Тәуелсіздік тірегі – жастар
Тәуелсіздік тірегі – жастар
1,313
оқылды

Тәуелсіздік сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз үшін асыл мұратқа айналды. Сол мұратқа қол жеткізген біздің ұрпаққа одан асқан байлық жоқ, оған теңдес тірек жоқ. Елбасының бастамасымен осы жылдарда жастардың мә­селелері жүйелі түрде шешіліп келді, оның  жалғасы ретінде  2019 жыл «Жастар жылы» деп аталып өтті. Таяуда  Қасым-Жомарт Тоқаев жастар сая­сатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзір­леуді тапсырды. Былтыр Волонтер жылын абыроймен атқарып шықтық. Пре­зиденттің кадрлық резерві жасақталды. Биыл жергілікті мемлекеттік ор­гандарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Осы­ның өзі кейінгі кезде жастарды қолдауға ерекше назар аударыла бас­тағанын аңғартса керек.

«Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жас­тар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сон­дықтан Мемлекет басшысы «Тәуелсіз­дік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы мәселеге айрықша тоқталған. «Өскелең ұрпақтың әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда, Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын. Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасай­мыз» деген-ді Мемлекет басшысы. Рас, еліміз егемендіктің елең-алаң ша­ғынан бастап жастар саясатын мемлекеттің басым бағыты ретінде белгілеген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты қамқор­лығының арқасында жастардың дамуы мен әлеуетін жүзеге асыруына берік негіз қа­ланды. Қазір Қазақстанда 14 пен 29 жас ара­лығындағы 3,7 млн адам өмір сүреді, бұл халықтың 20 пайызына пара-пар. Ал 35 жасқа дейінгі азаматтар саны 6,1 млн не­месе 32,5 пайыз шығады. Жалпы, жастар дегеніміз кімдер? Олар – жоғары сынып оқушылары, студенттер, жұмысшылар, сонымен қатар NEET санатындағы азаматтар.  Тәуелсіздік жыл­дары барлық санаттағы жастардың мүд­десін қорғайтын қыруар шаруа ат­қарылды. Біріншіден, заңнамалық база жасалды және жастар саясатының негізгі құралдары қалыптасты. 2015 жылы «Мемлекеттік жас­тар саясаты туралы» жаңа заң қабыл­данып, жүйелі жұмыстың заңнамалық негізі анықталды. Екіншіден, білім алу қолжетімді болды. Жастарға тегін оқуға шынайы мүмкіндік берілді. Мысалы, 1999 жылдан бері ЖОО-лардағы грант саны 3,5 есе өсті. 2019 жылы еліміздегі бүкіл студенттің үштен бірі бюджет есебінен білім алды. Елбасының  «Болашақ»  бағдарламасы шеңберінде  жастарды әлемнің үздік  университеттерінде оқыту әлі жалғасып жатыр. Nazarbayev University-де халықаралық стандарттарға сай білім алуға жағдай жасалған. Үшіншіден, жастар жалпыұлттық мін­деттерді жүзеге асыруға жұмылдырылды. Мемлекеттік бағдарламаларда көрініс тап­қан жастар саясаты саласындағы жобалар әзірленді. Әсіресе, елді мекендерді көгал­дандыру мен абаттандыруға арналған «Жа­сыл ел», «Серпін–2050», жастарға өз биз­несін дамытуға шағын несие беретін «Еңбек» бағдарламаларын, ауылдық жер­дің кадрлық әлеуетін күшейтуге бағыт­талған «Дипломмен – ауылға!» жобасын атап өтуге болады. Төртіншіден, жас таланттарды көтер­мелеу тетіктері іске қосылды. Дарынды жастарды қолдау мақсатында ғылымдағы, шығармашылықтағы, қоғамдық қызмет­тегі, спорттағы жетістіктері үшін жыл сайынғы мемлекеттік «Дарын» сыйлығы тағайындалды. Бесіншіден, жастарды тәрбиелеу мен шоғырландырудың қуатты факторына айналған еріктілер қозғалысы қарқынды түрде дамып келеді. 2016 жылы «Jas Otan»-ның бастамасымен «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданды. «Ұлттық волон­тер­­лер желісі» құрылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Во­лонтер жылы» деп жариялады. Жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы күллі адамзаттың басына бұлт үйірген кезде Қазақстан жастары «Jas Otan»-ның жаны­нан табылып, Biz Birgemiz жалпыұлттық ак­циясына атсалысты, карантинде қиын жағдайда қалған 300 мыңнан астам от­басына әлеуметтік қоржындар мен анти­септикалық жиынтықтарды жеткізді. Былтыр «Nur Otan» партиясының тұң­ғыш республикалық праймеризі өтті.  Дүбір­лі додаға 1,5 миллиондай қазақстан­дық тартылды. Партияішілік іріктеу елдегі белсенді әрі қабілетті жандардың өз-өзін дәлелдеуіне, идеяларын таныстыруына, жаңа жақтастар мен достар табуына жол ашты. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша 6 253 адам «Nur Otan»-ның бар­лық деңгейдегі 216 мәслихатқа арналған кан­дидаттардың партиялық тізіміне кір- ді. жастар Жақында Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жастар саясаты туралы» заңды қайта қа­рап, оның заманға сай жетілдіруін тапсыр­ғаны белгілі. Әлемдік трендтерді және Қазақ­стан жастарының сұраныстарын ескере отырып, жастар саясаты саласын­дағы мынадай міндеттерді шешуді маңызды деп санаймын. Біріншіден, жастарды саяси-қоғамдық өмірге араластыратын жаңа тетіктер құру керек. Жасыратыны жоқ, бүгінде жастар­дың өкілдік органдар қызметіне қатысуы төмен деңгейде қалып отыр. 2019 жылы олар­дың мәслихат депутаттарының ара­сын­дағы үлесі небәрі 2,8 пайыз (96 адам) болды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін былтыр «Сайлау туралы» заңға өз­геріс­тер енгізіліп, партиялық тізімге әйел­дер мен жастарға кемінде 30 пайыз мөл­шерде квота бөлінді. Бүгінде 35 жасқа дейін­гі партиялық тізіммен 616 жас депутат сайланып, 22,6 пайызды құрап отыр. Дегенмен жастардың басым бөлігі өз қаласының әкімі, мәслихат депутаттары түгіл Мәжіліс пен Сенат депутаттарын, министрлерді тани бермейді. Жартысына жуығы ешқандай қоғамдық-саяси ұйымға мүше емес, көбі жастар саясаты туралы заңнан да бейхабар. Сайлаушылардың қомақты бөлігін жастар құрағанымен, сайлау кезінде олардың белсенділігі көңіл көншітпейді. Сондықтан жастар елді жаңғырту процесіне белсенді араласып, өз мүддесін қорғауы тиіс. Екіншіден, білім беру сапасын арт­тырған абзал. Кадр даярлауда нарықтың шынайы сұранысы ескерілмейтінін жиі байқаймыз. Білім мен ғылымды дамытудың мем­лекеттік бағдарламасына сәйкес, қала­лық және ауылдық жерлер арасындағы білім сапасының алшақтығы үш жылға тең деген дерек бар. Университеттердің жалпы рейтингі төмен деңгейде: 2020 жылғы QS World University Rankings рейтингінде Қазақстандағы 131 ЖОО-ның тек екеуіне ғана әлемдегі ең үздік 500 университеттің қатарынан орын бұйырған. Зерттеулерге сүйенсек, түлектердің шамамен 35 пайызы өз мамандығы бойын­ша жұмыс істемейді, 40 пайызы оқу бітіргеннен кейін бір жыл көлемінде екі қолға бір күрек таппайды. Кейінгі кезде бизнес өкілдері де университеттерде кадр дайындау сапасы түсіп кеткенін айтып жүр. Демек, білім беру жүйесін жаңа сапа стан­дартымен қайта бағдарлап, нарыққа және халыққа қажет мамандарды оқытып, олар­ға практикалық жұмыс дағдыларын үйрет­кен дұрыс. Үшіншіден, жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу тетіктерін жетіл­дірген жөн. Жастар арасында жүргізілген сауалнамаларға сенсек, бизнесті несие­леу­дегі негізгі кедергі – банктердің борышты то­лық жабатын кепілдік сұрауы. Дүние­жүзілік орташа статистикада жастар ара­сындағы жұмыссыздық 13 пайыздан ас­пайды. Бізде 28 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар – 3,8 пайыз немесе 84,7 мың адам. NEET жастарының үлесі – 7,3 пайыз. Олар­дың 30 пайызы жақсы жала­қысы бар қыз­меттің тапшылығын алға тартады. Сол себепті уақыт оздырмай, барынша дабыл қағуымыз қажет. Төртіншіден, жастарды баспанамен қам­ту мәселесі алаңдатады. Әрине, қазір жастардың «7-20-25», «Нұрлы жер» мемле­кеттік бағдарламалары аясында баспана сатып алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ жа­ңа­дан «Жас отбасы» жинақтау бағдар­ламасы ашылған. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмысшы жастар үшін алдағы үш жылда жалдамалы 9 мың пәтер салу жоспарланған. Алайда осы бағ­дарламаларға қатысу үшін жастарға бас­тапқы жарнаны жинау қиынға соғады. Жер­гілікті атқарушы органдар арқылы жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағдар­ламалары жоқтың қасы. Зерттеу нәтижелері Қазақстан жастарының 18 пайызында ғана жекеменшік үйі бар екенін көрсетті. Ал қалған азаматтарға не кедергі? Ең алдымен жала­қының аздығы мен бастапқы жарна көле­мінің көптігі қолды байлайтын сияқ­ты. Әрбір төртінші жас жалдамалы пәтерде, ал 52 пайызы ата-аналарымен бірге тұрады. Демек, жастардың, әсіресе жас отбасы­лардың баспанаға қолжетімділігін кеңейте түсу – кезек күттірмейтін шаруа. Бесіншіден, жастардың тұлғалық да­муы­на, бос уақытын тиімді ұйым­дас­тыруына ерекше көңіл бөлу керек. Иә, өңірлерде оқушылар мен жастардың спорт сарайлары, коуоркинг орталықтары, кітап­ханалар, кинотеатрлар жұмыс істейді. Бірақ аймақтарда мұндай нысандардың иігілігі баршаға ортақ емес. Мысалы, СҚО-да  – 33, БҚО мен Шымкентте – 3 стадион болса, Ақмола облысында – 369, Маңғыс­тау облысында 11 кітапхана бар. Көптеген қалада кинотеатр атымен жоқ. Сауалнамаға қатысқан ауыл жастарының 38,3 пайызы тұрғылықты жерінде ойын-сауық мекеме­лері ашылмағанын айтса, қалада бұл мәсе­лені респонденттердің 63 пайызы атап көрсеткен. Жастар мәселесі тек жалаң үгіт-наси­хат­пен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамтумен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы керек. Қазір жастар саясатына қа­тысты заңдарға түзету енгізіліп жатыр. Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Сондықтан келешектен оң өзгеріс күтеміз. Қазақстан – дарынды һәм жалынды жандардың мекені. Мағжан ақын жырлаған «арыстандай айбатты, жолбарыс­тай қайратты», тәуекелшіл жастар барда тәуелсіз елдің тасы өрге домалай бермек.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты