Қазақстандықтар билік назарын «жыныстық бопсалау» мәселесіне аударды. Бастама көтерген – Құқықтық саясатты зерттеу орталығы. Заңнамада жыныстық бопсалағаны үшін, қырындап тиіскені үшін жеке бап жоғы мәселе көтеруге себеп болып отыр. Қазір орталық мамандары петицияға қол жинап жатыр. Халықаралық заңгер Аяжан Ойратованың айтуынша, елімізде харассментке заңмен тыйым салынса, зорлық-зомбылықтың алдын алуға болады. Иә, бұл сөз біздің қоғамға 2017 жылы #MeToo қозғалысы басталғаннан кейін енді. Тарқатып айтсақ, Голливуд актрисалары әйгілі продюсер Харви Вайнштейнге харассмент жасады деп айып тағып, интернетке #MeToo хэштегімен оқиғасын жариялады. Осыдан кейін адамдар әлеуметтік желіде аталған хештегпен басынан өткен харассмент оқиғаларымен бөлісіп, жыныстық бопсалау мен жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы қозғалыс бастады. Жалпы, харассмент дегеніміз не? Харассментке қарсы заң не үшін қажет? Осы және өзге де сұрақтарға Шығыс Англия университетінің магистрі, халықаралық заңгер Аяжан Ойратова жауап береді.
– Жалпы, харассмент дегеніміз не? Бұлай сұрауымызға себеп – елімізде «харассмент – кемсіту» деп түсінетіндер бар. – Дұрыс айтасыз, қоғамда әртүрлі пікір бар. Алдымен, терминнің қоғамдық сипатын ашып салсақ. Өйткені харассмент пен «жыныстық бопсалау» бір ұғым. Шетелде харассмент – ол харассмент. Ал Ресейде харассментті «сексуальное домогательство» деп аударған. Бірақ мұны әлі заңмен бекіткен жоқ. Содан кейін бізде сұрақ туды. Әлемдік стандарт бойынша харассмент деп қалдырамыз ба, әлде «жыныстық бопсалау» деп аударамыз ба? Осылайша, екі атау да қолданыста жүр. Харассмент –адамның намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғып, құқын бұзу және кемсіту, жыныстық қатынасқа түсуге шақыру. Егер біреу сіздің денеңізге рұқсатсыз қол тигізсе, сексуалдық сипаттағы басқа да ауызша немесе физикалық күш қолданса, құшақтап, иіскесе, бұл – харассмент. Жұмысқа тұрғанда, жалақы көтергенде немесе қызметтік баспалдақпен өсу кезінде сексуалды қызмет көрсетуді ұсынса, демек сіз «жыныстық бопсалаудың» құрбанысыз. Жұмыста бастығыңыз кешкі асқа шақырып қылмыңдаса, жыныстық қатынасқа түсуге шақырса, жұмыстан шығарып жіберемін деп қорқытса да, «жыныстық бопсалау» деп түсініңіз. Таксиде мүлдем танымайтын адам денеңізге қол тигізіп, сексуалды әрекет жасауға шақырса да «жыныстық бопсалау» болып саналады. Тізімді шексіз жалғастыра беруге болады. Бірақ зорлау және ұрып-соғу харассментке жатпайды. – Әлі күнге дейін Қазақстанда «жыныстық бопсалау» түсінігі заңдастырылмаған. Не себепті? – Мүмкін бұл мәселені халық қолдамағаннан болар. Одан кейінгі себеп биліктің Қылмыстық кодекстегі 123-бапты жеткілікті санауы деп ойлаймын. Әйелді зорлау — қылмыс. Жыныстық бопсалау – зорлауға дейінгі қадам. Ауруын жасырған өледі. Сондықтан қарсы тараптан жоғарыда аталғандай іс-әрекет байқасаңыз, қысылып, ұялғаннан жасыруға тырыспаңыз. Өйткені кей жағдайда, зорлау алдында харассмент арқылы әйелдерді жыныстық қатынасқа түсуге шақырады. Әйел келіспегендіктен, күштеп, түрлі қысым көрсете отырып зорлайды. Мұндай жағдайда зорлаудың алдын алуға болады. Бірақ жәбірленушілер ұялғаннан жасырып қалады. Ал халық харассментті дінімізге, ұлтымызға, дәстүрімізге жат нәрсе деп санайды. Әрине, ол қазақ халқына таңсық, жат нәрсе болғанымен, мұндай құқықбұзушылықтар елде жоқ деп көз жұмуға болмайды. Зорлау, әйелдерді кемсіту кейінгі жылдары азаймай, керісінше көбейіп келеді. Қазақстанда «жыныстық бопсалау» жайлы нақты термин болмағандықтан, адамдар өздерін қорғай алмай келеді. Иә, кей әрекеттер Қылмыстық кодекстің 123-бабына, не Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің Ұсақ бұзақылық баптарына сәйкес фото-видео, хаттар сынды нақты дәлелдемелермен ғана қорғалады. Біздің білуімізше, мұндай істер өте аз. Мәжілісте қаралған отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтату мақсатындағы өзгерістерді көпшілігі қолдамады. Әлеуметтік желілерде «баланы және әйелді ұру – дәстүр» деп іліп әкеткендер жеткілікті. Бұл – Қазақстан қол қойған бірқатар халықаралық құжаттарға қайшы келетін көзқарас. Қазақстан халықаралық құқық бойынша әр азаматтың денсаулығына, өміріне, ар-ожданына зардабын тигізетін әрекеттерге тыйым салып, адам құқықтарын барынша қорғауға жағдай жасауы