«Аңсаған сәби» асыл арманға қол жеткізе ме?
«Аңсаған сәби» асыл арманға қол жеткізе ме?
174
оқылды

Сәби сүюді аңсаған отбасыға ар­налған арнайы бағдарлама биылдан бастау алды. Жылдағымен салыс­тырғанда жеті есе көп квота бөлінді. Сонымен қоса балалы бола алмай жүр­ген жұптардың тізімі де жасақ­талады. Ендеше, мұны бедеулік пен белсіздіктің зардабын тартып кел­гендердің шаңырағына шаттық сый­лайтын ақжолтай хабар деуге бола ма? Елдегі ахуалға қалай әсер етеді?

Бізге негізі 18 мың квота керек

Бүгінде әлем бойынша 12-20 пайызға жуық жұптардың бала сүйе алмай отырғаны туралы статистика бар. Оның ішінде жартысына жуығы көмекші репродуктивті технологияларға зәру. Біздің елдегі ахуал да мәз емес. Әрбір алтыншы отбасында осы мәселе бар. Әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесіне қарасақ, қазақстандықтардың 20 пайызы ажырасуға осы бала көтере алмау себеп болады деп есептейді екен. Енді осы мәселеге мемлекет білек сыбана кірісетін болды. Әлбетте, квота санының көбейгені сүйінші хабардың да бұрынғымен салыс­тырғанда көбейетінін көрсетуі керек. Бірден жеті есе артқаны да жөн. Себебі осы күнге дейін біздегі квота санының өте аз екені жайлы талай мәрте айтылып, талай жерде жазылып та жүрді. Мәселен, ESHRE Еуропалық адам репродукциясы қауымдас­тығының мәліметтеріне сәйкес, 1 млн адамға шаққанда мемлекет тарапынан 1,5 мың жеңілдетілген ЭКО бағдарламасы бо­луға тиіс. Бұл дегеніміз – Қазақстанға жылына 18 000 квота бөлу керек деген сөз. Яғни, Еуропадағы сәбилердің 3 пайызы осы жолмен өмірге келетін болса, біздегі көр­сеткіш өте мардымсыз – 0,3 пайыз ғана. Соны­мен қатар дамыған елдердің денінде көмекші репродуктивті технологиялар мемлекеттік бюджет немесе мемлекеттік сақтандыру есебінен іске асырылады. Айталық, Израиль баласы жоқ жұпқа ба­лалы болмайынша квота бөле береді. Фран­цияда ерлі-зайыптыларға төрт рет мүмкіндік берілсе, Аргентинада үш рет тегін жасатуға рұқсат. Аустралияда 49 жасқа келгенше шектеу жоқ. Біздегі бір ерекшелік сол – баласы бар отбасыларға квотаны пайдалануға тыйым салмайды. Бір анадан оннан астам бала тараған қазақ халқы үшін бұған шектеу қойылмағанының өзі жақсы жаңалық деп бағамдауға болады.

Биыл қандай өзгеріс бар?

Ал енді биыл бөлінген квоталарға кел­сек. Денсаулық сақтау министрлігінің ақ­паратына сүйенсек, қазіргі таңда аймақтарға бөлініп қойған. Енді ЭКО орталықтары арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу ғана қалып отыр. Кімдердің қатысатыны әйелдер кеңес алуы кезінде белгілі болады. Биылғы тағы бір жаңалық – міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру пакетіне қосылғаны. Яғни, былтырға дейін ЭКО-ға квота тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында бөлініп келген еді. Ал қазір өзгерді. Айырмашылық сол – медициналық сақтандыру қорына аударым жасалған болуы шарт. Жалпы алғанда, әйел ЭКО жа­сату үшін МӘМС қатысушысы немесе жеңіл­дігі бар санатқа жатуы қажет. Осы екі категорияға тиісті болмаса, демек квотаны қолдана алмайды деген сөз. Әйтсе де, өзін-өзі жұмыспен қамтитын әйелдер Медицина­лық сақтандыру қорына бірыңғай жиынтық төлем аударып отырса да болады. Бөркімізді аспанға атып, қуанып жат­қанымыз түсінікті. Мысалы, биыл жеті мың квота бөлінді. Ал кезекте тұрғандар саны — 10 мың адам. Ескеру керек бір жайт, квота бөлгенмен, баланың өмірге келуі де сол секілді жеті есе артып кетеді деп қате ойлауға болмайды. Себебі ЭКО ешқашан 100 пайыз нәтиже береді деген кепілдік жоқ. Бірінші реттен-ақ көтеру мүмкіндігі 35-45 пайыз жағдайда болады екен әрі бұл ретте ерлі-зайыптының денсаулығы, жасы сынды өзге де факторларға тәуелді. Медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшиннің айтуынша, ең жақсы көрсеткіш деп осыдан кейін 2 500 сәби өмірге келсе айтуға болады. «Егер тізімге 40-тан асқан әйелдерді қосса, онда бұл сан бұдан да төмендейді. Өйткені олардың бала көтеру мүмкіндігі – 10-12 пайыз шамасында. Сондықтан құр ста­тистикаға сүйеніп бағдарламаның тиімді не тиімсіз екеніне баға беруге болмайды. Айталық, Қазақстанда жыл сайын 20-25 мың жаңа бедеу отбасы пайда болып отыра­ды. Одан бөлек, ресми некеде болмаса да әрбір төртінші әйел бірге тұрады. Міне, солар­дың ішінде де бала көтере алмай жүргендер бар. Меніңше, қазір Қазақстанда жалпы саны жүз мыңға жуық отбасы бала сүйе алмай отыр. Жартысы емделер, ал қалған жартысына ЭКО ғана көмектеседі», – дейді маман. Локшиннің сөзіне сүйенсек, жасанды жолмен ұрықтандыру кезінде орта есеппен 40 пайыз әйел көтеріп, 30 пайызы сәбиін құшағына алады екен. Бұл енді орта есеппен алғанда ғана. Бұдан да аз болуы мүмкін. 

