Латын графикасына сүйенген төл жазуымызды жасап шығару мәселесі талай жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы осы бағытта тапсырма беріп, арнаулы жұмыс тобы құрылды. Соңғы жылдары бұл мәселе нақты жолға түсіп, 2018 жылғы 19 ақпанда Елбасының №637 Жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бекітілді. Қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліппесін әзірлеуге қоғам белсене араласқаны да есте. Бірнеше нұсқа жасалды, талай талқылаулар өтті. Тіпті, алғашқы нұсқаларды пайдаланғандар да болды. Ал биыл 28 қаңтар күні Үкімет басшысы Асқар Мамин арнайы комиссия отырысында латын қарпіндегі қазақ тілінің жаңа әліпби нұсқасын таныстырды.
Әліпби жобасының алғашқы нұсқалары жарияланған сәттен бері осынау іске түрлі сала мамандары қатысып келеді. Олардың қатарында ІТ мамандары да, ғалымдар да, әлеуметтік желі қолданушылары да болды. Дегенмен қоғамдық талқылауларға негіз болған жобалар баршаның көңілінен шықты деуге тағы болмайды. Ал осы жолы Үкімет басшысы өткізген жиында 31 әріптен тұратын әліпбидің жетілдірілген жаңа нұсқасы тағы ұсынылды. Біз де әліпбидің соңғы нұсқасына байланысты кәсіби тіл мамандарының пікірін сұраған едік. Анар ФАЗЫЛЖАН, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры: – Жаңа әліпбиге көшу өткен ғасырдың 90-жылдары тұңғыш рет қоғам талқысына ұсынылды. Оның бастамашысы академик Әбдуәли Қайдар еді. Сол кезден бері мәселе қоғам талқысында. Ендігі кезекте жетілдірілген әліпби жобасы Үкімет жанындағы Қазақ тілін кириллицадан латын графикалы әліпбиге көшіру жөніндегі ұлттық комиссия қарауына тапсырылады. Бұл жаңа әліпбиді бекіту кезеңі жақын екенін көрсетеді. Қоғам бұған әбден дайын, әсіресе жастар арасында цифрлы техника арқылы қарым-қатынаста латын әліпбиі әлдеқашан кеңінен қолданылып жүр. Біздің болжамымызша, қоғам жаңа әліпбимен жазуды жылдам игеріп кетеді. Жетілдірілген жаңа әліпби жобасында 31 таңба бар, диакритика саны: 4: умлаут ( ̈ ), макрон ( ¯ ), седиль ( ̧ ), бревис ( ̌ ); диакритикамен берілген әріп саны: 6 (ä, ö, ü, ğ, ū, ş); «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес, диграфтар жоқ; ұлттық тілдің 28 дыбысын толық қамтиды; шеттілдік сөздегі дыбыс таңбасына Vv (в), Ff (ф), Hһ (х) әріптері алынды. Біріншіден, дыбыстардың әртүрлі қасиетіне жеке диакритика алынды. Бұл оқылымды жеңілдетеді, тілдің дыбыс қорының әліпбиі жүйесіндегі көрінісін бедерлейді. Екіншіден, халықаралық тәжірибе ескерілді. Үшіншіден, кирилдегі У әрпінің орнына еріндік дыбысқа жүретін U таңбасы, ал И, Й орнына і таңбасы алынды. Бұл У мен И дыбысы бар сөздердің мәтін ішінде бірден танылуына ыңғайлы: uran, vakum; uaqyt, juu; іne, jіyn, kögoraі, aіdar; іnstіtut, titul. Шеттілдік сөздерді халықаралық жазу кеңістігіндегі тұрқына ұқсас таңбалайды: universitet, respublika, turizm. Бұл әлемдік білім кеңістігімен интеграция үшін қолайлы. Төртіншіден, мектеп оқушылары мен шеттілдіктердің әріп тануына, тіліміздің дыбыстық жүйесін жылдам әрі тез үйретуге ыңғайлы. Бесіншіден, жазба коммуникацияны жеңілдетеді. Диакритикамен берілген әріптердің барлығының жалпы жиілігі өте төмен, яғни олар көп болмайды. Жиілігі жоғары ш дыбысына диакритикасы әріп астынан түсетін, қолды жолдан үзбей жазуға болатын /ş/ әрпі алынды: Şämşı, şеşım. Қолжазуға ыңғайлы, көзшалымға қолайлы. Бүгінде тілтанушы ғылыми қауымдастықтың көпшілігі, қалың жазарман мен оқырманның басым бөлігі осы жобаға тоқталып отыр. Латын әліпбиі біз үшін жат әліпби емес. Кирилл әліпбиі енгізілгенге дейін, 1920-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі жазу таңбамыз ретінде қолданыста болды. Ол кезде де әліпби, емле және оны реформалауға байланысты қазақ оқымыстыларының арасында пікірталас жүрді. Зиялылар латыншылдар және арабшылдар немесе қазақшылдар деген екі топқа бөлінген болатын. Гүлфар МАМЫРБЕК, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл- Қазына» ұлттық ғылыми- практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері: – Әліпби жайы 3 жылдан бері талқыланды, 3 нұсқа алмасты. Алғашында әліпбидің акутты нұсқасы Тұңғыш Президенттің Жарлығымен ресми түрде бекітілді. Бұйрық шыққаннан кейін, әрине жоғарыдағы Үкіметтің тапсырмасы бойынша әліпбиді қоғамға насихаттау, түсіндіру, таныстыру жұмыстары жүрді, бекітілген әліпбидің жазудағы қиындықтары бар ма, артықшылықтары қандай, жалпы қазақ әліпбиінің