Карантиннің күшейгені кәсіпкерге кедергі
Карантиннің күшейгені кәсіпкерге кедергі
238
оқылды

Қыстың екінші айы да келіп жетті. Ақпанның алғашқы күнімен Алматыда карантин шараларының қатар келуін көпшілік «күткен» еді. Өңірдің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа қаулы шығарып, сауда және ойын-сауық орталықтары демалыс күндері қайтадан жабылатынын және одан бөлек бірнеше шектеу шаралары қолға алынатынын айтқан. Дегенмен демалыс күндері бас қала мен Алматы «қызыл» аймақтан шығып, «сарыға» ауысқан. Сөйтіп, көп тілегінің көл болғаны ма екен, анау айтқандай қатаң талап қойылмайтын болды. Әлбетте, қандай да бір шектеу шарасының ел үшін жасалатыны белгілі. Десек те, сауда үйлерін демалыста жапса, басқа күндері вирус жұқпайтын болғаны ма? Кешкі сегізге дейін үлгеру үшін дүкенге асығып-аптығып енген жұрт керісінше кептеліс тудырмай ма? Кәсіпкерлерге бұл шаралар кедергі емес пе?

Елдегі ахуалды аз-кем атап өтейік. 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша «қызыл» аймақта 4 облыс бар: Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан. Нұр-Сұлтан қаласы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қос­танай, Қарағанды облыстары – «сары» аймақта. Қалған облыстар коронавирус инфек­ция­сының та­­­ралу темпі бойынша «жасыл» ай­мақта болып отыр. Құдды бағдаршамның түсте­рінде бұлар нені білдіреді десеңіз, айтайық. «Тоқта!» деп белгі беретін «қызылда» болсаңыз, тұратын жеріңіз­­де карантин талаптары кү­­­­шей­­­тіліп, көп жер жа­былады деген­ді білдіреді. Ал оған қарағанда сал­ыстырмалы түрде жеңіл­деу жағ­­­дайдағы аймақтар «сары» түспен белгіленеді. «Жасыл» қауіптің аз екенін көрсетеді. Қазақстанды түгел алып қарастырғанда, еліміз «қызыл» аймақта тұрғанын ескеру керек. «Қызыл» аймаққа енгендерде қолданылатын тыйымдар мен шек­теулерге тоқталсақ. Сауда және ойын-сауық орталықтары жұмыс күндері ашық болғанымен, дема­лыста жұмыс істемейді. Ал сол сауда үйлеріндегі супермаркеттер мен дәріханалар ашық бола береді. Бас­ты талап – сыйым­­дылығы 30 пайыз­дан аспаса болғаны. Бұдан бөлек, жабық базарлар да, соның ішінде азық-түлік сататын да, киім­дер мен тұрмыстық заттар сататын орын­дардың да есігінде сенбі-жек­сенбі күндері қара құлып тұра­ды. Ал жұ­мыс күндердегі кестесі – кешкі беске дейін. Ашық базарлар болса, сенбіде жұмыс істейді, жек­енбі демалыс. Қатаң карантин кезінде мәде­ниет нысандарының жұмысы да тоқтайды. Кинотеатрлармен қатар театрлар да жабылады. Сонымен қатар былтыр коронавирус тараған сәтте-ақ, елімізде отбасылық, мере­келік іс-шараларға тыйым салын­ғаны баршамызға бел­­гілі. Бірі айып­пұл төлеп құтылып, бірі артқы есіктен адам кіргізіп, жасырын жұмыс істеп жатты. Бірақ бастысы, заң жүзінде оның бәріне тыйым салынған еді. Облысаралық және қала­лық тұрақты емес тасымалдау қыз­метіне де тыйым салынады. Бала­ларды сауықтыру ұйымдары, яғни, лагерьлер де жұмыс істемейді. «Сонда жабылмаған не қалады?» дерсіз. Жұ­мысына тыйым салынып, шектеу қойы­­латын жерлерді әлі түгендеп бітпедік. Бұл қатарға қоғамдық та­­мақтану орындарын да қосыңыз. Атал­­­ған нысандар таңер­тең тоғызда ашылып, кешкі сегізде жабылуы шарт. Әлбетте, көп адам­ның басы қосыла­­тын іс-шараларға рұқсат жоқ. Сыйым­дылығы 50 пайыздан аспауы тиіс. Жалпы ал­ғанда, қоғамдық тамақтану орын­дарында бір үстелде әрі кеткенде төрт адам ғана отыруы тиіс. Яғни, топ болып кірсеңіздер де, төрт-төрттен бөлініп, жайғасасыздар. Негізі, мұн­дай шектеуге қазақ­стан­дықтардың бойы үйренсе ке­рек. Өйткені осындай шектеу қаулы тү­рінде ғана емес, іс жүзінде де орын­далады. Кафе қызмет­керлері кірген беттен осындай ескер­ту­мен қарсы алады. Сауда үйлеріндегі фуд-корт не­месе тамақтану орындары карантин бас­талғаннан-ақ тек тапсырыспен үйге жеткізу қызметімен айна­­­лысады. Орын­­дықтардың көтеріліп тұратын себебі де – осы. Сол жерге барып, тамақты өзіңізбен ала ке­туіңізге болады. Ал орындықты түсіріп, тамақ­тануға рұқсат жоқ. Онлайн жеткізу қызметінің гүл­деуіне бірден-бір әсер еткен фактор да осы болып отыр. Жә, заманына қарай жасалған амалдың сәтті қада­мына қуанамыз. Айтпақшы, айма­ғыңыз «қызарса», сенбі және жек­сенбіде сауна мен бассейнге бара­мын деген жоспарыңызды да сызып тастай берсеңіз болады. Себебі бұл орындар да жұмыс күн­дері ғана қыз­мет көрсетуге рұқ­сат алған. Оның өзінде таңертеңгі сегізден кешкі то­ғыз­ға дейін барып үл­геруіңіз керек. Мінеки, қатаң карантин талап­тары осындай. Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Жібек Әжібаева әу басында Алматыда карантин кү­шей­тіледі дегенде бұған қарсы шыққан. Оның айтуынша, кәсіп­керлерге дәл қазір тыйым емес, қолдау керек. Әрі осы талаптардың кесірінен көпшілігінің жағдайы қиындап, кейбірі қызмет түрін ауыстырып, басқа салаға кетіп жат­қан көрінеді. «Базарлар дема­лыста істемесе, жұмыс күндері ол жаққа баратындар көбейеді. Бұл болса, COVID-19 жұқтыру қаупін күшей­теді. Біз базардың ашық та, жабық та түрлері аптаның жеті күнінде жұмыс істеуі керек деп есептейміз. Уақыт бойынша шектеудің қажеті жоқ. Яғни, шектеу болмаса, қазақ­стандықтар жұмыстан кейін асық­пай керегін ала алатынын білетін болады. Әр адамның жұмыс кестесі әртүрлі. Біреу кешке дейін жұмыс істейді. Әсіресе, кешке қарай жабы­латын кезде келушілер, тіпті көбейіп, қайта вирус жұқтыру ық­ти­­малы жоғарылай түседі», – дейді Әжібаева. Бүгінде карантин жағдайында өмір сүруге әрбіріміз бейімделе түс­кендейміз. Қоғамдық орынға барар болсақ, маскасыз жүрмейміз. Баратын жерге жабылғанша үлгеру керегі ойы­мызда жаңғырып тұрады. Одан бөлек, талапты бұзғандармен қазір мони­торинг топтары жұмыс істеп жатыр. Алысқа бармастан, күні кеше бас қалада карантинді бұзған білдей мей­рамханаларға айыппұл салды. Мони­торинг тобы­ның құрамында Полиция депар­таменті қызметкерлері, аудан­дық әкімдік өкілдері пен еріктілер бола­ды. Орта және шағын бизнес нысан­дарының жұмысы жіті бақы­лауда. Мысалы, өткен демалыс күндері «Ми Гён» мейрамханасы, Chechil Pub бары, ECHO, мейрамханасы, Strong компьютер клубы, Nirvana бары, МЯТА лаундж-бары, «Шаш­лыкоff» гриль-бары және басқаларына та­лапты бұзғаны үшін әкімшілік іс қоз­ғалып, айыппұл салынған еді. Жібек Әжібаеваның айтуынша, пандемия мен карантин шара­ла­рына байланысты 2020 жылы 7 мыңнан астам сауда кәсіп­орын­дары жұмысын тоқтатқан. Мұның ішінде шағын да, орта да кәсіп иелері бар. Әрі қауым­дастықтың бағалауы бойынша, был­­тыр сауда аумағының 80 пайызға жуығы бос тұрған. Өйт­кені сонша уа­қыт тұрып қалған бизнесін көбі сол күйі жан­дандыра алмай, тоқтатуға мәж­бүр болған деседі. 2019 жылмен салыс­тырғанда, сауда орындарынан са­­тып алушылар ағыны 50 пайыздан да төмендеген. Байқасақ, осының салдарынан зиян шегіп отырғандар аз емес. «Жұмысын аяққа тұрғызуға, құрылысқа деп көбі банктерден қарыз алған. Енді карантинде олар осы жағдайдың құрбаны болып отыр. Кәсіп иелері несиелерін әзер төлеп отыр. Мұның бәрі апта бойы жұмыс істеуге мүмкіндік берме­геннің кесі­рінен. Ал жалға беру­шілердің шығы­нын санап жатқан ешкім жоқ. Жаңа жылдан бері жабық тұрған бутиктер бар. Көбі бизнесін тастауға мәжбүр. «Жүріп тұрған кәсібімді сатамын» деген хабарландыруды өздеріңіз де көрген боларсыздар», – дейді қауым­дастық президенті. Пандемияда жағдайға қарай ығы­судан өзге амал жоқ. Заңға бағын­басқа да болмайды. Мәселен, еліміз­дегі ең ірі бөлшек сауда же­лісінің бірі Magnum жаңа фор­маттағы дүкен ашу­ды жоспарлап отыр­ған көрінеді. «Біз пандемия кезінде күшейтілген барлық сани­­тарлық талапқа жауапкершілікпен қараймыз, мүлтіксіз сақтауға тыры­самыз. Ай сайын қосымша сани­тарлық өңдеуге, жанаспайтын тер­­­мометрлерді, бетперделерді, қол­ғаптарды, халаттарды, қызмет­керлерге арналған қорғаныс кө­­зілдіріктерін және т.б. сатып алуға 100 млн теңгеден астам қаражат жұмсаймыз. Карантин шектеулері кезінде үй жанындағы – шағын және орта форматтағы дүкен­­­дерге сұраныс өскенін ескере отырып, біз дәл осы форматта жаңа дүкендер ашуға баса назар аударып отыр­мыз», – дейді компанияның БАҚ-бен байла­ныс бөлімі. Амалын тапса, бизнесті сақтап қалғанға не жетсін! Бірақ шектеу мен тыйымның кесірінен белшеден қарызға батып, жылдар бойғы ең­бекті еш ету де іш ашытатыны сөз­­сіз. Ірі желілердің бейімделуі оңай. Тәжірибе де, жағдай да жетеді. Бұл жерде ауыр­лық орта және шағын бизнеске түсіп отыр. Бәлкім, шы­нында оларға бар керегі қолдау мен кедергі болмау шығар?

Жадыра АҚҚАЙЫР