Пандемия басталған тұста cарапшылар қай саланың шығынға ұшырайтынына талдау жасаған-ды. Халықаралық әуекөлік қауымдастығы індет салдарынан әуекомпаниялар 84 млрд доллар шығынға ұшырауы мүмкін екеніне болжам жасаған еді. Ал отандық әуекомпаниялардың жағдайы қалай? Ішкі рейстердің саны азайды ма? Халықаралық рейстер қайта жанданды ма?
1,5-2 жылға жуық уақыт керек
Мәселен, Scat әуекомпаниясы пандемияның әуе кеңістігіне соққы жасағанын растап отыр. Баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған компания 2019 жылы 2 млн 300 мың адам тасымалдаған. Ал 2020 жылдың қорытындысы бойынша жолаушы саны шамамен 2 есе азайған. Атап айтсақ, 2020 жылы Scat әуекомпаниясы барлығы 1 млн 260 мың адамды діттеген жеріне апарған. Иә, әуекомпания бұл шығынның орнын толтырғысы келеді. Аталған деректің ішіне халықаралық рейстердің кіретіні тағы бар. Мәлімет бойынша, Scat 2020 жылдың қаңтар-ақпан аралығында халықаралық рейстерге үздіксіз ұшқан. Кейіннен сценарий желісі өзгеріп кеткенінен бәріміз хабардармыз. Осылайша, әуекомпания эпидемиологиялық жағдайдың ауанына қарай жұмысын жалғастырып келеді. «Біз 2019 жылдағы көрсеткішті қайталау үшін барымызды саламыз. Әрине, барлығы эпидахуалға байланысты. Өйткені қай әуекомпанияны алып қарасаңыз да, халықаралық рейстердің ұшу-ұшпауы маңызды. Оның үстіне, ел ішіндегі әуе қатынасы да бар. Шетелдер шекарасын ашып, жолаушылар рейсін кіргізуге жағдай жасаса жеткілікті. Есептеуіміз бойынша, әуекомпанияға 2019 жылғы жолаушылар ағынын қалпына келтіру үшін 1,5-2 жылға жуық уақыт керек», – дейді Scat әуекомпаниясының баспасөз қызметі. Халықаралық рейс тақырыбы елдегі барлық әуекомпания үшін мәселе тудырған. Scat әуекомпаниясына келсек, қазір олар аптасына 1 рет Ақтаудан Стамбұл қаласына қатынайды. Мысалы, бұдан бұрын аталған компания Прага, Мәскеу, Тбилиси және тағы басқа қалалар арасында тұрақты ұшатын. Байқап қарасақ, мұның бәрі әуекомпанияға айтарлықтай шығын әкеледі. Өз кезегінде Air Astana да Грузия, Амстердам, Тайланд, Малайзия, Гонконг, Қытай, Әзербайжан, Үндістан, Лондонға ұшпайды. Соның ішінде Ресейдің тек Мәскеу қаласына жолаушы тасымалдайды. Санкт-Петербор, Екатеринбург тәрізді басқа да қалаларына ұшу уақыты эпидахуалға байланысты тоқтап тұр.Өсім бар
Халықаралық рейстердің жайы түсінікті. Ал ел ішіндегі әуе қатынасының жағдайы қалай? Әдетте ұшақ ішіндегі ығы-жығы халықты жиі байқаймыз. Соған сай ұшақ билеті де қымбатқа түседі. Алайда екі күн бұрын ұшаққа ойдағыдай сомаға билет алған оқырманымыз таңданысын жасырмады. «18 қаңтар күні Қызылорда–Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақпен ұштым. Адам саны азына таңдана қарадым. Ұшақ ішіндегі атмосфера бөлек-ті. Жолаушылар қалаған жеріне отырып, мұндай мүмкіндікті барынша пайдаландық. Қызығы, Scat әуекомпаниясының толық тарифтегі ұшақ билетін екі күн бұрын 13 мың теңгеге сатып алдым», – дейді Абылайхан Маратұлы. Жолаушы пікіріне таңданып, ел ішіндегі