасындағы қалыпты сценарий осы. Ал жөні басқа түнгі ойын-сауық клуб­тарын да есірткі саудасы жүретін жердің қатарына қоссаңыз, нарко өнім­дерге қол жеткізудің аса қиын емес екеніне көз жет­кізесіз. Наркосайттарды құрықтау демекші, көп жерде Ішкі істер министрлігі мен өңірдегі депар­таментте отырған ха­керлердің осал екені айтылып жатады. Мұны құқық қорғау­шылардың өзі талай мәрте мойындаған. Былтыр Үкі­мет басшысы Асқар Мамин құқық қорғау саласында білікті, ға­ламтордың көлеңкелі тұстарын бағдарлай алатын IT мамандар жетіспей жатқанын айтып, бұл бағытқа жастарды жұмылдыру жайлы сөз қозғады. Ал құқық қор­ғау саласындағы IT мамандарға көңіл тола ма? – Қазақстан бойынша мықты деген криминалист-хакер екі адам ғана бар. Ал жаңағы нарко­сайттарды түбегейлі жойып, ал­дын алып отыру үшін әр облысқа кемі 5-10 хакерден керек. Бүкіл елде 2 адам ғана болғанда, 60-70 криминалист-хакерді қайдан та­басыз? Ішкі істер министрлігі мен өңірлердегі департаменттерде қазір отырған «хакерлер» өте әлсіз. Оны жасыра алмаймыз. Жалғыз шешім бар. Универ­ситеттерде ақпараттық қауіпсіздік саласын жөндеп оқытып, құқық қорғау саласына қарай бағыттау қажет. Бірақ ақпараттық қауіп­сіздік саласын жақсы оқытатын жоғарғы оқу орындары санаулы-ақ. Назарбаев уни­верситеті, ҚБТУ, IT универ­ситеті мен Қ. Сәт­­баев атындағы Қазақ ұлттық тех­никалық уни­вер­ситетінен бас­қасын айта ал­май­мын, – дейді IT маман Қозыке Сатыбалды.

Мадияр ТӨЛЕУ