Целиноград ауданының Қаражар ауылында электр желілері бағандары төрт жылдан бері түзетілмей келеді. 5 000 мыңнан астам халқы бар, мыңға жуық түтін тұратын ауылда жарық құны екі есеге жуық қымбат. Себеп – ауылды «АРЭК» акционерлік қоғамы қабылдамаған. Осылайша, ауыл тұрғындары өз күшімен қаражат жинап, трансформатор мен ағаш бағандарға дейін өздері орнатқан. Олар күннің ыстығы мен жаңбырдан шіри бастаған. 2016-2017 жылдары бюджеттің қоржынынан 600 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Ол қаржы электр желілерінің құлағалы тұрған ағаш бағандарын ауыстырып, жарық мәселесін түбегейлі шешуге бағытталыпты. Алайда зымырап өте шыққан төрт жылда тек бір ғана №2 шағынауданның электр желілері орнатылған. Оның өзі де толық аяқталмаған. Ал қалған жұрт жарықтың мемлекет қарауына алынып, бірдей бағада берілгенін қалайды.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, жарық бағандарын орнату халық тығыз орналасқан 1 немесе 3-шағынаудандарда емес, үйлер саны аз 2-шағынауданда басталған. Ал ауылдың қалған бөлігінде шыбық басы сынбапты. «Біз жылдар бойы жарықтың зардабын тартып келеміз. Тек үшінші қыс қана тұрып келеміз. Ал жұрт 15 жылдан астам уақыттан бері жанайқайын еститін құлақ таппай келеді. Өз қолымызбен орнатқан ағаш бағандарымыз салмағы ауыр электр желілерін көтере алмайды. Қисайып не болмаса құлаудың аз-ақ алдында тұр. Тіпті, трансформаторға дейін өзіміз ақша жинап орнаттық. Ал бізді «АРЭК» АҚ қабылдамай отыр. Сол себепті электр энергиясы үшін жекеменшік компанияларға қымбат бағамен төлеп келеміз.Естуімше, осыдан төрт жыл бұрын 2016 жылы біздің электр желілерін жөндеу үшін 600 млн теңге қаражат мердігер компанияға бөлінген. Бұл қаражат жұмыстың аяқталуына қарай кезең-кезеңімен берілуі тиіс болған. Өкініштісі сол әлі күнге жарық мәселесі шешілмей келеді. Әкімдік биыл мәселені шеше ме, бізді тек осы қызықтырады, – дейді Қаражар ауылы тұрғындары-ның бірі (аты-жөнін айтқысы келмеді). Ауыл тұрғындарының айтуынша, олар бірнеше рет аудан әкімдігіне хат жазып, тіпті қабылдауында болған. Бірақ қанша әкім ауысса да, мәселе шешілмеген. Ал үйлер көбірек салынған сайын электр жарығы жиі сөніп, тіпті электр құралдарының бірнешеуінің бірдей істен шығуына да әкеліп соққан. «Біздің осында тұрғанымызға он бір жылдан асты. Алты жыл бұрын үй салғанбыз. Электр желілері салбырап, кейбірі тіпті құлап жатады. Балалар тоққа түсіп қала ма деп қорқамыз. Ал ауыл елорданың түбінде орналасқан. Нұр-Сұлтанның шекарасынан бір жарым шақырым жерде ғана тұрамыз. Кешкілік тіпті қиын. Микротолқынды пеш, үтік немесе кір жуатын машинаны мүлде қоса алмаймыз. Өйткені электр қуатының күші жетпейді. Адамдар көшіп келіп, үйлер көбірек салынып жатыр. Үйге электр тарту да қымбат. Қосылу үшін 200 мың теңге төледік. Тұрғын үйлер жарыққа көбірек қосылғандықтан, КТП-ның күші мүлде жетіспейді. Жарық жиі өшіп, тоқ кернеуінің ұлғаюынан екі бірдей теледидарым мен микротолқынды пешім күйіп кетті. Кешкілік тоңазытқыш әрең қосылады. Соған қарамастан электр жарығы үшін 27 теңгеден төлейміз. Көп ештеңе қоспасақ та, ай сайын кемінде 6-7 мың теңге төлейміз. Мәселе осыған дейін бірнеше республикалық телеарналарда көрсетілген. Бірақ еш нәтижесі болмады», – дейді Қаражар ауылының тұрғыны Гүлсім Хасенова. Гүлсімнің айтуынша, ауылда жол мәселесі де аса қиын. Көшелердің арасы саз-батпаққа толған. Асфальт жол атымен жоқ. Ал көшелерде ары-бері жүрген «КамАЗ» және басқа да жүк көліктері қара жолдарды тереңдетіп ойып тастаған. Әкімдік орталық жолдарға қиыршық тас төсеген. Ал қыста боранды күндері қар басқан жолды ашып, тазалағаннан басқа еш әрекет болмаған. Біз мәселені Целиноград ауданы әкімдігінің тиісті сала басшыларынан білмек болдық. «Алғашқы жоба 2016 жылы басталған. Бірақ мемлекеттен қаражаттың уақытында бөлінбеуіне байланысты ұзақ уақыт тұрып қалды. Бюджеттен 554 905 теңге көлеміндегі қаражат тек 2018 жылы бөлінді. Сөйтіп, мердігер компания «КСНК-АЭФ» компаниямен бірлесіп, 400 абонентті қосу жұмыстары жүргізілді. Биыл аталған жобаны аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, биыл мердігер «Тау Проджект» компаниясымен екінші жоба қолға алынды. Жоба 20 млн теңгеге жасалды. Мұнымен ауылдың 1, 3, 4 шағынаудандарына электр желілерін тарту жұмыстарын жүргізбекпіз. Шамамен 500 абонентті қосу жоспарланып отыр. Қазір жоба әзірленіп, сараптамаға берілейін деп жатыр. Ақпанның соңында сараптамадан өтеді деген ойдамыз. Ал қаражат бөлінсе, электр желілерін монтаждау жұмыстарын жазғы уақытта бастамақпыз. Жұмыстардың тежелуіне елдегі пандемия біршама зор кедергісін тигізді, – дейді Целиноград ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Валерий Асамбаев. Ауыл тұрғындары биліктің назары түсіп, ең басты мәселелері жарық пен жолдың қалпына келетінінен әлі де үмітті.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы