Бала батарейка жұтып қойса не істеу керек

Бала батарейка жұтып қойса не істеу керек

Ұлыбритания тұрғыны басынан өткен оқиғамен бөлісті.

Ұлыбританияның Шеффилд қаласының тұрғыны Софи Скилл екі жасында жылтыр, дөңгелек монета өлшемді қуаттағышты (батарейка) жұтып қойғаннан кейін бірнеше күнін реанимация бөлімінде өткізуге мәжбүр болған еді, – деп жазады bbc.com.

Аккумулятор қышқылы оның өңеші мен өкпесін күйдіріп, қыздың өміріне қауіп төнген.

Ұлыбританияда жыл сайын орта есеппен екі бала батареяка жұтып қойғаннан көз жұмады. Қазір түймедей ғана немесе батырма тәрізді батарейкалар гаджеттер мен ойыншықтарда кеңінен қолданылады. Олар әсіресе жаңа жылдық шыршаларды безендіргенде көп мөлшерде пайдаланылады, сыйлықтарға орнатылады.

Оларды ойын автоматтарынан, фитнес білезіктерінен, ойыншық роботтардан, автомобиль кілттерінен және басқа да жарқырауықтардан табуға болады. Олар сондай-ақ гирляндаларда, шамдарда, басқару тақталарында, ән фигураларында, музыка карталарында және тіпті жаңа жылдық свитерлерде де кездеседі.

Жылтыр, күміс түстес батарейка нәресте үшін өте тартымды көрінеді. Егер бала оны жұтып қойса ішкі ағзасын күйдіріп жіберуі мүмкін.

 

Софидің анасы Клэр Скилл қызының екі жасында болған жағдай басқа ата-аналарға сабақ болады деп үміттенеді. Клэрге әлі күнге дейін Софидің ол батарейканы қайдан тапқаны белгісіз.

«Ол жұтып қойған кезде қалыпты дем алды, бірақ қатты жылады, тек жылай берді. Мен мұндай болатынын ешқашан естіген емеспін», – дейді Клэр.

Ол қызын дереу ауруханаға апарған, дәрігерлер оны дереу операциялық бөлмеге кіргізді. Операциядан кейін сәби бірнеше күн реанимация бөлімінде және тағы бірнеше апта ауруханада жатты.Қазір Софи алты жаста, оның жағдайы толықтай қалпына келді.

Мұндай сәтте әр минут маңызды дейді мамандар. Жазатайым оқиғалардың алдын-алу бойынша Корольдік сарапшы Эшли Мартин ата-аналарға бірнеше кеңес береді:

Түйме секілді батарейка пайдаланатын ойыншықтар мен басқа құрылғылардың құлыпталатынын немесе бұрандасы бар екеніне көз жеткізіңіз. Музыкалық ойыншықтар, электр шамдары және қашықтан басқару пульті сияқты заттардан абай болыңыз, өйткені олардың ішіндегі батарейкалар кішкентай балаға оңай ашылады. Қосалқы қуаттағышты балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз және пайдалу мерзімі біткендерін дереу қоқысқа тастаңыз.

Англия Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің бас дәрігері Стивен Пауис «егер сіз балаңыз батарейка жұтып қойған деп күдіктенсеңіз, уақытты өткізбей дереу медициналық көмекке жүгініңіз», деп кеңес берген.