Тіленші
Шетпеде шешен сөйлеп, билігімен белгілі болып жүрген Ахметова Ақай деген апай болды. Жоғарыдан Әбіш бастап келген талай зиялыларды әдемі сөзімен таңқалдырған. Соның үйіне бірде садақа, ас сұраушы келіпті. Орталық Азия жағынан жүрген, өзі сопиған ірі жігіт. Мұндайлар еңбек етпей, ел кезуді кәсіп етеді. Ақай мүсіркеп, аздаған тиын-тебен, нан, шәй беріпті. Ол қол қусырып, бата қылып тұрып: – Апа, мен Қосаймын! – дейді. – Ә-ә... Сен Қосайсың ба? Мә, Қосай болсаң! – деп бетіне шапалақпен шарт еткізіпті де, апай берген заттарын қайта жұлып алыпты. – Оңбаған! Қосайдан садақа кеткір! Айта кетейік, Ақай апа да Қосай руынан. Әлгі соны сырттай біліп алып, тағы садақа беріңкірер ме екен деп тұрғаны. – Атаның атын қор қылып жүрген ит! Алпамсадай түріңмен тентіреп, неге еңбек етпейсің?! Ұяттан жұрдай ақымақ! Ұлы Қосайдың атын сатып, қол жайып жүрсің! Сол атаның әруағы атсын сені! Кет, көзіме көрінбе! Сендей Қосай болмас! Алдамшы алды-артына қарамай зытып тұрыпты.Көзі жетті
Бір молда иномарка айдаған жас жігіттің қасында келе жатыр. – Қарағым, машинаның терезесін ашшы, ішке таза ауа кірсін, – депті пірәдар. Шофер бала қулығы бар пысықша екен, әзіл ретінде оған айтады: – Молдеке, ол сізге байланысты, бір дұға оқысаңыз болды, терезе өзі ашылады. Молда сенер-сенбесін білмей, бір дұғаны айтып жібереді. Ал жүгермек білдірмей тетікті басқанда терезе зыр ете түседі. – Астапыралла! Мынау құдірет екен, – деп таңданады молда. – Әрине, - дейді жүргізуші, – өзіңіз айтатын бәрі Алланың қолында. – Енді терезеңді жап, – дейді дінші. – Тағы Аллаға бағыштап дұға оқыңыз, өзі жабылады. Молда әлгі дұғаны зулата қояды. Жігіт оған сездірмей, тетікті түрткенде терезе, сірә, өзінен-өзі жабыла кетеді. – Ойпыр-ай, - депті сонда діндар, - молда болғаныма отыз жыл болды, бірақ Құдайдың бар екеніне қазір көзім жетті! Иә, Жасаған, жар бола көр!Құйрығынан да айнал...
Ертеде қазан-аяғын ешкімге ерік бермей, өзі ұстаған кемпір тіпті үлкейіп, отырып қалғанда да келіндеріне төсектен тапсырма береді екен. Мысалы, қонақтар келіп отырғанда, қазанға еттен не салу керек, соны жұмбақтап білдіретіні қызық. Бір немересін алдына алып, оның әр жерін сыйпап, айналып-толғанып: – Үш тал қабыртқаңнан айналайын, бел омыртқаңнан айналайын, тоқатайыңнан айналайын, жауырыныңнан айналайын... – деп отырады екен. «Қазанға осындайларды сал» дегені. Кемпірдің осы қулығын білетін бір қонақ ол немересін сыйпалап, айналып-толғанып отырғанда: – Шеше, балаңыздың құйрығынан да бір айналып жіберсеңізші, - депті. Құйрық майды жақсы көретін тамақсау ғой. Сонда сараң кемпір қабағын түйіп: – Түу! Жаңа ғана дәретке отырған ба, боқ исі шығып тұр, құйрығынан айналмаймын, - деп жата кетіпті.Балкондағы сыбызғышы
Мүйімсат Оңғаров ақсақал Маңғыстаудан шыққан сыбызғының шебері еді. Ол бізбен бірге 1980 жылы Алматыда өткен республикалық ақындар айтысына қатысқанда сыбызғысын сызылтып жүлде алды. «Боз інген», «Қара мая», «Қызыл қаз», «Жүндібай сазы», «Тепен көк» сынды т.