керек. Соның ішінде харассментке тыйым салып, заң бұзатын адамдарды жауапқа тартатын тетіктерді іске қосса деймін. Жыныстық бопсалау – зорлық пен суицидке апаратын алғашқы қадам екенін ескере отырып, Қылмыстық кодекске не Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске арнайы бап енгізуіміз қажет. – «Жыныстық бопсалау» суицидке әкелуі мүмкін дедіңіз, тарқатып айтып бересіз бе? – Харассменттің салдары зорлыққа, тіпті адам өліміне, яғни, суицидке әкелуі мүмкін. Зорланған не харассментке ұшыраған қыз-келіншектер мен еркектер психикалық азапқа түседі. Мұндай адамдарда үнемі уайым, үрей, қорқыныш сезімдері серік болып, өзін-өзі қорғау мақсатында паранойя пайда болуы мүмкін. Соның салдарынан адамдар ауыр психологиялық ауруларға шалдығып жатады. Ал енді олардың агрессорлары жауапқа тартылмаса, тіпті ахуалы нашарлайды. Қазіргі таңда, айыпталушы Қылмыстық кодекстің 123-бабы бойынша жазаланады. Бірақ іс жүзінде бұл бап өте әлсіз. Сондықтан бөлек әрі нақты бап керек. 1998 жылдан бастап елімізде жыныстық бопсалау бойынша 88 дерек тіркелген. Сотқа тек 30 іс жіберілген, алайда бірде-бір айыпталушы бас бостандығынан айыру жазасына кесілмеген. 2020 жылы аталған бап бойынша тек бір іс қозғалған. Ал кез келген қыз-келіншектен сұрасаңыз, жыныстық бопсалауға ұшырағанын айтып береді. Демек, жыныстық бопсалауға қатысты бөлек бап керек. Осы орайда, Құқықтық саясатты зерттеу орталығы бір топ қазақстандық белсенділер мен заңгерлердің қолдауымен «Қазақстанда жыныстық бопсалауға заңнамалық тыйым салу туралы» петиция жарияладық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты елдегі харассмент мәселесіне назар аударуға шақырдық. Әзірге қол қойғандардың саны 480-ге жетті. Реакция білдіргендердің басым көпшілігі – қыз-келіншектер. Өкінішке қарай, қазақ қоғамы харассментті қылмыс деп қабылдай алмай жатыр. – Орталыққа қоңырау шалып, басынан өткен жағдайлармен бөлісетіндер бар болар. Харассментке қатысты сізді таңғалдырған оқиғаны баяндасаңыз. – 2020 жылы ақпан айында Dequiin әншісімен түнгі клубта болған жағдайды атап өтуге болады. Яғни, Dequiin-ді білетін, танитын рэперлер оны сипалап, харассмент көрсеткен. Одан кейін біз полиция қызметкерінің әйелді жыныстық қарым-қатынасқа түсуге шақырғаны жайында естідік. Осыдан соң полиция қызметкері жұмысынан кетті. Біз құқық қорғау қызметкерінің мұндай әрекетке барғанына таңғалдық. Мысалы, өткен жылы желтоқсан айында Шиелі аудандық сотының судьясы Гүлнұр Құрманбай өзіне сот төрағасы харассмент жасағанын хабарлап, Жоғарғы сотқа шағымданған. Алайда Жоғарғы сот шағымын қабылдаған жоқ. Себебі сот харассмент этика кодексіне қайшы келмейтінін, жәбірленуші Қылмыстық кодекске сәйкес шағымдануы тиіс деп шешті. Судьяны кейін жұмыстан шығарды. Бұл жағдай көптеген сұрақ туғызады. Харассмент болса және ол этикалық кодекске қайшы келмесе, неге судья өзі заңдарды біле тұра полицияға хабарлаған жоқ? Әрине, біз осы жағдайға құқықтық есеп бере алмаймыз, себебі бізде харассмент болғаны, не болмағаны жайлы еш дәлел жоқ. Алайда бұл жағдайға байланысты қорытындылар жасауға болады. Біріншіден, судьялардың ережелер мен ішкі іс жүргізу процесін егжей-тегжейлі білмеуі және дәлелдер жинай алмауы. Екіншіден, біздің ойымызша, Қылмыстық кодекстен және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстен тыс судьялардың этикалық ережелеріне харассментке тыйым салатын ережелерді енгізу керек. Одан тыс, Жоғарғы сот жұмыс орнында харассментті болдырмауға қатысты арнайы тренингтер ұйымдастырмайтынын да көріп отырмыз. Елімізде харассмент жайында мәселе көтеретін әйелдерді агрессивті феминистер қатарына жатқызады. Шын мәнінде, бұл жерде агрессия жоқ, тек өзін-өзі қорғау қажеттілігі бар. Сондықтан өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күресу сәті келді. Әрине, бұрын да бұл тақырыпта еркін сөйлейтін азаматтар болды. Бірақ халық жіті мән бермей келді. Мәселен, 2015 жылы Анна Белоусованың харассмент жайлы кейсі болды. Мектеп директоры техникалық қызметкер болып істейтін Аннаны жыныстық қатынасқа түсуге шақырған. Ал әйел бұған келіспегендіктен бастығы жұмыстан шығарған. Бұл жағдай бойынша полиция іс қозғамаған болатын. Соңында Анна Белоусова БҰҰ комитетіне шағымданып, істі жеңген болатын.Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