Сыртқы қарыз – $160 миллиард

Сыртқы қарыз – $160 миллиард

Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 миллиард долларға жетті. Сөйтіп, ЖІӨ-ге шаққанда 90,7%-ды құрады. Бұл туралы Ұлттық банктің Төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаев хабарлады. Дегенмен ол осы миллиардтардың бәрі бірдей «бюджеттің немесе халықтың қаражаты есебінен төленуге жатпайтынын» айтады.

«Сыртқы борыштың 80%-дайына мемлекет те, қарапайым азаматтар да жауап бермейді, олар жеке ұйымдардың міндеттемелеріне тиесілі. Бұл ретте мемлекеттік сыртқы қарыз елдің бүкіл борышының бар-жоғы 8,2%-ына тең немесе 13,2 миллиард дол­лар. Ал ұлттық компаниялар, ұлттық холдингтер және басқа да квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы – 12,5% немесе 20,1 миллиард доллар. Бұл ЖІӨ-ге шаққанда 18,8%-ы және халықаралық тәжірибеге сәйкес, қауіпсіз деңгейге жатады», – деді А.Өскенбаев. Оның мәліметінше, әзірге квазимемсектор ұйымдары сыртқы борышын уақытылы төлеп жатыр, нәтижесінде Қазақстанның тікелей және шартты сыртқы міндеттемелері соңғы 3 жыл ішінде 6,2 млрд долларға немесе 15,7%-ға азайды. Атап өтер жайт, елімізден сыртқа әлдеқайда көп сома әкетіледі: «Қазақстанның мемлекеттік секторы бүкіл әлем үшін нетто-кредитор саналады. Мысалы, 2020 жылғы 1 қазанда сыртқы активтер сыртқы мін­деттемеден 43 миллиард АҚШ долларына көп болды немесе 4,3 есе асып түсті. Яғни, әлем елдері бізге берген қарызына қарағанда өзімізге көбірек қа­рыз», – деді Ұлттық банк өкілі. Елдің сыртқы қарызының құрылымында ең көп бөлікті жеке сектордың фирмааралық берешегі құрайды: 101,3 млрд доллар немесе 62,9%-ы. Оның ауқымды бөлігі шетелдіктер қатысып жатқан 3 ірі жобаның – Қашаған, ТШО мен Қарашығанақтың еншісінде. Мұндай жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвесторлар Қазақстанда тіркелген өз компанияларын қаржыландырады. Халықаралық әдіснамаға сәйкес, осындай инвестициялар да елдің сыртқы қарызы болып есептеледі.

Елдос СЕНБАЙ