Шиелі аудандық сотының төрағасы заң талаптарын өрескел бұзған
Шиелі аудандық сотының төрағасы заң талаптарын өрескел бұзған
431
оқылды

Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида бар. Мұның мағынасы билік айтушы ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болуы керек дегенді білдіретіні белгілі. Сондықтан сот әрбір істі мұқият қарап, әділ төрелігін айтуды мақсат етіп қояды. Өкінішке орай осындай сенім үдерісінен шығады деп сенген Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаевдың Конституциялық заң талаптарын өрескел бұзғандығы анықталды. Енді оның заңға қайшы әрекеттерін Жоғары сот кеңесі майшаммен қарамақ.

– Судья Ғ.Құрманбайдың шағымдары негізінде Шиелі аудандық сотының төрағасы М.Күздеубаевқа қатысты Жоғарғы Сот Департаменті тарапынан қызметтік тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде Ғ.Құрманбайдың шағымында көрсетілген уәждер ішінара расталды. 2020 жылғы 15 желтоқсанда Жоғарғы Сот Төрағасы Қызылорда облыстық соты төрағасының ұсынысы негізінде Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот жюриіне «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң талаптарын өрескел бұзғаны үшін М.Күздеубаев пен А.Жолдыбаевты тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін ұсыныс енгізді. Түпкілікті шешімді Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот жюриі қабылдайды, – деді ҚР Жоғары Сотының баспасөз хатшысы Айдос Садуақасов «Айқын» газетінің тілшісіне берген жауабында. Ел тағдырын шешкен кешегi биiңiз – бүгiнгi судья. Мыңдаған жандардың тағдыры мен дауын шешiп, олардың құқығы мен бостандығын қорғайтынын ескерсек, ол шығаратын шешiмдердiң әдiлеттiлiгiне қарап, соттың бағасын халық береді. Ал заң талабынан мүлт кеткен судьяларға да жаза қатал екенін білгеніміз жөн. – 2020 жылғы 11 желтоқсанда М.Күздеубаевтың карантин талаптарын бұза отырып, Шиелі кентінде орналасқан мейрамханаға бару фактісі бойынша материалдар Судьялар одағының Қызылорда облыстық филиалының Әдеп жөніндегі комиссияның қарауына жіберілген. 14 желтоқсанда Комиссияның хаттамалық шешімімен судья әдебіне қайшы келетін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін М.Күздеубаевқа қоғамдық мінеу түріндегі тәртіптік шара қолданылған, – дейді ресми орган өкілдері.

Н.ҚАЗБЕКОВ, Қызылорда облысы.