Бұдан былай педофилдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады. 1 қаңтардан бастап күшіне енген заңға сәйкес, зорлау және нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері орташа қылмыстан аса ауыр қылмыс санатына ауысты. Енді заң бойынша екі тараптың өзара келісімге келуіне де тыйым салынады.
Әу баста бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында көтерген.
«Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын» деген еді Мемлекет басшысы.
Мәселенің мәнісін түсіндіріп өтейік. Негізі бұрын да зорлау қылмысы Қазақстанда ауыр санатқа жатқызылатын. 2000 жылы Парламент заңнаманы ізгілендіру мақсатында оны орташа санатқа көшірді. Солқылдақ заңның кесірінен кейбір жағдайда тараптар татуласып, қозғалған істің аяқсыз қалуы, зорлықшының жазадан сытылып кетуі әдепкі құбылысқа айналған. Президент осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген сыңайлы. Обалы не керек, тапсырма орындалды. Енді 14 жасқа дейінгі балаларды зорлағандар 20 жылға дейін сотталады немесе өмір бойы тар қапасқа қамалады. Сондай-ақ педофилия дерегін біле тұра қасақана жасырғандар, құқық қорғау органына хабарламағандар мен бұрмалағандар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Жаңа заңға қатысты ел-жұрттың пікірі ала-құла. Біреулер «азғындарды қоғамнан оқшаулап, ешқашан түрмеден шығармау керек» деп санайды. «Педофилді салық төлеушілердің есебінен асырағанша бірден өлім жазасына кескен дұрыс» дейтіндер де бар. Әрине, бейкүнә бүлдіршіннің болашағына балта шауып, тағдырын тас-талқан еткендерге кешірім жоқ. Әлеуметтік желіде де жазаның осы түрін қолдайтындардың қарасы басым. Алайда бүгін-ертең мемлекеттің мұндай қатқыл қадамға бара қоюы екіталай. Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланғаны белгілі. Одан бас тартамыз десек, бірқатар құқықтық нормалар қайта қаралуы қажет.
Халықаралық тәжірибеге үңілсек, жазаны қатайту қылмыстың азаюына ешқандай әсер етпейді екен. Тіпті, алысқа бармай-ақ өзімізді алайықшы. Бізде 2018 жылғы 1 қаңтардан бері кәмелетке толмаған жас балаларды зорлаған азғындарға кастрация жасау заңнамасы қолданысқа енді. Ол үшін бюджеттен 9 млн 629 мың теңге бөлінген. Ал 2019 жылы 11 млн 38 мың теңге қарастырылған. Қыркүйек айында Қылмыстық атқару жүйесі комитеті 11 адамның химиялық жолмен піштірілгенін мәлімдеді. Химиялық піштіру дегеніміз – жыныстық құмарлықты төмендететін антиандрогендік препаратты ағзаға енгізу шарасы. Оны сот шешімінің негізінде медициналық мекеме жүргізеді. Әйтсе де сарапшылардың айтуынша, кейбір қылмыскерлер кастрацияның күшін қайтаратын антипрепарат тауып алатын көрінеді. Ондай препараттар нарықта емін-еркін сатылады. Сондықтан піштіреді екен деп айылын жиған, нәпсісін тиған педофил бар ма, жоқ па – әлі беймәлім.
Сонда қайтпек керек? «Педофил» сөзін естіген жұрттың төбе шашы тік тұрып, жаны түршігетін халге жетті. Дүниежүзіне көз тігейікші. Бүкіл әлем ақырзаман ауруымен шама-шарқынша күресіп, мейлінше тосқауыл қоюға тырысып жатыр. Мәселен, Қытайда педофилдің баланы зорлағаны дәлелденсе, сөзсіз өлім жазасына кесіледі. Айрықша жағдайларда ғана сот шешімімен еркектік мүшесін шауып тастайды. Мысыр мен Иранда азғындар көпшіліктің көз алдында атылады немесе дарға асылады. Солтүстік Кореяда педофилді өз құрбаны өлтіреді: кінәліге ату жазасы белгіленеді, ал зорланған бала сол ату тобының құрамына кіреді. Үндістан үкіметі 2018 жылы 12 жасқа дейінгі қыздарды зорлағандарға өлім жазасын енгізді. Сауд Арабиясында, Латын Америкасы мемлекеттерінде, Оңтүстік Корея мен Иракта да «сәбиқұмарлар» өмірімен қош айтысады. Тіпті, Африканың кейбір елдері педофилді тірідей өртеп жібереді.
АҚШ-та педофилдердің көлігінің нөмірі бір түсті ғана болатын штаттар бар. Соған қарап көлік иесінің педофил екенін дүйім жұрт біледі де, теріс айналады. Ата-аналар баласын жасыра бастайды. Азғындардың үйіне арнайы тақтайша ілінеді. Біз «Мұнда еңбегі сіңген мәдениет қайраткері немесе халық әртісі тұрады» деп жазып қойсақ, олар «Мұнда педофил тұрады» деп жазып қояды.
Біздің пайымдауымызша, осы жазаның бәрін бірдей қолдануымыз керек. Кастрация жасалсын, аты-жөні ашық жариялансын, ақтық демі шыққанша темір торда отырсын, тағысын тағылар. Мораторий мерзімі біткенде өлім жазасы қайтарылсын. Зорланған балалардың, немесе ата-аналарының орнына өзіңді қойсаң, одан зорғысын істегің келетіні жасырын емес. Дегенмен педофилдер қарасы неге көбейді деген мәселе тағы бар. Бұл қылмыстың тамыры әлеуметтік жағдайға, тәртіп пен тәрбиеге, психологияға қатысты болуы да мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Демек, жазаны күшейте отырып, алдын алу тетіктерін қарастыру да өзекті.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