Мүгедектігі бар адамдар құқы қорғалады
Мүгедектігі бар адамдар құқы қорғалады
276
оқылды

Еліміздегі жекелеген са­наттағы азаматтарды әлеу­меттік жағынан қорғау же­тілдірілмек. Мысалы, мү­гедек жандарға күтім жа­сайтын адамдарға жәр­демақы беріледі. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қа­былдаған жұмыс беру­шілер үшін 2023 жылдан бас­тап өтемақы жарнасы енгі­зілуі мүмкін. Бұл нормалар БҰҰ-ның мүгедектігі бар адам­­дардың құқы туралы кон­венциясында көзделген. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, енді бұл нормалар біздің елдің заң­намасына енгізіледі. 

Күтім жасаушыларға да жәрдемақы төленеді

Мәжілістің кешегі оты­ры­сында мүгедектігі бар адам­дарды әлеуметтік қорғауды же­тілдіруді көздейтін заң жобасы таныс­тырылды. Заң жобасын таныс­тырған сала министрінің ай­туынша, заң жобасына енгізілген жаңалықтың бірі – себебіне қарамастан I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы енгізіледі. Осы жәрдемақымен еліміздегі 24 мыңға жуық адам қамтылады. Сонымен бірге 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мү­гедектік топтары бойынша бөлу ұсынылады, оларға жәрдем­ақы­ның мөлшері ұлғаю жағына қарай қайта қаралады. «Бұл норма Ресей Федера­ция­сының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын Байқоңырда тұратын мү­гедектігі бар балаларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөл­шеріне, ал Қазақстан заңнамасы бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшеріне де оң әсер етеді», – дейді министр. Сондай-ақ Жапония, Гер­мания, Франция сияқты мем­лекеттердің тәжірибесін ескере отырып мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі квотаны орындаудың баламасы ретінде 2023 жылдан бастап жұ­мыс берушілер үшін өтемақы жарналарын енгізу ұсынылады. «Жинақталған қаражат жұ­мыспен қамтуға жәрдемдесуге: арнайы жұмыс орындарын құ­ратын жұмыс берушілердің шығынын субсидиялауға; мүге­дектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін қажетті дағ­дыларға оқытуды ұйым­дастыруға; әлеуетті жұмыс берушілерде мү­гедек адамдардың ақы төле­нетін тағылымдамасын ұйым­дастыруға бағытталады», – дейді С.Шәп­кенов. Құжатта еңбек жарақатынан немесе кәсіптік аурудан мүгедек болған адамдардың алдында жұ­мыс беруші өз міндеттемесін орындай алмаған жағдайда, олар­ға мемлекет есебінен техни­калық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету түрінде әлеуметтік қолдау көрсету ұсынылады.

Бюджеттен шығын кетпейді

Тағы бір атап өтер жаңалық – мүгедектігі бар балаларды тәр­биелеп отырған отбасылардың кәмелеттік жасқа толғаннан кейін және бала I және II топтағы мү­гедек мәртебесіне көшкеннен кейін де мемлекеттік қордан тұрғын үй алғанға дейін есепте тұру құқығы сақталады. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына баспана кезегін сақтауға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ мүгедектігі бар баланы күту кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту ұсынылып отыр, бұрын мүгедектігі бар баланы күту кезеңі 16 жасқа дейін ескерілді. Бұл норма мүгедектігі бар бала­лардың жас топтарының өзгеруіне байланысты енгізіледі. Ол жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақы тағайын­дауға оң әсерін тигізеді. «Жалпы, заң жобасында баян­далған нормалар мүгедектерді әлеуметтік қолдау, атаулы әлеу­меттік көмек және зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін қоса алғанда, мемлекет тарапынан ба­залық әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етудің өзекті мәсе­лелерін көрсетеді. Заң жобасын қабылдау бюджет қаражатын қосымша бөлуді қажет етпейді, шығын нормалары 2021-2023 жылдарға 55,4 млрд теңге көле­мінде бөлінген қаражат шеңбе­рінде іске асырылады», – деді Серік Шәпкенов. Аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобына Мәжілістің Әлеуметтік мәдени-даму ко­ми­тетінің мүшесі, депутат Жанат Омарбекова жетекшілік етеді. Заң жобасы 75 заңнамалық актіге, оның ішінде 10 кодекске өзге­рістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Айдана БЕГІМ