Шетелге заңсыз газ сатқан
Шетелге заңсыз газ сатқан
5,100
оқылды

Шымкентте сұйылтылған газдың аса ірі көлемдегі экономикалық контрабандасы мен заңсыз тасымалдау дерегі анықталды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Агенттік таратқан ақпаратқа сүйенсек, Шым­кент қаласының екі тұрғыны 2017-2020 жылдар аралығында жалған құжат жасай отырып, Тәжікстан мен Ау­ғанстан аумағына 700 тон­надан астам сұйылтылған газды заңсыз тасы­малдаған және экс­порттаған. «Шымкент қаласының Абай аудандық соты іс бойынша екі айыпталушыны үш жылға бас бос­тандығынан айырды (ҚР ҚК-нің 234-б. 2-б. 1) және 4-тар­мақтары, 197-б. 4-б. 2-тармағы). Мемлекет кірісіне жалпы сомасы 110 млн теңге болатын 720,8 тон­на сұйыл­тылған газ бағыт­тал­ды», – делін­ген хабарламада. Есте болса, осыдан үш-төрт күн бұрын Шымкент қаласында жүргізілген жедел-іздестіру ша­ра­ларының нәтижесінде жалған есепке алу-бақылау мар­касы бар алкоголь өнімін дайын­дайтын ас­тыртын цех қызметінің жолы кесілген еді. Өндірілген өнім Шымкент қала­сының аума­ғында сатылып келген. Тексеру кезінде «Русская на бруньках» және «Березовая» маркалы 2 мың бөтелкеден астам алкоголь өнімі, 160 литр спирт, 10 мыңнан астам марка, сұйықты аралас­тыруға арналған сорғы, алко­гольге арналған 140 бос қорап және 80-нен астам бос бөтелке, 400-ден астам қақпақ тәркіленді. Аталған факт бойын­ша Қыл­мыстық кодекстің 233-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. Қазіргі уақытта тиісті сараптама мен тер­геу амалы жүргізіліп жатыр.

Тұмар МЫРЗА