Оқиға қалай болып еді?
2019 жыл осындай қайғылы оқиғамен басталғаны көптің есінде. Апалы-сіңлі Ситерлердің үлкені 13-ке толар жасында, кенжесі тоғыз айлық кезінде өмірден өткен. Сол жылы 3 ақпан күні Жанымгүл түнгі кезекте болған. Пластик шығаратын кәсіпорынға жұмысқа орналасқанына да сол кезде үш күн болған екен. Балаларды ешкімнен кем қылмай бағып-қағу үшін әйелдердің жұмысқа орналасып немесе декреттен ертерек шығып, отағасына көмектесуге мәжбүр болуы Қазақстан үшін таңсық жағдай емес. Бұл жағдайда Жанымгүлді әбден түсінуге болады. Олардың қандай жағдайда тұрып жатқанын көріп-ақ, көмекке мұқтаж болғанын білу қиын емес. Балаларды әкесі алып қалады. Бірақ дәл сол түні техникалық қызмет көрсету стансасында қызмет ететін Евгенийді аяқ астынан жұмысқа шақырған. Амалсыз балаларға қарайлауды сол маңда тұратын туыстарына тапсырып, отағасы жұмысына кетеді. Кейін түнгі сағат 02.34-те көршілері Төтенше жағдай комитетіне хабарласып, өрт болып жатқанын жеткізеді. Сағат 02.53-те 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы өмірге келген бес қыздың мәйіті табылған. Бір сағатқа толмай өрт толық сөндіріледі.Жалынмен күрес тоқтап, жақсы өмір үшін күрес басталды
Жалынмен күрес тоқтаса да, сол күннен кейін жақсы өмір үшін күрес, керісінше жандана бастайды. Ертеңіне марқұм қыздарды жерлеу рәсіміне жүздеген адам жиналды. Қайғыдан қан жұтқан отбасына жан-жақтан қол ұшын беріп жатқандар көп болды. Осы сәтті тіпті оңтайлы пайдаланып кетуді көздеген алаяқтар жалған есепшоттар да көрсеткен. Десек те, ел болып Ситер отбасына біраз көмектесті. Жергілікті мешіт пәтер сыйлады. Қарап тұрсаңыз, жұрт болып жиналып көрсеткен көмектің жөні бір бөлек те, халқының қамын ойлаған мемлекет басқаша болса керек-ті. Осы жағдайдан соң билікте біраз өзгеріс болды. Қайғылы оқиғаның алдын алатын шаралардың неге қолданылмағаны да сөз етілді. Сөйтсе, әкімдік «бізден көмек сұрамады, үй кезегінде тұрмаған. Көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алады» деп жауап берді. Қала әкімінен бөлек әр аудан әкімдігінің тұрғындардың хал-ахуалын білуі, жағдайын жақсартуға тырысуы – тікелей міндеті. Бұл оқиға жергілікті атқарушы органдар жұмысының ақсаған тұстарын да ашып көрсетті. 6 ақпан күні елордалық аналар наразылық білдіріп, билікке талабын қойды. Артынша Алматы, Ақтөбе, Шымкент және өзге де аймақтарда жалғасты. Қоғамда резонанс тудырды деген себебіміз де – осы. Аналардың дауысы өктем шыға бастады, іштегіні сыртқа ақтарып, соның арқасында біраз өзгерістерге жол ашты. Көпбалалы аналар баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне баса мән беру керек деп талап қойған. Одан бөлек, әр балаға сол ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болатындай көлемде жәрдемақы беруді сұраған.21 мың теңгенің «жыры»
