Көкшетаудан бала асырап алған америкалық отбасы өздерінің бастан кешкендерін әңгімелеп берді. Мұхит асып кеткен қазақстандық балалар қазір америкалық үлгілі отбасылардың бірінде тәрбиеленіп жатыр. Өздері балалы бола алмаған отбасы үшін бала махаббатына ешнәрсе жетпейді.
2005 жылы Көкшетаудан бала асырап алған Энн Джейкобсонмен тілдесудің сәті түсті. Қазір Дэниел және Маяй есімді балалардың жасы 16-ға толған. Олар өздерінің Қазақстанда туғандарын біледі екен. Отбасылық дәрігер болып қызмет ететін Энн Джейкобсон бірнеше жыл бойы емханада қызмет еткен. Кейін денсаулық сақтау саласында кеңесші, Лойола Стритч медициналық мектебінде оқытушы болып жұмыс істепті. Ол жұбайы Джон Лиммен бірге ата-ана болу жолындағы қиындықтарын баян етті. «Чикаго қол астындағы репродуктивті медицина емханасында күн сайын бір уақытта радиохабарландырулар таратылатын. Бірнеше апта бойы түсімде орталық репродуктолог дәрігерге алғыс білдірген әйел дауысынан оянатынмын. Осыдан он жыл бұрын мен осы емханаға аптасына бірнеше рет келдім. Бірнеше қан талдауын өткізіп, ультрадыбысты зерттеулерден өткеннен кейін отбасылық дәрігер болып жұмыс істеген емханама келдім. Менің емделушілерімнің арасында көптеген жүкті әйелдер болды. Олар менен «бала көтере алдың ба?» деп сұрады. Сыпайы түрде «әлі жоқ» деп жауап қайтардым», – дейді ол. Бірақ кейіпкеріміздің есінен сол бір радиохабарлама шықпай қойған. Алған бетінен қайтпай, «әлі де балалы боламын» деген үміт сәулесімен алға ұмтыла берген. Жұбайы дәрігер болып қызмет етеді. «Біз барлық амалды қолданып көрдік. Осыдан кейін бедеулік жөніндегі маманның алдына барып кеңестік. Ол толыққанды отбасы үшін донорлық жұмыртқа жасушаларын қолдану, ұрықтарды алудың репродуктивті әдістерін түсіндірді. Бірақ бұлардың бәрін қолданған соң ғана бедеуліктен емделуді тоқтатқан жөн деп таптық», – дейді Энн Джейкобсон. Америкалық отбасы осыдан кейін бала асырап алуды жөн санаған. Ол үшін көп уақыт дайындалып, үміт пен күдікке толы сезімдерді бастан өткеріпті. «Қырық аптаға созылатын шынайы жүктілік қандай қиын болса, әрбір сәт арман мен қуанышқа, күдік пен қорқынышқа толы. Бала асырап алу да соншалықты қиын. Тоғыз ай тоғыз күн көтермесең де, оның да өз қиындықтары бар. Өз ойларыңмен іштей арпалысасың. Біз балаларымызды жеті жасқа жеткенше көрген жоқпыз. Олар бізден мыңдаған шақырым жерде сәбилер үйінде болды. Олардың биологиялық ата-анасының кімдер екенінен, олардың әлеуметтік жағдайы, өмірге қалай келгенінен де хабарсыз болдық. Дегенмен біз балаларымызды алғаш көрген сәттен-ақ барлық тексерістен бас тарттық. Олар дың көздерінен «осынша ұзақ уақыт қайда болдыңыздар?» деген сөздерді оқығандай болдық», – дейді Энн Джейкобсон. Содан бері арада он бес жыл өткен. Балаларға жақсы тәрбие беріп, отбасылық құндылықтарды түсіндіріп келеді. Дегенмен америкалық ата-ана өздерін әлі де түрлі ойлар мазалайтынын жасырмады. «Балаларымыз бізден алдағы уақытта өзінің шын ата-аналарын сұрайды-ау деген сұрақ бізді күн сайын мазалайды. Расында да, олардың тегі кім? Өмірге әкелген кім? Осы сауалдар түптің түбінде мазалауы мүмкін ғой. Ең басты артықшылық балаларымыздың ата-анасына, бір-біріне деген құрметі, мейірімі отбасын нығайтып, одан әрі біріктіре түседі», – дейді Энн Джейкобсон. Олардың шын ата-анасынан кім екенін хабарсыз болуы америкалық ананы да көп мазалайтын секілді. «Оларға деген ықыласым шексіз. Әлемнің келесі жартысынан өміріме қуаныш әкелген шынайы бақытымды таптым. Өйткені әлем махаббатпен ғана шынайы екеніне сенемін. Мен балаларымның осыны біліп өскенін қалаймын», – дейді Энн Джейкобсон.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы