Лашын құлашын қашан жаяды?
Лашын құлашын қашан жаяды?
588
оқылды

Сұңқар тектес лашын – сирек кездесетін жыртқыш құс. Қазақстан­ның барлық аймағында тіршілік етеді. Алтай, Тянь-Шань таулары­ның ете­гінде қыстайды. Көр­сең көздің жауын алатын, ұсақ аң аулағандағы әбжілдігі көрген адамды бірден бау­рай­тын  құс сұңқар­лардың ішіндегі сұранысы жоғары түрі. Браконьер­лер­дің де бірінші көз­дейтіні – осы ла­шын. Ше­телге, со­ның ішінде араб ел­де­ріне жасырын сату үшін заңсыз ау­лағанның кесірінен бұл құстың саны елімізде 1990 жыл­дар­дың ор­тасынан бері өте азайып кетті. Бүгінде Қызыл кітапқа енген.

 Қызыл кітап қалыңдап барады

Сарапшылар елімізде 90-жыл­дары құс төресі – сұңқардың жы­лына 4 мыңнан астам жұбы ұя сал­ғанын айтады. Енді бүгінде оның популяциясы туралы нақты дерек жоқ. Табиғатта сирек көрсек те, шекарада осы құспен ұсталған кон­трабандашылар туралы ақпа­ратты жиі ұшы­ратып жатамыз. Тіпті, өткен жылдары бір салон толы томағалы сұңқарды крес­ло­лардың бас қойғышына тұғыр секілді қондырып, ұшып бара жат­қан ұшақтың видеосы тараған. Сол ұшақ Қазақстаннан араб ел­деріне беттеп бара жат­қандай көрініп, ішімізге шара­сыздық шоғын тастаған еді. Өйткені кон­трабанда арнасының  90%-ы араб түбегіне бағыт алады. Араб­тардың сұңқарларға сонша құмартуының себебі – ол жақта қыран құстың бұл түрімен аңға шығу сәнге айналған. Одан бөлек, қолында қымбат ақ сұңқары бар шейх жеке ұшағы, яхтасы немесе қымбат кө­лігі бар батыс мил­лиар­дерлермен пара-пар санала­ды. Сондықтан араб­тар қанатты серігіне, соның ішінде лашын құсына қол жеткізу үшін барын беруге дайын. Тіпті, арнайы аук­цион ұйым­дас­тырып, сұңқар сау­да­сын қызды­рады. Ал бұл өзге ел­дерде заңсыз аңшылық­тың қызуына әкеп отыр. Бра­ко­ньер­лердің тергеу кезін­де берген жауа­бына сүйенсек, бір құстың бағасы 50 мыңнан 100 мың АҚШ долла­рына дейін барады екен. «Жалпы, браконьерлік бабы біздің қызметте локалды қылмыс түріне жатады. Себебі оларды ұс­тайтындар көбіне табиғат қорғау инспек­торлары, шека­рашылар мен кеден қызметкерлері. Біздің поли­ция қызметкерлері де кездесіп жат­са құрықтайды, әрине. Бірақ жедел жағдайда кездеспейтініне байла­нысты біз көп ретте қылмысты рә­сімдеуге қатысамыз. Әйтсе де, соң­ғы жылдары елімізде лашын құсын заңсыз аулайтындар қатты азайды. Мә­селен, былтыр мұндай бір дерек анық­талса, 2019 жылы 3қыл­мыс тіркелді», – дейді ІІМ Әкімшілік поли­ция комитеті Таби­ғат қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айбек Өскембаев. 2020 жылдың 5 ақпаны күні Маң­ғыстау облысында 9 лашын құсын алып келе жатқан Ю.Ик­рамов есімді азамат қолға түседі. Тергеу барысында оның қылмыстық топқа қатысы бар екені анықталады. Браконьерлікті ұйымдаст­ырушы 1973 жылы туған А.Абдулжаппар мен 1960 жылы туған Т.Құдай­бергенов болса, орын­даушылар 5 адам болған. Бұл пандемияға дейінгі тіркелген жалғыз дерек болатын. Ішкі істер саласы қыз­меткерлері браконьерліктің азаюын бірінші кезекте 2019 жылғы желтоқсанда заңның қатаюымен байла­ныс­тырады. Естеріңізде болса, осының алдында Қа­рағанды мен Ақмола облыстарында браконьер­лерді қуған қорықшыларға шабуыл жасалып, атып кеткен оқиға болып, ол қо­ғамдық резонансқа айналған еді. Содан кейін Президент заңды қа­таңдатуға тапсырма берген болатын. «Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша қазір браконьерлік үшін дүние-мүлкін тәркілей отыра, 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру қарас­тырылған. Осы өзгерістерді заңға енгізуге дайын­даған болатынмын. Соның әсерінен болар, қазір браконьерлік тыйылып қалмаса да, азайды. Мұн­дай заңдық кү­шейтулерді біз 2013-2014 жылдары дайындап ұсынған­быз. Ол бірнеше рет Се­натқа дейін барып, кейін қайтып келген еді. Ұсыныста­ры­­мызды еш­кім ескер­меді. Про­кура­тура, тағы да басқа көптеген органдар қарсы болды.  2019 жылғы оқиға­дан кейін ғана қабылданды. Ал оған дейінгі жаза айыппұл салу немесе 3 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру еді. Оның өзінде соттар бра­коньерлерді көбіне айыппұлмен босатып жібе­ретін. Ал олар бұрынғы әніне қайта басатын», – дейді полиция пол­ковнигі Айбек Нұр­қасұлы. лашын