рейстің халіне алаңдағанымызды әуекомпанияға жеткіздік. Олар өткен жылдың жазынан бері жаңа тариф саясатын енгізгенін айтты. Біз де мұны жолаушы шақыруға, шығынның орнын толтыруға арналған жоспар ретінде түсіндік. Бірқатар әуекомпания жолаушы саны азайып кеткені туралы ақпарат таратса, Air Аstana керісінше, ел ішіндегі рейстердегі адам саны көбейгенін айтады. Олардың сөзінше, өсім бар. Халықаралық рейстерге шектеу қойылғанымен, ел ішіндегі әуе қатынасы сол қалпы. Бірақ жауап берер тұста кейбір қалаларда ПТР-тестке байланысты мәселе туғанын мойындады. Демек, жұрт теміржол билетін өткізгені тәрізді әуе билетін де өткізіп, ұшпауды ұйғаруы мүмкін. «Жолаушылар ағынын салыстыру үшін қаңтар айындағы бір аптаны өткен жылмен салыстырып көрдік. Биыл бір апта ішінде 82 695 адамға қызмет көрсеттік. Осы санды 7 күнге бөлсек, Air Astana әуекомпаниясымен бір күнде 12мыңға жуық адам ұшты. Ал өткен жылы қаңтар айының бір аптасында 62 058 адамды тасымалдаған. Сандарға мән берсек, 33% өсім көрсетті. Бұл – FlyАrystan мен Air Astana-ны қоса алғандағы көрсеткіш. Тарқатып айтсақ, 38 208 жолаушыны FlyАrystan, 44 487 жолаушыны Air Astana тасымалдады», – дейді Air Astana әуекомпаниясының баспасөз қызметі. Соның өзінде ел ішіндегі рейстердің арасында маусымдық тасымалдау жайы тағы бар. Мысалы, Scat әуекомпаниясы Алматы–Үшарал бағытындағы рейсті мамыр мен қазан айы аралығында жүргізеді. Есептеп көрсек, мамыр айында төтенше жағдай режимінің жеңілдеген шағы. Бірақ елдегі карантин шарасы кезең-кезеңімен жеңілдегені есімізде. Сондықтан осы тұста да әуекомпаниялар ұтылуы мүмкін. Жалпы, аталған компанияның ішкі рейстегі әуе қатынасының кейбірі субсидияға тәуелді екенін білеміз. Мәселен, Қызылорда – Қарағанды–Қызылорда, Өскемен –Қарағанды–Өскемен, Алматы –Петропавл–Алматы, Шымкент–Петропавл–Шымкент, Алматы –Көкшетау–Алматы, Ақтау–Көкшетау – Ақтау. Бұл рейстер бірнеше күн тоқтап, артынша 2020 жылдың 7 желтоқсанында қайта жанданды.Шетелде қалай?
Мысалы, Түркия 28 желтоқсаннан бері ішкі не халықаралық рейс болсын ПТР-тест сынамасын сұратып жатыр. Алайда сарапшылар бұл жолаушылардың ұшудан бас тартуына себеп болмайтынын алға тартады. 27 желтоқсанда Финляндия, Үндістан, Катар мен Вьетнам шекарасын ашты. Бірақ бұл жеңілдік туристерге арналмаған. Шетелде жүрген отандастары мен жұмыс істеуге, оқуға арналған визасы бар азаматтар аталған елдерге кіре алады. Ішкі рейстерге келсек, Египет ел ішіндегі билеттің бағасын едәуір арзандатқан. Мысалы, Каир немесе Александриядан Хургада, Шарм-эль-Шейх, Табу мен Асуанға ұшу шамамен 47 мың теңге. Сарапшылар мұны турист тартудың амалы деп бағалап отыр. Иә, әуе кеңістігіндегі кейбір қағидалар өзгерген. Мысалы, бұрын ертерек брондау кең етек жайған еді. Қазір адамзат саяхат жоспарын күні бұрын құруды доғарған. Танымал трэвел-блогерлер де 2021 жылы эпидахуалға қарап қана билет алуға кеңес береді.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