Азғындар жазадан жасқана ма?
Азғындар жазадан жасқана ма?
166
оқылды

Бұдан былай педофилдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады. 1 қаңтардан бастап күшіне енген заңға сәйкес, зорлау және нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекет­тері орташа қылмыстан аса ауыр қылмыс санатына ауысты. Енді заң бойынша екі тараптың өзара келісімге келуіне де тыйым салынады.

Әу баста бұл мәселені Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев был­тыр­­ғы Жолдауында көтерген.

«Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтар­дың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зор­лық-зомбылық, педофилия, есірт­кі тарату, адам саудасы, әйел­­дерге қатысты тұрмыстық зор­лық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе бала­ларға қатысты қылмыстарға қол­данылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкі­метке тапсырамын» деген еді Мемлекет басшысы.

Мәселенің мәнісін түсіндіріп өтейік. Негізі бұрын да зорлау қыл­мысы Қазақстанда ауыр санатқа жатқызылатын. 2000 жылы Парла­мент заңнаманы ізгілендіру мақ­са­тында оны орташа санатқа көшір­ді. Сол­қылдақ заңның кесірінен кейбір жағдайда тараптар татула­сып, қозғалған істің аяқсыз қалуы, зорлықшының жазадан сыты­лып кетуі әдепкі құбылысқа айналған. Президент осы олқы­лықтың орнын толтыруды көз­деген сыңайлы. Обалы не керек, тапсырма орындалды. Енді 14 жасқа дейінгі балаларды зор­ла­­ғандар 20 жылға дейін сот­та­лады немесе өмір бойы тар қа­­пасқа қамалады. Сондай-ақ педо­­филия дерегін біле тұра қаса­қана жасырғандар, құқық қорғау органына хабарламағандар мен бұрмалағандар 6 жылға дейін бас бостан­дығынан айырылады.

Жаңа заңға қатысты ел-жұрт­тың пікірі ала-құла. Біреулер «азғын­дарды қоғамнан оқшаулап, ешқашан түрмеден шығармау керек» деп санайды. «Педофилді салық төлеушілердің есебінен асырағанша бірден өлім жазасына кескен дұрыс» дейтіндер де бар. Әрине, бейкүнә бүлдіршіннің бола­­шағына балта шауып, тағды­рын тас-талқан еткендерге кешірім жоқ. Әлеуметтік желі­де де жазаның осы түрін қолдайтындардың қара­сы басым. Алайда бүгін-ертең мем­­лекеттің мұндай қатқыл қа­дам­ға бара қоюы екіталай. Қазақ­станда өлім жазасына мораторий жарияланғаны белгілі. Одан бас тар­тамыз десек, бірқатар құқық­тық нормалар қайта қаралуы қажет.

Халықаралық тәжірибеге үңіл­сек, жазаны қатайту қылмыстың азаюына ешқандай әсер етпейді екен. Тіпті, алысқа бармай-ақ өзі­­­­­мізді алайықшы. Бізде 2018 жыл­­­ғы 1 қаңтардан бері кәмелетке тол­­­ма­ған жас балаларды зорлаған аз­­­ғын­дарға кастрация жасау заң­на­­масы қолданысқа енді. Ол үшін бюджеттен 9 млн 629 мың теңге бөлінген. Ал 2019 жылы 11 млн 38 мың теңге қарастырылған. Қыр­күйек айында Қылмыстық атқару жүйесі комитеті 11 адамның химиялық жолмен піштірілгенін мә­лімдеді. Химиялық піштіру деге­ні­міз – жыныстық құмар­­лықты тө­мендететін антиандрогендік препаратты ағзаға енгізу шарасы. Оны сот шешімінің негізінде ме­дициналық мекеме жүргізеді. Әйтсе де сарапшылардың айтуын­ша, кейбір қылмыскерлер кастрацияның күшін қайтаратын анти­препарат тауып алатын кө­рі­неді. Ондай препараттар на­рықта емін-еркін сатылады. Сондықтан піштіреді екен деп айылын жиған, нәпсісін тиған педофил бар ма, жоқ па – әлі беймәлім.

Сонда қайтпек керек? «Педо­фил» сөзін естіген жұрттың төбе шашы тік тұрып, жаны түршігетін халге жетті. Дүниежүзіне көз тігейік­ші. Бүкіл әлем ақырзаман ауруы­мен шама-шарқынша күре­сіп, мейлінше тосқауыл қоюға тырысып жатыр. Мәселен, Қытай­да педофилдің баланы зорлағаны дәлелденсе, сөзсіз өлім жазасына кесіледі. Айрықша жағдайларда ғана сот шешімімен еркектік мүшесін шауып тастайды. Мысыр мен Иранда азғындар көпшіліктің көз алдында атылады немесе дарға асылады. Солтүстік Кореяда педо­филді өз құрбаны өлтіреді: кінәліге ату жазасы белгіленеді, ал зорланған бала сол ату тобының құрамына кіреді. Үндістан үкіме­ті 2018 жылы 12 жасқа дейінгі қыз­дарды зорлағандарға өлім жаза­сын енгізді. Сауд Арабия­сында, Латын Америкасы мемлекеттерінде, Оңтүс­тік Корея мен Иракта да «сәби­құмарлар» өмірімен қош ай­тысады. Тіпті, Африканың кей­бір елдері педофилді тірідей өр­теп жібереді.

АҚШ-та педофилдердің көлі­гінің нөмірі бір түсті ғана болатын штаттар бар. Соған қарап көлік иесінің педофил екенін дүйім жұрт біледі де, теріс айналады. Ата-аналар баласын жасыра бас­тайды. Азғындардың үйіне арнайы тақтайша ілінеді. Біз «Мұнда еңбегі сіңген мәдениет қайраткері немесе халық әртісі тұрады» деп жазып қойсақ, олар «Мұнда педофил тұрады» деп жазып қояды.

Біздің пайымдауымызша, осы жазаның бәрін бірдей қолдануымыз керек. Кастрация жасалсын, аты-жөні ашық жа­риялансын, ақтық демі шық­қанша темір торда отырсын, тағы­сын тағылар. Мораторий мерзімі біткенде өлім жазасы қай­тарылсын. Зорланған балалардың, немесе ата-аналарының орнына өзіңді қойсаң, одан зорғысын істегің келетіні жасырын емес. Дегенмен педофилдер қарасы неге көбейді деген мәселе тағы бар. Бұл қылмыстың тамыры әлеуметтік жағдайға, тәртіп пен тәрбиеге, психологияға қатысты болуы да мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Демек, жазаны күшейте отырып, алдын алу тетіктерін қарастыру да өзекті.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