Хакерге жем болмаңыз
Хакерге жем болмаңыз
165
оқылды

Соңғы жылдардағы ірі ұр­лық­тардың бірі Binance крип­товалюта биржасында болды. Хакерлер 7 мың биткойн ұрлап, компанияға 41 млн доллар шы­ғын келтірген. Бұл халы­қара­лық ірі ойыншылардың да кибер шабуылдардан жеткілікті дә­режеде қорғалмағанын көр­сетті. Ал Қазақстан бұл салада үлкен жетістіктерімен мақтана алмайтыны ақиқат. Яғни, мем­лекеттік мекемелер мен отан­дық банктерде сақталатын ақ­парат кез келген уақытта қол­ды болуы мүмкін. Біздің қор­ғаныс қабілетіміз қандай?

Жалпы Қазақстанда жаңа техно­логияның игіліктерін қолдануға сұраныс аса жоғары. Қабыл­данған жобалар аясында қолма-қол емес төлемдерден бастап мемлекет­тік қызметтерді онлайн алу мүмкін­діктеріне дейін қолжетімді. Мысалы, бүгінде 723 қызметтің 580 түрін он­лайн алуға болады. «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекеттік кор­по­рациясының» іске қосқан жо­балары тұрғындардың уақытын үнемдеуге әсер еткені сөзсіз.

Алайда білмейтін жердің ой-шұқыры көп екені белгілі. «Кибер­шабуылдарды талдау және тергеу орталығының» президенті Олжас Сатиев ай сайын түрлі деректердің жоғалып тұруы қалыпты жағдайға айналғанын айтады:

«Мысалы, бірнеше жыл бұрын Қорғаныс министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің, елорда әуежайының сайттары бұзылды. Ондай оқиға көп. Себебі хакерлер арасында «бұзылмайтын жүйе болмайды» деген ұғым бар. Іс жү­зінде хакерлер Пентагонды да бұзып кіре алады», – деді ол.

Маманның сөзіне сенуге болады. Тарихта АҚШ Қорғаныс ми­нистрлігінің, НАСА-ның, халық­ара­лық аударым жүйелерін бұзып кірген адамдар болған. Қазір де халықаралық БАҚ беттерінде түрлі елдерге жасалған кибершабуыл туралы жаңалықтар жиі көрініп жүр.

Цифрландырудың қарқынды жүруі нәтижесінде халық элек­тронды коммерцияны белсенді пай­далана бастады. Ал онлайн қаржы айналымы хакерлердің ең сүйікті саласы. Мәселен, 2019 жылдың 11 айын­да қазақстандық ғаламтор қол­данушыларға қатысты 7 мыңнан астам алаяқтық жасалған. Бұл тура­лы Криминалды полиция депар­таменті Кибер қылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орын­басары Рүстем Дүйсетаев хабарлады.

«Ғаламтордағы алаяқтықтың үлесі артып келеді. Бұл жаңа банк қызметтерінің шығуымен байла­ныс­ты. Мысалы, он жыл бұрын он­лайн банкинг, мобильді банкинг бол­маған кезде мұндай қылмыстар да жоқ еді. ІТ технологияларды қа­ра­пайым азаматтармен қатар қыл­мыскерлер де қолданады. Сондық­тан алаяқтықтың жаңа түрлері шы­ғып жатыр», – деді ол.

Кибер қылмыскер дүниенің кез келген бұрышында отырып құр­бандарын құрығына түсіруі мүмкін. Былтыр Ресейде біздің полицейлер 15 адамнан құралған қылмыстық топты ұстауы сөзімізге дәлел бола алады. Ресейлік қаскөйлерге отан­дас­тарымыз түрлі көлемде ақша аударып жіберген. Арасында 10-20 миллионға алданғандар да бар. Жақында HomeBank-ке де шабуыл жасалды. Хакерлер 1000 тұтынушы­ның интернет-банкинг жүйесін бұзған. Бұл шабуылды түрік ха­кер­лері ұйым­дастырған.

Қазақстанға шетелдік қылмыс­кер­лердің қызығуының бір себебі – кибер қорғаныс деңгейінің төмен­дігінде. Мемлекеттік органдар мен ірі корпорацияларда ғаламтордағы қауіпсіздікпен арнайы мамандар айналысса, жекелеген азаматтар бұл мәселемен бетпе-бет күресуге мәж­бүр. Сондықтан ақпараттық техно­ло­гияларды қолдану кезінде де сақтыққа аса мән беру керек екен. Криминалды полиция департамен­тінің Кибер қылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев ғаламтор қол­данушыларына жеке ақпараттарды қорғаудың жолын айтты.

«Бейтаныс сайттарға кіргенде, абай болу керек. Мәселен, шетелдік бір сайтқа әлеуметтік желі арқылы тіркелген соң құпия сөзіңізді ауыс­тыру артықтың етпейді. Өйткені қа­зір бар ақпаратты телефонда сақ­таймыз ғой. Бәріміз WhatsApp ар­қылы жеке куә­лігіміздің, банк кар­та­­мыздың суретін жіберген шығар­мыз. Бұлай істеуге болмайды. Он­лайн сауда жасау үшін осы ақ­па­раттың өзі жеткілікті»,– дейді ол.

ҚК 190-бабы бойынша алаяқ­тарға аса жоғары мөлшерде зардап келтіргені үшін (4 мың АЕК) 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ұйымдасқан топпен жасалған қылмыс үшін 5 жылдан 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Бірақ бұл да кибер қылмыс санын азайта алмай тұр. Сондықтан жеке ақпараттарды әркім өзі қорғауы тиіс. «Сақтықта қорлық жоқ» екенін ұмытпаңыз.