Елімізде елдімекендердегі көше, аудан, алаңдар мен даңғылдардың атауларын өзгертуге 1 мамырдан бастап уақытша мораторий енгізілуі мүмкін. Мұндай ұсыныс халық санағын өткізу бойынша құрылған арнайы комиссияның отырысында айтылды.
Жиынға қатысқан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смаилов бұл ұсынысты қолдады. Сөйтіп, халық санағын сапалы өткізу үшін 2021 жылдың 1 мамырынан 31 желтоқсанына дейін көше, даңғыл, шағынаудандар, саябақтар, скверлер, көпірлер мен бульварлар атауын өзгертуге мораторий жариялау үшін комиссия Президент әкімшілігіне тиісті хат жолдамақ. Бірінші вице-премьердің тапсырмасына сәйкес, арнайы хатты Ұлттық статистика бюросы әзірлемек. Сонымен бірге санақ қарсаңында жаңа аудан ашу немесе жабу тәрізді әкімшілік-аумақтық бөліністерге өзгеріс жасауға да болмайды. Ал еліміздегі кезекті халық санағы 1-30 қазан аралығында өтеді. Дегенмен одан бір ай бұрын, 1 қыркүйекте онлайн санақ басталады. Ол 15 қазанға дейін өтеді. бірінші вице-премьер халық санағына арналған sanaq.gov.kz сайтын хакерлер шабуылынан қорғау үшін Ұлттық статистика бюросы мен Кибершабуылдарды зерттеу және анализ жасау орталығына (ЦАРКА) ҰҚК-мен бірлесіп, тәулік бойы мониторинг жүргізуді тапсырған еді.А.СҰЛТАН