Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшісі Алексей Бородавкин ресейлік депутаттардың Қазақстан жеріне қатысты айтқан ойларына пікір білдірді. «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында Қазақстан мен Ресей арасында жерге байланысты ешқандай мәселе жоқ екенін айтты.
«Бұл айтылған ойларға мән берудің қажеті жоқ. Бірақ бұл пікірлер Ресейдің ресми ұстаныма кері әсерін тигізу мүмкін. Екі ел арасындағы шекара құжатпен бекітілген. Түйіскен жерлеріміз толықтай делимитацияланған. Ресей мен Қазақстан әріптестігінде шекара мәселесі күн тәртібінде жоқ. Тіпті болуы да мүмкін емес. Меніңше, бұл екі елдің арасына сызат түсіргісі келетіндердің қитұрқы әрекеті» – деп мәлімдеді Алексей Бородавкин.
Елші Ресей Федерациясы Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігі мен территориясының тұтастығын құрметтейтінін жеткізді. Ол сондай-ақ әскери ынтымақтастық келісімі шеңберінде Қазақстан мен Ресей бір-бірінің территориясын қорғауға міндетті екенін айтты.
https://youtu.be/I_o0K4zd-PE
Айта кетейік, бұған дейін РФ Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов «Бірінші арнадағы» «Большая игра» бағдарламасында Қазақстан аумағы – Ресей тарапынан берілген сыйлық деп мәлімдеген.
Вячеслав Никонов «Қазақстан деген болған емес, Солтүстік Қазақстанға ешкім қоныстанбады. Олар оңтүстікте өмір сүрді. Шын мәнінде, Қазақстан аумағы – Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйы» деген болатын.
Артынша Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаров Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Ресейлік дипломатқа Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ұстанымы көрсетілген нота берілді.