Аналық жасушаны қатырып қоюға болады

Репродуктивті медицина институтына жы­лына 10 мыңға жуық жұп бала көтере алмай жүргенін айтып келеді екен. Олардың 60 пайызына түрлі ем-дом жасалып, нәтижесінде жатырына бала бітеді. Ал қалған 40 пайызына ЭКО жасатудан өзге амал жоқ. Ширек ғасыр ішінде Қазақстанда «түтіктен» шыққан баланың саны 18 мың. Олардың алды бүгінде өздері де ата-ана бол­ған. Елімізде жасанды жолмен ұрық­тандырумен айналысатын 25 емхана бар. Процедуралардың дені коммерциялық жол­мен өтеді. Өйткені квота шыққанын күтіп, уақыт алғаннан гөрі ақша тауып, ертерек қамданғанды жөн көретіндер көп. Солардың бірі — Айман Нүсіпова (аты-жөні өзгертілді — ред.). Айманның тұрмысқа шыққанына биыл он жылдан асты. 28 жасында келін болып түскен оның бар арманы — бала сүю. Бір рет ЭКО жасатып көрген. Дегенмен нәтиже болмаған. Әйтсе де, тағы да бақ сынап көруге дайын. «Алғаш рет осыдан бес жыл бұрын ақылы негізде жасаттық. Бала сүйе алмадым. Былтыр жыл соңында квотаға ілінгенмін. Ақтөбедегі емханада емес, Нұр-Сұлтанда жасалады деді. Дереу ұшып бардым. Бірақ денсаулығымды дәл сол сәтте кінәрат табылып, анализдерім нашар болғандықтан кейінге қалдырды. Қазір емделіп жатырмыз. Биыл квота санын көбейткеніне қуаныштымын. Бірге қаралып жүрген келіншектермен араласамыз. Олар да квотаға тезірек ілініп, бала көтерсем деп армандайды», – дейді ол. Айтпақшы, уақытты өткізіп алмау үшін ерте қамдану демекші, бір рет сәтсіз жасалған күннің өзінде әйелдің аналық жасушасын қатырып қоятын да әдіс бар. Репродуктологтар осы тәсілді қолдануға кеңес береді. «Айталық, әйел бізге алғаш рет 34 жасында келген болсын. Ол кезде одан 5 ұрық жасушасын алып қалайық. Араға бір­неше жыл өткенде қайта келетін болса, мүл­дем ала алмауымыз да мүмкін. Сондық­тан бірінші ретте 1-2 эмбрион салып, қалғанын пациенттің келісімі бойынша қатырып қоюға болады. Бұл әдіс не үшін десеңіз, алғашқы талпыныстан көтере алмаса, араға жылдар салып, тағы бір рет ЭКО-ны өз аналық жасушасымен жасауына болады», – дейді репродуктолог-дәрігер Радха Арипова. Әлбетте, материалды сақтау – ақылы. Айына 3 500 теңге төлеуіңіз керек. Әу баста ЭКО енді-енді Қазақстанда жаса­лып бастағанда үшем, төртемдер көптеп өмірге келді. Оның себебі – бір мезетте 3-4 эмбрион салуға рұқсат етілген еді. Бірақ кейіннен мұны өзгертіп, бір-екеуден артық салуға болмайды деді. Өйткені бұл проце­дура өте күрделі. Қалай десек те, «Аңсаған сәбидің» арқасында балалы болып, шаңы­рақта шаттық еселене түссе, мақсаттың орындалғаны. Бәлкім, уақыт өте келе жеті мың квота бұдан да еселене түсер. Ал әзірге жасалған шағын ота – ЭКО-дан кейін жақ­сы жаңалықты бірінен соң бірін жеткізуді тілейміз.

Жадыра АҚҚАЙЫР