принциптеріне сай ма, жоқ па, осы бағытта дәрістер өтті. Сол кезде бекітілген әліпбидің қазақ жазуын таңбалаудағы бірқатар кемшіліктер айқындалды және «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығына ресми түрде ұсыныстар келіп түсе бастады. Мына таңба неге бұлай, мына таңба мынаған жарамайды деген сияқты. Тексеріп, орфографикалық топпен 11 жиын өткіздік. Кемшіліктер таптық. Акутты әліпби бекітілгеннен кейін көзі ашық, әліпбимен танысқан қоғам белсенділері болсын, дәріске қатыспаған басқа да сырт көз тарапынан болсын қателіктер сараланды, әлеуметтік желілерде жүрді. Ашығын айту керек, акутты әліпби – тілші ғалымдардың араласуынсыз жасалған әліпби. Сондықтан оның кемшіліктері өте көп. Осыны түсінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы қазанда әліпбидегі кемшіліктерді жөндеуді тапсырды. Тапсырма қалай берілді, солай жекелеген адамдар тарапынан әліпби ұсыну қарқын алды. Қоғам бекітілген әліпбиді жетілдіру жұмысы емес, өздерінің әліпбилерін ұсынумен айналысып кетті. Латын графикасына көшуге байланысты арнайы төрт топ құрылды. Ал бекітілген әліпбиді жөндеу, түзету жұмыстарын осы төрт топтың ішінде тек орфографиялық жұмыс тобы ғана жүзеге асырды. Бір жыл бойы орфографиялық жұмыс тобы қалған үш топтың мамандарымен ақылдасып, халықаралық семинар ұйымдастырып, жан-жақты зерделеп, бекітілген әліпбиді жетілдірді. Қорыта айтсам, соңғы нұсқаны түзетудің қажеті жоқ. Бір дыбыс, бір таңба принципіне сәйкес келеді. Талас-тартыс, сын мәңгі бітпейді. Ахмет Байтұрсынұлы кезінде де бітпеген дау – бұл. Менің ойымша, әрі қарай қараудың қажеті жоқ. Онсыз да кирилл санадағы халық пен латын санадағы ұрпақтың арасында келеміз. Ерден ҚАЖЫБЕК, филология ғылымдарының докторы: – Шынында, өте маңызды мәселе. Себебі тіл, әліпби, емле мәселелері әр адамға қатысты. Халықтық тілдің төл заңдылықтарына бағынбасақ, дұрыс нәтиже шықпайды. Біз қазір соған көз жеткізіп отырмыз. Негізі, біз, тілші ғалымдар 30 жылдан астам уақыт бойы ұсынып жүрген әліпби бар. 3 жарым жыл бұрын Тіл білімі институтында директор болғанда, сол әліпби институттың пікірі болған. Менен бұрынғы директордың кезінде де осы нұсқаны бәрі қолдаған. Тіпті, 1990 жылдардан бері қарай Әбдуәли Қайдардың кезінен ғалымдар осы нұсқаны дұрыс санап келді. Бұл – түсінікті жайт. Себебі 28 дыбысты таңбалау үшін көп әліпби нұсқасын жасау мүмкін емес. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиінде 24-ақ әріп болған. Жалпы, дүниежүзінде ұлттық тіл әліпбиде дұрыс көрініс табуы үшін дыбыстардың барлығын әріппен таңбалау міндетті емес. Тек 70 пайызын қамтыса жеткілікті. Мысалы, неміс тілі әліпбиінде 26 таңбамен 42 дыбысты беріп отыр. Сондықтан бізге 20-28 таңба жеткілікті. Айтайын дегенім – көп нұсқа ұсына беру ғалымдардың тірлігі емес. Латын графикасында әр таңбаның өз орны, мазмұны бар. Соған сәйкес орнына қойса, бір нұсқа шығар еді. Бірінші әліпби жобасын Парламентке ұсынған кезде ол нұсқа 90 пайыз нашар болды деуге болады. Мүлде біздің айтқанымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүние. Екінші әліпби аздап тәуірлеу болды, дегенмен бәрібір қатесі көп. Оған ғалымдардың қатысы жоқ, қайдан шыққаны беймәлім. Осыны қолдайсыздар, осыны мақұлдайсыздар деді. Одан кейін тағы нұсқалар ұсынылды. Ал осы жолы, жаңадан ұсынылған әліпби 95 пайыз біз айтып жүрген нұсқаға ұқсайды. Тек 3-4 төл дыбыстарымызды і, ы, дауыссыз у дыбысын таңбалауды қайта жөндесек. Бұл өте маңызды. Оларды дұрыстамасақ, сөздерді таңбалағанда көптеген қиындық туындайды. Ғалым Әлімхан Жүнісбек бәрін нақтылап, көрсетіп жатыр. Жіктегенде, тасымалдағанда, буынға бөлгенде шатасу бар. Мұның бәрі орыс әліпбиін пайдаланғанда қолданған принциптерді қайтадан ала салайық, себебі оған ел үйренген, дағдыланған деген пікірден туындады. Біз бүгінге дейін қазақ тілінің заңдылығын өрескел бұзып, орыс тілінің ығына жығылып келдік. Жат айтылымдар, бөтен сөздер тілімізде өріп жүр. Ең қиыны – жұрт тілін бұзып, сындырып қате сөйлеуге үйренді. Орысша таза сөйлеген адам сауатты да, қазақ тілінің заңдылығымен сөйлеген адам сауатсыз, оқымаған, қараңғы адам есептелді. Ойлау жүйеміздің қаншалықты өзгергенін осыдан бағамдай беріңіз. Осы жөнінде өз пікірімді жиі айтамын, басылым беттерінде, әлеуметтік желілерде де жарияланып жатыр. Түсіндіріп айтқандай бол дық, бірақ әттеген-ай әлі де бар.Мадияр ТӨЛЕУ