Соңғы 15 жылда 40 мыңнан астам көлік шекара асып кетіпті. Бірақ соның 66-сы ғана иесіне қайтарылған. Ұрланған машинаның дені көршілес елдерге жөнелтілген. Өткенде Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин ІІМ жүйесінде тұрған автокөліктерге қатысты дербес деректердің сыртқа ағып кетуіне жол бермей, осы саланы тәртіпке келтіру қажетін қадап айтты.
Әсіресе, «егіз көліктер» схемасы тыйылмай тұр. Қылмыскерлер арам пиғылмен айдап әкеткен машинаның VIN-кодын көшіріп, түсі, маркасы, көлемі ұқсас автоға орнатады да, сатып жібереді. Ал темір тұлпарды тақымдаған жаңа иелері ештеңе сезбей жүре береді. Мысалы, бірер ай бұрын СҚО-ның тәртіп сақшылары Ресейде ұрлаған екі көлікті тапты. Патрульдік полиция батальонының экипажы Петропавлда ресейлік тіркеу нөмірін таққан Seat Leon автосын тоқтатқан. Құжаттарын тексеру кезінде оның іздеуде жүргені анықталған.Аталмыш дерек бойынша материал жиналып, «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші әйел көлікті сатып аларда тексермеген, яғни ұрланғанын білмеген. Полицейлер ештеңеге қаратпай, көлікті заңды иесіне қайтарды. Дұрыс-ақ. Алайда алданған адамның не жазығы бар? Біреудің алаяқтығынан неге басқалар зардап шегуі керек? Бірақ сала министрі саспай отыр. «Бірде-бір көлік кеден тіркеуінсіз өтпейді. Егер VIN-код деректер базасынан шықса, көлік сол жерде тоқтатылады. Ұрланған болса, кері қайтарылады», – дейді Ержан Тұрғымбаев. Сонымен, төменгі палатада ТМД аумағында көлік құралдарын ұрлауға қарсы күрес және оларды қайтару туралы заң жобасы мақұлданды. Онда сұрау салу нормасындағы кемшіліктер түзетілген. Енді ережеге сәйкес, көрші мемлекеттегі әріптестердің сұрауын орындауға бір-ақ ай беріледі. Сонымен қатар хаттамада жол-көлік, өрт және табиғи апаттан зардап шеккен автокөліктер туралы мәліметті бөлісу, кеден органдарымен ақпарат алмасу, бір жыл ішінде сұрауы жоқ автокөлік қай жерде анықталса, сол мемлекетте қалдыру мәселесі қарастырылған. Жалпы, автокөліктен айырылу иесіне ауыр тиетіні анық. Біреуге машина жай қозғалыс құралы болса, тағы біреуге – бала-шағасын асырайтын табыс көзі. Ішкі істер министрлігі ұсынған мәліметке жүгінсек, кейінгі үш жылда 5 132 автокөлік ұрланып, тек 1 922-сі иесіне қайтарылған. Жіліктей талдасақ: 2018 жылы ұрланғаны – 1 909, табылғаны – 1 013; 2019 жылы ұрланғаны – 1 490, табылғаны – 671; 2020 жылғы сегіз айда ұрланғаны – 1 733, табылғаны – 238. Яғни, табылған көліктер жылдан-жылға азайып барады. Неге десеңіз, Ішкі істер министрлігі 2018 жылдан бастап шанақтың және агрегаттардың нөмірлік белгілерінің сәйкестігін тексеру қызметін алып тастаған. Сондықтан кейбір мамандар халыққа қызмет көрсету орталығында шанақ пен қозғалтқыш нөмірін тексеруді қайтадан енгізуді ұсынады. Себебі атүсті қадағалау ұрылардың ұсталмауына мүмкіндік туғызған. Қылмыскерлер құзыретті органдардың ешқайсысы нөмірлік белгілерді тексермейтінін пайдаланып, өз схемасымен «жұмыс істейді». Ұрланған автокөліктердің шанақ нөмірлерін өзгертіп, еш қиналмастан қайта тіркейді. Жаңағы ұсыныс ескерілсе, іздеуде жүрген көліктерді табу көрсеткіші әлдеқайда артар еді. Әрине, бұл қадам машинаны тіркеу уақытын ұзартатыны даусыз, дегенмен алаяқтардың жолын кесіп, қолды болған автоларды иесіне қайтаруға септесетіні рас. Айтпақшы, көлік ұрлығына погон таққандар да шатылған ба екен деген сауал туады. Күні кеше желіде алматылық полицейлер халықтың жеке деректерін әлдекімдерге сатыпты деген ақпарат жарқ ете түсті. Заң үстемдік құрған, тәртіп сақшылары тәртіп сақтайтын елдерде мұндай әңгіме үлкен шуға айналар ма еді, бірақ біз селт етпедік. Қылмыстық жолмен бизнес жасаған алты полицей мен бір азаматтық тұлға сотталды деседі. Басшылары да жауапқа тартылған. Енді министр мырза қол астындағы VIN-код сатқыштарды тапса және айыбын арқалап ел алдына шықса деген тілек бар.Еркебұлан НҰРЕКЕШ