Есірткі саудасы: «бизнесмен полицейлер»
Есірткі саудасы: «бизнесмен полицейлер»
214
оқылды

Қазақта «Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» деген сөз бар. Бұл аталы сөзді қылмыскермен сыбайлас полиция қызметкерлеріне қарата айтса да жөн болар. Өйткені нашақорлықты жоюдың орнына пайдакүнемдік мақсатта есірткі бизнесіне өздері де тікелей араласқан полицейлердің көбейіп келе жатқаны байқалады. Бұл ел болашағына балта шабу емес пе? Бұрын айда-жылда полиция есірткі сатып ұсталыпты дегенді естісек, таңғалатын біз енді білдей бір басқарма басшысы плантация егіп, қарасора өсіріпті дегенге мән бермейтін болдық.

Деректің аты – дерек

«Ағасы бардың жағасы бар» демекші, ішкі істер саласында «крыша» болу үрдісі өмір салтына айналып кеткен деуге болады. Бұл қатынастың командалық та­бандылық қажет тұста жақсы жақ­тары да жоқ емес, бірақ ең жаманы қылмыскерлерге «жаға» болған полицейлер бар. Былтыр Қызылорданың шағыл құмынан қарасора жай­қалған жасыл план­тация та­былғанда өзіндік қауіп­сіздік қызметкер­лері­нің кәнігі пайымы «ди­қан­шыл­ардың» «жүрек жұт­қан «жа­ғасы» бар екенін бірден түйсінген. Тар­­қатылған шыр­мауықтың соңы облыстық По­лиция депар­та­­ментіне алып келді. Осылайша, Есірткі қыл­мысына қарсы іс-қимыл бас­қар­масының бұрынғы басшысы Мырзақасымов қолға түсті. Биыл ол сот үкімімен 15 жыл­ға сот­талды. Күдіктінің қа­­расораны өсірген қылмыс­кер­лерге қам­қоршылық жасағаны анықталды. Сонымен қатар қызыл­ор­далық полиция қызметкерлері марихуананың ірі партиясына қатысы бар келесі бір қылмыстық топтың заңсыз әрекетін әш­кереледі. Олардан тінту шаралары барысында 12 келіден астам есірткі және заңсыз қару-жарақ тәркіленді. Мұнда да полиция басшыларының қатысы бар болып шықты.

Қазір бәрі солардың қолында. Ұстаймын десе ұстайды. Нашақорларды түрлі жолмен өздеріне тәуелді етіп қойған. Оларды «агент» етіп пайдаланады. Кез келген уақытта есірткі сататын «барыгаларды» ұстай алады.

Одан соң Қызылорда об­лыс­тық Полиция департаментінің басқарма басшысы мен оның қол астындағы қызметкері қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартпау үшін күдікті біреуден 7 миллион теңге көлемінде пара алған ке­зінде ұсталды. Қазір оларға қа­тысты тергеу шарасы жалғасып жатыр. Жақын арада іс материалы сотқа жолданбақ. Бұл істегі жауапқа тартылған барлық по­лицейлер жұмыстан боса­тылған. Бұдан бөлек, Қызылорда об­лыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары мен тағы үш басшысы қызметінен кетті. «Жалпы алғанда, жүргізілген кешенді жұмыстар ішкі істер органдарындағы заңның орын­далуы мен тәртіпті жоғарылата түсті деуге болады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, жеке құрам арасындағы қылмыс дең­гейі 12%-ға төмендеді. Сотталған қылмыскерлер саны 13%-ға азай­ды. Соның ішінде жол-көлік оқиғалары 20%-ға қысқарды. Ал соңғы үш жылда жеке құрам ара­сындағы коррупциялық қыл­мыстар үштен біріне, жемқорлық үшін сотталғандар саны жар­ты­сына жуық азайды. Мұндағы қылмыстардың 74%-ы өз кү­ші­мізбен ашылатынын атай кет­кім келеді. Егер бұрын 1 мың қыз­мет­керге 3 қылмыстан келсе, қа­зір 1 қылмыстан келеді», – деді ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департа­ментінің бастығы, полиция пол­ковнигі Арман Саданов. Оның ай­туынша, ӨҚД ұйым­дасқан қылмыстық схе­ма­ларды анықтауға және полиция қыз­­меткерлерінің қылмыс­­кер­лермен сыбайласу факті­лерінің жолын кесуге ерекше на­зар ау­дарады екен. Сондықтан бір об­лыстан үш бірдей былықтың бе­тін ашу – үлкен жетістік. Одан бөлек Жам­был облысындағы арнайы опе­рация кезінде поли­цейлер ара­сында болған атысты да осы заң­сыз есірткі бизнесімен күрес шарасы екенін атап өтуге болады. Осы оқиғадан кейін Шу стан­сасындағы Желілік полиция бө­лімінің бүкіл басшылығы қыз­ме­тінен босатылды. Ал оқиға ке­зінде арнайы жасақтың бір қыз­меткері жарақат алып, қашып бара жатқан үшеудің біреуі қаза болған еді.

Проблема парадигмада жатыр

Ішкі істер саласын ре­фор­ма­лау мәселесі неғұрлым кешік­кен сайын бұл салада түрлі дә­ре­жедегі бассыздықтар асқынып барады. Биыл Алматы акаде­миясындағы курсанттың өлімі елді дүр сіл­кіндірді. Ал былтыр есірткі сау­дасындағы «бизнесмен поли­цейлерге» қатысты үш ірі оқиға болды. Егер бүгінгідей ақ­па­рат алмасу дамымаған болса, талай нәрсе жабулы қазан қақ­пағының астында қалар ма еді? Ендеше Қызылорда, Шу оқиға­­лары біздің біліп отыр­ғанымыз, құжатқа түс­кендері. Жария бол­май қал­ғандары қаншама? «Полиция қызметкерлері есірт­­кі бизнесімен соншалықты қиналып күресіп жатыр деп айта алмаймын. Керісінше, олар бәрін толық қадағалап отыр. Қазір бәрі солардың қолында. Ұстаймын десе ұстайды. Нашақорларды түрлі жолмен өздеріне тәуелді етіп қойған. Оларды «агент» етіп пайдаланады. Кез келген уақытта есірткі сататын «барыгаларды» ұстай алады. Бірақ оларды жеңіп, бас көтертпей тастағаннан, яғни ұстап, заң бойынша жазаға тартқаннан гөрі баю мақсатында пайдаланғанды жақсы көреді. Осылайша, олар қызметін асыра пайдаланады. Қы­зылордадағы соңғы оқиға да осының айғағы. Бұл олардың тым еркінсіп бара жатқанын білдіреді. Ендеше полицияның қылмыс әле­міндегі тамыры тереңдеп кет­кен», – дейді Facebook парақ­шасында «ІІМ реформасын талап етеміз» тобының жетекшісі Ерлан Нұрпейісов. Оның ай­туынша, ішкі істер органдарын реформалауды талап етуге қозғау болған Денис Теннің өліміне қатысты «айна ұр­лы­ғында» да осындай жағдай. Бар­лығы да жең ұшынан жал­ғасқан сыбайластық. Әйтсе де, бұл Ішкі істер министр­лігінің проб­лемасы емес. Оның түп та­мыры ІІМ-ден де тысқары, жалпы еліміздегі идео­логиялық па­ра­дигмада жа­тыр. Өйткені еліміз қазір «қан­дай бол­масын жолмен баю керек» деген аш­көздік жолға түскен. Біз­­дің сөз етіп отыр­ғанымыз – со­­­­ның ве­домстволық көрінісі. Ал адво­кат Асқар Қай­мақов бұл жағ­дай­ды сон­ша­лық­ты ас­қы­нып кет­кен мәселе деп са­намайды. «Қазір әлемде есірткі сау­дасы «байланыссыз» тәсіл ар­­қылы жүретінін бәріміз бі­леміз. Ин­тернеттен тапсырыс беріп, тық­қан жерінен есірткіні алып ке­тетін нашақорлар үшін бұл өте қолайлы болып тұр. Біздің елі­мізде де есірткі ай­на­лы­мының 90%-ы осындай жолмен жүзеге асады. Ал ондай «биз­несмендер» полициядан «кры­шаға» зәру емес. Сондықтан есірт­­кі сауда­сымен күреске бей­­жай қарауға болмайды. Жал­пы, қылмыс әлемі технологиялық мүмкіндіктерді бірінші пай­даланып кетіп жат­қанын жоққа шығармаймыз. Ал полицейлер арасында қызмет бабын асыра пайдаланып, жеке бас пайдасын күйттеп кететіндері жоқ деп айта алмаймын. Бірақ олар осы ар­мияның 1%-ын ғана құрайды деп есептеймін», – дейді Асқар Абайұлы. Қалай болғанда да, құқық қор­ғау органдарының қылмыс әле­мімен ауыз жаласуы – қауіпті құбылыс. Сондықтан ішкі істер саласын реформалауды асық­тыр­ған абзал.

Нұрлан ҚОСАЙ