Исі мұсылман талпақ танау десе жыны бардай құтырынып, мұрындарын тыржитып, тыжырынып, иістеніп кеткен қи-зәр көргендей жиіркеніп, жау тигендей топалаң болады да қалады. Жалпы, мұсылман барлық жануарды жанына жақын тұтқанымен, тілінің уы бар шұбар жылан мен қорсылы мен қоқысы көп талпақ танауды жақтыра бермеген ғой. Бір замандарда Қабанбайдың қыстауы маңайына қабандар келіп жайылады. Сонда батырдың шешесі жайылымдағы жылқыларды қуып тастапты. «Қабан жайылған жердегі шөпті жеген жылқыға оның зардабы тиеді» деп түсіндіріпті мұны анамыз. Сөйткен талпақ танау тайраңдап төрімізге шықты.
Шыққаны емей немене, Ақтөбе қаласының іргесіндегі Бестамақ деген ауылда армяндардың «Урарту» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гайк Тертерян деген тақсыр «Парижская коммуна ХХІ» шошқа фермасын ұйымдастырып, талпақ танау тұқымына адамзаттың өзіне сирек жасалатын қамқорлықтар жасап тастапты. Бүгінде ферманы Гайктың ұлы Мгер басқарады. Ол шошекеңдерді шұбыртып көбейту үшін фермасын заманауи үлгідегі технологиялармен, құрал-жабдықтармен жабдықтауымен қоймай, буаз аналық доңыздарды шомылдыру үшін монша да салып қойған. Торайларды емшектен ажыратқанда жүйкелеріне салмақ түсірмес үшін жанға жайлы, баяу музыка ойнатып қояды. Құнарлы азық-түліктің барлығы солардың ауызында. Сондықтан аналық доңыздар бір туғанда он-он екі торайды домалатып тастап, танауларын көкке көтеріп жүр. Асылдандырылған аналықтар жылына екі рет туатынын ескерсек, ферманың табысы тасқындай түскенін ішіңіз сезіп отырған болар. Иә, дәл таптыңыз, әр талпақ танауды 135 келіге жеткізгені үшін ТМД елдері шошқа шаруашылығының байқауында бұл ұжым «Хрустальный поросянок» сыйлығымен марапатталған. Осындай марапат алған ферма өнімдерін өндірген үстіне өндіре түспей ме? Қазір мұнда үш мыңдай аналық доңыз бар. Еркектері қаншама. Біздің Үкімет те қызық. Төрт түлікке жасалмаған қамқорлық осы мақұлыққа жасалады. Мәселен, шетелден 1 бас асыл тұқымды шошқа алынса, бұл үшін 140 мың теңге, ал жергілікті шошқаны асылдандыру үшін 40 мың теңге дотация беріледі. Мұнан соң жалпақ қазақ даласында шошекеңдер тайраңдамағанда қай мақұлық тайраңдамақ? Осыдан соң талпақ танауды өсіруге талпынушылар да арта түсері сөзсіз ғой. «Мынауыңның елі не, жері не, тегі не?» деп кім сұрайды? Мәселе мол қаржы түсірсе болды емес пе? Ақша десе біздің әкімқаралар бәрін де, тіпті арың да сатып жіберетіні осыдан-ақ аңталап көрініп тұр емес пе? Әкімдер «осы маңға жылқы өсіріндер» деп жер бөліп берсе қолдарынан кім қағыпты? Сірә, бұл жерде қазақы намыстан көрі алақанға түсер табыс басымдық танытқан сыңайлы.
Жуырда Бестамақ ауылы тұрғындарының шоққа қақтап жатқандай жан дауыстары шықты. Сөйтсек, жылдар бойы фермадан шыққан ішек-қарын, тері, өлекселер, шошекеңнің қан-жыны, қиы ауыл іргесіне төгіліп келіпті. Жергілікті тұрғындар противогазбен жүретіндей күйге түскен. Қан-жынның салдарынан өзендегі балықтар қырылып қалған. Бұл кезде ферма басшылары мемлекетке қомақты қаржы төлеп құтылған. Өзендегі өңезді өкінішті көрген тұрғындар бұл кезде де шулап, тулап ақыры басылыпты. Ал, бұл жолы тоқтамайтын түрлері бар. Өйткені, ферма басшылары ауыл іргесінен шұңқырлар қазып, шошқаның бәле-бәтерінің бәрін көміп келеді. Олар кейде өлексе мен қан-жынды көмсе көмеді, ерінсе ашық-шашық тастап жүре береді . Күніне 6 тоннаға дейін қан-жын, ішек-қарын тасталған соң, экологияның өзі мөңкімей ме? Бүгінде «Парижская коммуна ХХІ» шошқа фермасының аумағында 14 гектарға жуық жер бүлініп,жарамсыз қалге түскен. 5 гектардан аса жерде қалдықтарды көметін бірнеше шұңқырлар қазылған. Ферма жанындағы өзенді жағалай арнайы бөгет салынған. Осы аумақтағы жердің құнарлы қабаты жойылған. Бір ғана шұңқырдың өзінен 189 тонна талпақ танау қалдықтары мен тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шыққан. Мамандар экологияға келген залал 42 миллион теңге деп отыр. Фермада бұдан басқа да заңсыздықтарға жол берілген. Айталық, фермада шошқаның жалпы саны 40 мыңнан аспауы тиіс. Ал, мұнда 51 мың шошекең қорсылдап жүр.Комиссия қорытындысын анау-мынау емес, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов мәлімдеп отыр. Сенбей көріңіз.
Бірақ, Тертеряндар тартынатын түр байқатпайды. Өйткені, мемлекеттен алған несиелерін жабу үшін әлі екі жыл керек екен. Сенімді дерек көздеріне қарағанда, ферма басшылары осы шаруашылығын ашарда мемлекеттен 8,4 миллиард теңге несие алған көрінеді. Не деген жомарттық? Не деген қамқорлық? Осы жомарттық пен қамқорлықты төрт түлік өсіремін деген азаматқа берсеші!
Тәккаппар Тертерян «мемлекетке тиісті салығын төлеп тұрамыз, осы қаржыдан мектеп, аурухана қызметкерлері айлықтарын алып жатыр» деп кергиді. Сонымен қатар, санитарлық талаптарды сақтап отырмыз деп уәж айтады. Осы сөзіне қарағанда ол жақын күндері шатырын жиып, фермасын жапқысы келмейтіні көрініп тұр.
Сірә, қазақ елі талпақ танаудың туыстарынан, таныстарынан қалған қоқыстан әл-әзір құтыла алмайтын сыңайлы. Олар мұндай қарақшы қиямпұрыстарын қоймаса онсыз да кезінде жарылыстан көз ашпаған Жерімізге, Елімізге үлкен экологиялық апат келеріне талас жоқ. Тертеряндар теңтіретіп жібермесің деңіз.
Бестамақтағы «бас тамақ» жыры осындай. Тертерян торайларын тыққыштап әлек. Жергілікті тұрғындар ұлттық тамақтарын іше алмай ұшынып отыр.
Қорс-қорс. Ту-у, ұшынып қалмасам нетті?..