Араға екі жарым аптадай уақыт салып, Үкімет отставкаға жіберілді. Кейіннен билікке әлеуметтік реформаларға ерекше назар аудару тапсырмасы берілген. Жаңа Үкімет құрамында бес министр ауысты. Оның ішінде Ситер отбасындағы қайғылы жағдай кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Мәдина Әбілқасымова да бар. Орнына әлеуметтік жағдайды реттеуден алдына жан салмайтын басшы ретінде белгілі Бердібек Сапарбаев бекітілді. Дәл осы жағдайдан соң аз қамтылған отбасындағы балаларға төленетін жәрдемақы 21 мың теңгеге көтерілді. Жоспар бойынша Үкімет 800 мыңға жуық адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтуы тиіс болған. Ал есептей келе, көмекке зәру шаңырақ саны одан үш есе көп – 2,2 млн адам екені анықталады. Бұл да болса, қанша қазақстандықтың қандай ауыр жағдайда өмір сүруге мәжбүр екенін айқын көрсеткен жағдай болды. Атаулы әлеуметтік көмектің «жыры» аз болған жоқ. Тағайындалып, беріле бастағанда көп ана алғысын білдіріп, бұрын-соңды бес балаға 100 мың теңгеден жоғары алып көрмегендерін айтты. Дегенмен бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Өйткені әлеуметтік қамтамасыз ету заңы қайта қаралды. Әрі мемлекеттің «мойнына» мініп, масыл болуға ұмтылатындар көбейеді деген қауіппен атаулы әлеуметтік көмектің берілу тәртібі өзгертілді. Жалпы алғанда, 2020 жылдың соңына дейін көпбалалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден беріп отырды. Бүгінде мемлекет беретін жәрдемақы төрт балаға – 42 496 теңге, бес балаға – 53 127 теңге, алты балаға – 63 757 теңге, жетіден көп болса 74 388 теңгеге тең.Мемлекеттік жәрдемақы 236 млрд теңгені құрады
Десек те, жағдай соншалықты нашар емес. Себебі бұрынғымен салыстырғанда, азаматтардың әлеуметтік жағдайына мемлекет тарапынан назар аударыла бастады. Жауапкершілік артты. 2020 жылы мемлекеттік жәрдемақыны 392,4 мың көпбалалы отбасы алған. Жалпы сомасы – 236,1 млрд теңге. Сонымен бірге көпбалалы отбасылар төмен пайызбен ипотекаға үй ала алады. Әкімдікте үй кезегінде тұрғандар бастапқы жарна 10 пайызбен, жылдық мөлшерлемесі 2 пайыз болатын бағдарламаға қатысып, баспаналы болуына мүмкіндік бар. 20 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Жаңа салынған үй, қолданыстағы пәтер не жер үйді қалауына қарай таңдайды. Бастысы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларынан ең жоғары сома – 15 миллион теңгеге, өзге өңірлерден 10 миллион теңгеге баспана алады. Отбасының әр мүшесіне шаққанда бір айлық табыс мөлшері соңғы алты ай ішінде ең төменгі жалақы – 42 500 теңгеден аспауы тиіс. Мемлекеттік жәрдемақы кіріс ретінде саналмайды. Мәселен, егер отбасында алты адам болса, жалпы кіріс 255 000 теңгеден (6 адам х 42 500 теңге = 255 000 теңге) аспауы керек. Міне, әлеуметтік осал топ өкілдеріне мемлекет тарапынан осындай кішігірім қолдау беріліп жатыр. Мемлекет қазақстандықтардың жағдайын жақсартып, мәселесі біткеннің бәрін шешіп бермесе де, сол мақсатта қадам жасалды. Халықтың үніне құлақ асу жағынан да біршама алға жылжу байқалады. Бұл – қуантарлық жағдай. Әлбетте, адам өлімі сынды ауыр салдар болғаннан кейін ғана білек сыбана кіріскен жөн емес. Алдын алып, барынша реттеу міндет. Айтпақшы, бір түнде бес бірдей қызынан айырылған Ситер отбасы былтыр жыл соңында ұлды болғаны туралы сүйінші жаңалық тараған. Күллі елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиғаның енді қайталанбағаны жақсы.Айша ЕРСҰЛТАН