Жыл артынан жыл, ай артынан ай өтcе де, жақсы адамның аты да, жұрты үшін істеген ісі де ел жадында ұмытылмай, мәңгілікке сақталады. Сондай жандардың қатарына ізгілік пен қарапайымдылық, ірілік пен парасаттылық сияқты адами қасиеттерді бойына барынша сіңіріп, өнегелі өмірі, елеулі еңбегімен жерлестерінің есінде жатталып қалған Абыхан Жексенбековті ойланбастан қосуымызға болады. Ол өзі тірлік кешкен аймақта ең алғаш қазақ мектебін ашып қана қоймай, таулы өңірдегі Түрген ауылының қайта түлеуіне елеулі үлес қосқан жан. Бүгінде ауылдағы қазақ орта мектебі Абыхан Жексенбеков атымен аталады.
Ел-жұрты Абыхан Аманбайұлы дегенде ең алдымен оның артына қалдырған игілікті істерін, азаматтығын еске түсіреді. Түргендік тұлғаның артына қалдырған ізгілікті іздері Кеңес өкіметінің тұсында да, еліміз егемендігін алған жылдардан бергі кезеңдерде де жерлестерінің жадында дәл бүгінгідей сайрап жатыр. Өйткені ол бар ғұмырын өзі қызмет еткен Еңбекшіқазақ ауданы мен туып-өскен ауылы – Түргеннің экономикасын көтеруге, ондағы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, елді мекендерде білім мен мәдениетті дамытуға бағыттады. Абыхан ағамен алғашқы таныстығымыз өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта тұсында болған еді. Еліміз өтпелі кезеңнің ауыртпалығынан енді ес жия бастаған тұста басқаларға қарағанда елеусіздеу болып келген шұрайлы да, шырайлы өңірде өзгелерге үлгі болып, ұлттық санаға қозғау салатын қадамдар жасалып жатқанын, оларға ауыл басшысы бастамашы болып жүргенін жиі еститінбіз. Ауылға кіреберістен күтіп алған ел ағасымен бірге өткізген бір күнде өмірлік сабақ алғандай күй кештім. Бір көргенде сұсты көрінетін тұлғасы таудай ағаның жүрегі соншалықты жұмсақ, көңілі сондай кең екен. Әңгімесі де керемет. Соғыс жылдарына тап келген балалықтың қызығы мен шыжығы. Ананың аялы алақаны мен ағайынның қамқорлығы. Елге елеулі азамат атанғанғанға дейінгі сынаққа толы асулар. Өтпелі кезеңдегі өкінішті тұстар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы азды-көпті қиындықтар мен алғашқы жетістіктер. Барлығы айтылды. Бір байқағаным, қырық рулы елден құралған сияқты көптеген ұлттың өкілі тұратын Түргендегі «мен» деген азаматтардың барлығы Абыхан ағаның алдын кесіп өтпейтіні. Осының өзінен-ақ көп нәрсені көңілге түйдік. ... Қалың бұқара қай кезде болмасын, жұртты ортақ іске жұмылдыра білген, ел басқарған тұлғаларын ұмытпайды. Уақыт өте келе, ел өздерінің бүкіл ғұмырын туған жері мен елінің ертеңіне арнаған танымал тұлғаларын ардақтап, оларға ауылдар мен мектептер, көше аттарын беретінін бүгінде көріп те, естіп те жүрміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жерлестерінің көшін бастап жүрген Абыхан Аманбайұлы ақсақалдар мен ауыл белсенділерін әкімдікке шақырып, көптен бері толғандырып жүрген ойын ортаға салады. Ол – осы ауылдағы Ильич атындағы орта мектептің атын өзгертіп, оны қазақтың қадірлісі Дінмұхамед Қонаевтың есімімен атау туралы еді. Ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, көп кешікпей ардақты ақсақалдың келісімін алу үшін Алматыға арнайы делегация жіберіледі. Дінмұхамед Ахметұлының келісімін алып, ауыл адамдары үлкен қуанышпен оралады. Абыхан Аманбайұлының ауыл әкімі ретінде қызметке кірісуі тәуелсіздік алған жылдармен тұспа-тұс келгенін жоғарыда айттық. Табиғаты тамаша Түрген ауылында 1994 жылға дейін қазақ мектебі болмаған еді. Қазақ балалары жақын елді мекендердегі мектептерге қатынап немесе туған-туыстарының үйлерінде