б. күйлерін әдемі орындап, құрметке бөленді. Бір күні Мүйекең «ұрланып» кетті. Ұшты-күйлі жоқ. Театр, қонақ үйлерді аралап, іздеп жүрміз. Сөйтсек, оны өнер жинаушы, өзі де өнерпаз жас жігіт. Абдулхамит Райымбергенов «ұрлап», үйіне ертіп кеткен. Сыбызғы күйлерін таспаға жазып алып, шалды да шәйға қандырған. Ауылдың шәйін сағынған қарт қонақүйдің шәйін ішпей, шөлдеп жүрген, Сонда мынадай қызық оқиға болыпты. Мүйімсат сыбызғысын тартарда дыбысы жақсы шығу үшін түтікке су жүгіртіп алады екен. Абдулхамиттен бір стакан су сұрап алып, балконға шыққан. Ол кезде оның үйі орталық көшеде, екінші қабатта. Содан аузына суды толтырып алып, сыбызғысына құйып, төмен қарай үпіріп келіп жібереді. Ол көшеде өтіп бара жатқандарға шашырамай ма. Орыстың әйелдері аспанға қарап, бажылдап шыға келген: – Что за безобразие! Что за безобразие! Бірақ оған қысылып тұрған Мүйекең жоқ, оларға: – Нишауа, нишауа! Шистай бада! Шистай бада! – деп жіберіп, сыбызғысын ызыңдата жөнелгенде көшедегілердің ауыздары аңқиып қалыпты.Құл болмайды
Ертедегі шариғат сотында тек шындықты айтқызуға жауап алады екен. Соған ант бергізгендей сұрақтар қойылады. «Кімнің құлысың?», «Кімнің үмбетісің?» дегендей. Бірде түйе дауы болыпты. Түйесі ұрланған Жарас дейтін кісі Айбас деген танысына «айғақ бол» деп жалынады. Ол келісіпті. Екеуі соттың алдына келеді. Айбастан «Тек шындықты айтасың» деп, жауап ала бастайды. – Кімнің құлысың? Заң бойынша ол «Құдайдың құлымын» деп жауап беруі керек. Айдалада өскен адай жігіт оны қайдан білсін. – Ешкімнің де құлы емеспін! – депті. Сот: «Мынау шариғатты білмейді, бұған дүре соғылсын!» деп үкім етеді. Үш-төрт шабарман Айбасты ұстаймыз деп жабылғанда бәріне тойтарыс беріп, атына мініп, қашып кетіпті. Артына бұрылып айқайлапты: – Өй, атаңа нәлет! Бір түйе жоғалмақ түгілі, табын-табын бие жоғалса да құл болатын жағдайым жоқ!Ешкінің садақасы
Жетібайда Сәукен деген кісі арақты көбірек ішіңкіреп жүріпті де, «содан құтылайын» деп, ешкі сойып, садақа жасапты. Жолдас-жораларын, көрші-көлемді шақырып айтыпты: – Арақ деген бәлені енді қойдым, сол үшін бір ешкі сойып, садақа беріп отырмын, - деген. Жиналғандар бата қылып, «Ниетің қабыл болсын!» деп тарқаған. Екі-үш күннен кейін бір жолдастары үйіне хабаралсса, Сәукен удай мас жатыр екен. – Мә-ә, Сәукен, мынауың не? Садақа беріп едің ғой, – дейді жолдастары. Сонда ол көзін ашып: – Әй, мына ешкі деген мал емес екен, мұның садақасы қабыл болмады, – депті. Енді ол тағы басқа мал сойып, садақа жасады ма, одан хабарымыз жоқ.Қайтып келіпті
Екі қария сөйлесіп отыр. – Әй, осында бұрын дөкей бастық болған кісі Астанаға барғанда үстінен іс көтеріліпті, - дейді біреуі. – Иә, еш өтірігі жоқ, дұрыс айтасың. Соны теледидардан хабарлады ғой. Көп ақша жеген алпауыт екен. Әйтеуір, теледидар өтірік айтпайтын шығар. – Мен радиодан да естідім. Мына кер болғыр құлағым куә. – Ал енді сұмдықты айтайын ба? – Не сұмдық? Айтшы. – Сол біздің Маңғыстауға басқа бір үлкен лауазыммен қайтып келіпті. – Астапыралла, не дейді? Теледидар мен радионың айтқаны адыра қалғаны ма? – Иә, солай болған ғой. Бұрынғы жегендерінің біразын жоғарыға барып құсқан шығар, енді соның орнын толтырайын деп қайтып келген-ау. Бір қызығы, өткен кезеңдерде бір әңгімелі болған адам қайта кіріске кірмейтін еді. Ал қазір ондайлар түк болмағандай аспанға түкіріп жүреді. – Әй, шығар, шығар... Бұл заманнан бәрін де күтуге болады...Сержан ШАКРАТ, Ақтау қаласы