«Араб ертегісі» браконьерге ғана қолайлы

Алматы қаласында Іле Ала­тауының бау­райында «Сұңқар» орталығы» деген тәлімбақ бар. 1989 жылы сұңқар құс­тардың попу­ляциясын қалпына кел­тіру мақса­тында құрылған бұл ме­кемеде бү­гінде елімізде тіршілік ететін жыртқыш құстардың 15 түрінің бәрі бар. Бас-аяғы 450 құс болса, соның басым көпшілігі – лашын. Бұлардың барлығын тәлім­бақ қызмет­керлері жұ­мырт­қадан балапан етіп шыға­рып, бағып, баулып өсірген. Одан соң олар көбейтуге керегін  ірік­теп алып қалады да, қалғанын бос­тандыққа жі­береді. Ал бір бөлігін, мә­селен хай­уанаттар бағына береді екен. Алушы табылып жатса ел ішіне, шетелге сатады. Біздің құстарды Гер­мания, Фран­ция, Аустрия, Ресей сияқты мем­лекеттер, ал көп жағдайда  араб елдері алады. Оған  қажетті ли­цен­зия­, сертифи­кат құжат­тары­ның барлығы бар. Сондай-ақ бра­коньер­лерден тәркіленген құстар да осын­да жіберіледі. «Былтыр пандемияға байла­нысты болар, бізге қылмыстық істе­гі айғақ ретінде сақталатын сұң­қар құстары әке­лінген жоқ. Ал оның алдыңғы жыл­дары әкелінген құс­тарды бағып, сот үкімі шық­қан соң көпшілігін ұшы­рып жібердік. Олар түзден ұсталған құс болғандықтан, бейім­деліп кетеді, алаңда­маймыз. Бі­разын саттық. Бір-екеуін хайуанаттар бағына беріп жібер­геніміз есімде. Бізге келген құстардың барлығы ветеринарлық-орнитологиялық тек­серуден, емдеуден өтеді. Сосын оларды сақи­налаймыз», – дейді «Сұңқар» орталығы» тәлім­бағының директоры Ашот Анзоров. 30 жыл бұрын жұмысын бас­таған бұл бақта алғашқыда 10-12 құс болған екен. Ал осы уа­қытқа дейін тәлімбақ қыз­мет­керлері 700 лашын құс, 25 бүр­кіт және басқа да түрлерінен азын-аулақ құс­тарды табиғатқа жіберген. Негізі, тек қана лашын өсіру­мен айна­лысады. Олардан жылына инкуба­тордан 150-170-тей балапан шыға­рып бағады. Қыран құстардың қалған түрлерін де ұмытпауға ты­рысады. Ал сұңқар бра­коньер­лігіне келсек, Ашот Ами­ранович  «қара базардағы» аспандап тұрған баға­ның өтірік екенін айтады. «Біз көтерме бағамен сататын бол­ғандықтан, сұңқарларды ар­занға ба­ғалаймыз. Ең қымбат дегені 1 000 АҚШ долларынан ас­пайды. Бірақ өте сирек. Көбінесе 300-500$ ара­лығында. Бір жағы бұл құсты кімнің сатып алатынына бай­ла­нысты. Бір құсты біреуі қымбатқа бағаласа, келесі таңдаған адам тө­мен баға ұсынуы мүмкін. Екін­шіден, құстың түріне, тұрқына бай­ланысты. Өйткені сұң­қар­лардың қауырсыны бір-біріне ұқ­самайды. Қара нарықтағы сауда да осындай. Ондағы құстың бағасы 10 мың немесе 100 мың дол­лар тұрады деген сөз – өтірік. Бұл – арабтың ертегісі. Шынды­ғында, он­­дай баға жоқ. Оны араб­тардың өзі бра­коньерлер құс та­сысын деп әдейі тара­тады. Әр елді аралап жүрмеу үшін істейді. Бізге де талай ха­барласқан. Бірақ 300 доллардан асы­рып құс сатып алған емес. Біз 30 жыл бойы құс саудасында келе жатырмыз. Бі­рақ 10 мың тұрмақ, 5 мың дол­ларға са­тып көр­геніміз жоқ», – дейді ол. Тәлімбақ қызметкерлері жыл сайын Араб түбегіне барып, түрлі көрмеге қа­тысады. Сол кездің өзінде де жұрт ау­зында жүрген ба­ғаға құс саудалағандарды көр­мепті. Оның үстіне соңғы 10 жыл­дықта ол жақта сұңқар құсын өсіретін осын­дай тәлімбақтар кө­бейіп кеткен. Олар ішкі нарықтың 80 пайызын жауып отыр. Сондықтан сырттан бұрынғыдай көп көлемде құс алуды қойған. Сондай-ақ бүкіл әлем әлі де ол жаққа құс тасиды. Ашот Ами­­­ранович осы жайтты ескеріп, қазақ­­­­стандықтардан бра­коньерлік мақ­­­­сат­­та сұңқар аула­мауды сұрайды. Өйткені олардың популяциясы елі­­­­мізде әлі толыса қойған жоқ. Қолдан барлық жағ­дайын жасап өсіргенде 30 жылда санын 700-ге зорға жеткізген тәлім­бақ қызмет­керлері табиғи жағ­дайда олардың одан да баяу кө­бейетінін жақсы біледі.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