жатып оқып жүрді. Осынау кереғар жағдай тау тұлғалы азаматқа маза бермеді. Әкім болып тағайындала салысымен қазақ мектебін ашуды қолға алды. Оны өзінің басты міндетінің бірі деп санады. Қажетті құжаттар жинастырылып, дайындалып, мәселе аудандық, облыстық деңгейдегі жиындарда осы бірнеше рет көтерілді. Жасырары жоқ, қарсы шыққандар да болды. Білім саласы басшыларының табалдырығын тоздырып жүріп ауылға қазақ мектебін ашу қажет екенін дәлелдеді. Ақыры алдына қойған мақсатына да жетті. Сөйтіп, 1994 жылдың 1 қыркүйегінде Түрген қазақ орта мектебінің ашылғанын паш еткен тұңғыш қоңырау үні естілді. Білім ордасы сол кезде бос тұрған балабақшаның ғимаратына орналасқан еді. Бос қалған бұрынғы балабақшаны мектеп ғимаратына лайықтап жабдықтау оңай соқпады. Күрделі жөндеуден өткізу керек. Осынау қым-қуыт шаруалардың ұйымдастырушысы болып, басы-қасында тағы өзі жүрді. Ескі ғимарат оқушыларға тарлық ете бастағандықтан, кейін мектеп бос тұрған кәсіптік-техникалық училищенің ғимаратына көшірілді. Алғашқы оқу жылын 50 оқушымен бастаған Түрген қазақ орта мектебі бүгінде 600-ден астам шәкірт білім алатын іргелі оқу орнына айналып отыр. Абыхан Аманбайұлының білім саласын дамытуға қосқан үлесі ескерусіз қалмады. Ол сол кездегі Оқу министрлігінің «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ кезінде «Құрмет Белгісі» орденімен, көптеген медальдармен наградталған еді. Айта кетерлігі, ауылдастары өзі өмірден өтсе де өнегелі істерімен жұрт есінде қалған азаматтың есімін ол ашқан мектепке беру туралы ұсыныс жасап жүріп, ақыры 2015 жылдан бері Түрген орта мектебі Абыхан Жексенбековтің есімімен аталатын болды. Қазіргі кезде мектепте 58 ұстаз сабақ береді. Ұстаздардың барлығы жоғары білімді. Олардың 9-ы жоғары, 23-і бірінші санатта. Білім ошағы алғаш ашылғанда жас мұғалім ретінде қабылданған 2 мұғалім «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды. Жыл сайын 1 ақпан күні Еңбекшіқазақ ауданындағы бұрынғы Түрген қазақ орта мектебінде ел қадірлеген ардақты азамат Абыхан Жексембековті еске алуға арналған жиын өтеді. Жиын соңы әдеттегідей түрлі тақырыптағы тәрбие сағаттарына ұласады. Одан кейін аудан көлеміндегі мектеп оқушылары арасында спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай және заттай сыйлықтар табыс етіледі. Көпшілікке үлгі-өнеге болатын осынау мәдени-спорттық шараны өткізу білім ошағында жылдағы дәстүрге айналған. Мектепте өтетін барлық іс-шараларға, сондай-ақ спорт жарыстарына Абыхан Аманбайұлының ұрпақтары демеушілік етеді. Кезінде Абыхан Аманбайұлы оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру мақсатында озат оқушыларға шәкіртақы тағайындау үрдісін жолға қойып кеткен еді. Әкеден қалған бұл үлгілі үрдісті балалары үзбей келеді. Мектеп ұжымы мен оқушылар да ардақты азамат атына дақ түсірмеу жолында қажырлы еңбектері мен бар күш-жігерін аямауда. Ұстаздардың еселі еңбегінің нәтижесінде оқушылар аудан, облыс көлемінде өтетін түрлі байқауларға қатысып, Абыхан Жексембеков атындағы мектеп атын шығаруда. Пән олимпиадалары мен дарынды балаларға арналған кіші ғылым академияларында, түрлі өнер байқауларында да жүлдесіз қалған емес. «Өз ұлтын, өз перзентін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!», – деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, кешегі өткен ел ағаларының есімдерін жаңғырту – міндет. Туған жерге еңбек сіңірген, дарын-даралығымен ел мақтанышына айналған азаматтарды ардақтау, бағалау – парыз.Болат АБАҒАН, Алматы облысы