90-жылдар елесі: көпқабатты пәтерде әлі күнге от жағады
90-жылдар елесі: көпқабатты пәтерде әлі күнге от жағады
5,254
оқылды

Жұрттың бәрі курортты аймақтарды көз алдына шекесі шылқыған, жағдайы жақсы деп елестетеді. Ал іс жүзінде жағдай басқаша болып тұр. Бурабайдағы әлеуметтік мәселелердің әлі күнге шешімін таппауы осының айқын айғағы болмақ. Мәселен, Щучинск қаласында бүтін бір шағынаудандағы көп­қабатты тұрғын үйлер орталық­тандырыл­ған жылуға қосылмаған.

Елге танымал курортты аймақтағы әлеу­меттік мәселелер әлі де бар болып шықты. Әсіресе, тұрғындардың бірқатары аудан орта­лығындағы жылу мәселесінің шешілмегенін алға тартты. Қала тұрғындарының айтуынша, Щучинскіде Кеңес заманынан бері толық шағынаудан жылдар бойы орталықтандырылған жылуға қосылмай келеді. Олар қыстың қыты­мыр аязы мен көктемнің қара суығында пешке от жағып, күнелтуге мәжбүр. Кейбіреулері ақы­сы қымбатқа шықса да электр жылытқыштары  мен кәдімгі газ баллонын тәулік бойы қо­сады екен. Көпқабатты үйлерде газ баллонын күні-түні жағу қауіпті болғанымен, тұрғын­ жандардың басқа амалы қалмаған. Тұрғындар жергілікті билікке бірнеше мәрте арыздан­ғанымен, әлі күнге нәтиже жоқ. – Щучинск қаласындағы Горный шағын­ауданында тұрамын. Көпқабатты болса да, жер үйден еш айырмашылығы жоқ. Біз үйді қысы-жазы пешпен жылытамыз. Ал келесі подъезде тұратын көршілеріміз, кәдімгі газ баллонды күні-түні қосып,  жылытады. Үйінің қасынан өтіп бара жатқанда газдың уытты иісі шығып тұрады. Бұл үйіміз үшін аса қауіпті, жарылыс болуы да мүмкін. Екіншіден, үйдің ауласына дейін газдың иісі жайылады. Тіпті, үйге сатымен көтеріліп, отын-көмір тасып жүру  қиын. Біздің үйде тұратындардың көбі – зейнеткерлер. Олардың отын арқалап, көмірмен көтеріліп келе жатқанын көргенде қатты аяйсың. Мәселенің тез шешілгенін қалаймыз. Бірақ әлі күнге еш нәтиже болар емес, – дейді Щучинск қаласының тұрғыны Жанар Омарова. Мәселенің  шешімін  білмек болып жергілікті билік органдарымен тілдесуге талпындық. Бірақ аудан әкімімен тілдесу мүмкін болмады. Салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасарынан мәселенің мән-жайын анықтаудың сәті түсті. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Бидановтың айтуынша, Щучинск қаласында үш бірдей шағынаудан орталықтандырылған жылуға мұқтаж. Ал әкімдік қысқа жіптің күрмеуге келмейтінін алға тартты. Аудандық әкімдіктің есебінше, бюджеттің жеткіліксіздігі мәселені шешуге әлі кедергісін тигізіп келеді. Дегенмен биыл жобаға енгізу жоспарланған. Бірақ шағынауданға қашан жылу қосылатынын аудан әкімінің орынбасары тап басып айта алмады. «Горный шағынауданымен қоса басқа да екі шағынаудан орталықтандырылған жылу мәселесіне қосылмай тұр. Бұл – Кеңес уақы­тынан бері келе жатқан күрделі мәселе. Қазір жылу қазандығын салу қарас­тырылып жатыр. Биыл аталған шағын­ауданға жылу қазандығын шешу үшін бюджеттен өтінім беріп, жобаға енгізу көзделген. Бюджет анықталып, тиісті қаражат бөлінсе, бұл мәселе биыл болмаса да келесі жылы шешіліп қала ма деген үмітіміз бар. Ол үшін заңға сәйкес мерзім­де өтініш беріліп, одан жобаға ен­гізіліп, тиісті мердігер ком­пания­ны анықтау сияқты шаралар ұйымдастырылуға тиіс, – дейді Бурабай ауданы әкімінің орын­басары Ерлан Биданов. Әзірге шағынаудан халқына орталық­тандырылған жылу қашан берілетіні белгісіз.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы