Елорда – өмір сүруге жайлы қала
Елорда – өмір сүруге жайлы қала
408
оқылды

Жылдың алғашқы бірер айында  барлық деңгейдегі әкім­дердің халықпен есеп беру кездесуі өтетін дәстүр бар бізде. Биыл да  облыс, қала аудан, елді мекен әкімдері сол дағдыдан жа­ңылған жоқ. Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі  елорда тұр­ғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Қала әкімі Алтай  Кө­лгінов  бас шаһарда бір жыл ішінде ат­қарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды  баяндап, тұрғын­дардың сауалдарына жа­уап берген еді.

Әлбетте, алып қаланың  шаруа­шылығын шырқ үйіріп әкету оңай іс емес. Оның үстіне,  сол қалаңыз ел астанасы  болса, жауапкершілік тіптен ауыр болады. Мұны  қала әкімі жақсы сезінсе керек, тұрғын­дармен  кездесуде қала тіршілігіне  қатысты  көптеген мәселені бүге-шігесіне дейін  баяндауға тырысты. Қаланың абаттануы, көпірлер мен жолдарды жөндеу,  саябақтар, өркениет игіліктері,  инвестиция,  тұрғын үй шаруашылығы, мектеп салу,  қаланы  газдандыру, цифр­ландыру, эко­логия қатарлы көп­теген  мәселе назардан тыс қалған жоқ.

76 гектар жер абаттандырылып, 173 көше жөнделді

Айталық, Алтай Көлгіновтің сөзіне қарағанда былтыр қалада 76 гектар аумақ абаттандырылған. Сөйтіп, елордадағы бос жерлер, қараусыз қалған учаскелер мен батпақты аумақтар саны біршама азайды. «Елорданы «Нұр-Сұлтан – қолайлы қала» жоспары аясында дамытып жатырмыз. Қала ыңғайлы және қолайлы болу үшін, тек былтыр ғана 150-ден астам аула мен 60 қоғамдық кеңістікті (сквер, бульвар, саябақ) абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқардық», – деді Алтай Көлгі­нов. Оның сөзіне қарағанда, абаттан­дырылған аула аумақтары, саябақ­тар, скверлер мен бульварлар са­ны­ның артуы көптеген тұрғынды спортпен айналысуға, ба­лаларды жастайынан денсаулығын күту­ді үйретеді. Әрі бұл бағыттағы ауқым­ды жұ­мыстар жалғасады. Одан бөлек, былтыр қалада 2 көпір са­лынып, 173 көше  жөндел­ген. Әрі бұл жұ­мыстар азаматтарды еңбекпен қамтуға да ықпал етіпті. Жол жұмыстарын жүргізуге «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы» бағ­дар­­ламасы біршама көмектесіп, ол бо­йынша 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар елордада жұрт­тың наза­рына жиі ілігетін нөсерге арналған кәріздердің тазалығына да көп көңіл бө­лінсе керек. Қазір қалада 3 ірі нөсер кәрізі­нің құры­лысы мен тазарту құрылысы жүр­гізілуде. «Құрылыстың қарқынын еске­ре оты­рып, сонымен қатар нөсер канали­зациясының жүйесімен де уақытылы айналысып отыру қажет. Қаладағы проблемалы орындардың бірі – Б.Момышұлы учаскесі. Онда нөсер канализациясының магис­тральды коллекторының құры­лысын аяқтаймыз. Аталған нөсер канализациясының ұзынды 500 метрді құрайды. Бұл қолданыстағы нөсер канализациясы желісінің өткізу қуатын бір жарым есеге арттыруға мүмкіндік береді», – деді А.Көлгі­нов. Әкім «Жастар» ық­шам­­ауданындағы коллектор­лар­ға реконструкция жасап, тазарту құ­рылысы жүргізілетінін, ал «Тель­ман» тұрғын алабындағы магис­тральды коллектор мен тазарту қон­дырғысы жұмыстарының  аяқ­талғанын атап өтті. Бұдан бөлек, 2020 жылы тазарту құрылыстары «Пригородный» тұр­ғын алабы мен Алаш тас жолы­ның бойындағы логистикалық ауданда да жүргізілді. 2019 жылы «Мың­жылдық» аллеясы аума­ғын­дағы екі учаскеде нөсер канали­зациясының мәселесі шешілді.

Газдандыру қарқынды жүріп жатыр

Соңғы жылдары елорда эко­логиясына  қатысты түрлі сын жиі айтылады. Әсіресе, қыста қаланы  түтін басатыны  бар. Әрине, мұндай жағдайдың қалыптасуына қаладағы көліктің көптігі мен жеке тұрғын үйлердің көмір жағуы әсер еткені белгілі. Сондықтан астанада   газ­дан­дыру жұмыстары  маңызды бо­лып тұр. Былтыр қаланы газдан­дыру басталып, жаңа жылыту маусымында Теміржол, Көктал-2 тұрғын алаптарының тұрғындары, Агроқалашықтың бір бөлігі газға көшу мүмкіндігіне ие болды. Қазір Көктал-1, Өндіріс, Оңтүстік-Шы­ғыс тұрғын алаптарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. 300 шақырым газ тарату желілері салынды. Бұған қоса, елорда әкімі жеке­меншік ұйымдардың өкілдерімен бірнеше рет кездесудің арқасында үйдің ішіне газ тарту құнын орташа алғанда 30%-ға төмендету мүмкін болғанын айтты. «Көмірден газға көшудің ар­тық­шылығы көп: тұрғындарға кө­мір сатып алу, сақтау, оның сапасы, күніне бірнеше рет пеш жағу жайлы ойлаудың қажеті болмайды. Қала экологиясы жақсарады, бұл әрине қалалықтарға оң әсер  етеді. Газ­дандыру зиянды қалдықтардың атмосфераға тарауын бірнеше есе азайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, ЖЭО-1 және ЖЭО-2  қазан­дық­тары­ның бір бөлігі газға ауыс­ты», – деді Нұр-Сұлтан қала­сының  әкімі Алтай Көлгінов. Еске салсақ, тұрғын алаптарына газ тарату желілерін салу, оның ішінде үй  маңындағы кварталішілік желілерді салуды қала әкімдігі өз мойнына алған. Ал желіні үйдің ішіне жүргізумен жеке ұйымдар айна­лысады.

Қалаға 1,1 триллион теңге инвестиция тартылды

Ел астанасы әу бастан-ақ инвестициялық тұрғыда  тартымды қалаға айналған болатын. Былтыр тіпті  коронавирус пандемиясына қарамастан, елорда әкімдігі аза­маттар мен қала үшін маңызды жобаларға 1,1 трлн теңге жеке инвестицияларды тарта білді. Бұл 2019 жылға қарағанда 21,5 пайызға артық. Елорда «Өткен жыл оңай болмады. Бірақ пандемияның уақытша еке­нін түсіну керек. Қалада тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды, ин­фра­құрылым және тағы басқаларын салуды  міндетті түрде жалғастыру қажет. Карантин кезінде құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. Жұмыс­тар санитарлық норманы қатаң сақтау арқылы жүргізілді. 2020 жылы елордада 3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылға қарағанда екі есеге көп». деді әкім. Өткен жылы ModeX үй ком­бинатының жұмысы іске қосылды. Үй  комбинаттары тұрғын үй құры­лысына көмектеседі: құрылыстың уақытын қысқартуға, тұрғын үй құнын төмендетуге, үй сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Инвестиция тарту жөніндегі өңірлік кеңестердің өздері онлайн режимге көшті. Инвестициялық 16 отырыста 110 жобаны мақұлдады.

5 жылда 50 мектеп салынады

Нұр-Сұлтан әкімдігі мектеп құрылысы бойынша жұмыстарды жүйелі жүргізуде. Өйткені  білім сапасын жақсарту үшін жағдай жасау өте өзекті. Тұрғындар саны­ның өсуіне байланысты мектепке деген сұраныс азаймақ емес. Ал былтыр салынған жаңа мектептер үш ауысымды мектептер санын 8-ден 4-ке қысқартуға мүмкіндік берді. «2021 жылы 15 ірігабаритті мектептер салатын боламыз. Бұл 40 мың орын ашуға  мүмкіндік береді», – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов. Оның сөзіне қарағанда, 5 жылдық кешенді жоспар аясында 50 мек­тептің құрылысын жүргізілмек екен. Бұдан бөлек, елорда әкімі Алтай Көлгінов қолданыстағы білім  ошақтарының күтіміне де тиісті көңіл бөлу керек екенін атап өтті. Өткен жылы 26 білім ны­санына жөндеу жұмыстары жүр­гізілді (мектептер, бала­бақшалар, кол­ледж­дер). Бұл жұмыстар биыл да жүйелі түрде жалғасатын болады Сонымен қатар  мектептерді орталықтандырылған жылу жүйе­сіне көшіру, балаларды бейім­делмеген ғимараттарда оқытуды доғару тәрізді мәселелер шешіліп жатыр.

Елорда – игіліктер мекені

Жалпы, астана әкімінің  халық­пен есептік  кездесуінен мемле­кеттік  бағдарламалар алдымен осы қалада орындалатынын түйдік. Ол заңды да. Өйткені Нұр-Сұлтан  қаласы өңірлерге үлгі  болуға тиіс.  Үкімет қабылдаған кез келген бағдарлама алдымен осы қала­да жүзеге асырылады. Айта­лық, Президент Қ.Тоқаевтың «Ха­лық үніне  құлақ асатын мемлекет» бағдарламасына сәйкес, қала әкім­дігі  тұрғындардың арыз-арманын тыңдауға ерекше көңіл бөлген. Был­тыр қала әкімдігінің қызмет­керлері 10 мың аза­мат­ты қабыл­дапты. Ал жыл бас­талғалы бері Ал­тай Көлгіновтің өзі, орын­басарлары мен аудан әкімдері 500-ге жуық тұрғынды қабылдап, өтінішін тыңдаған. Ал тұрғын үй саласы бойынша қызмет көрсететін орта­лық пен әлеуметтік көмек беру мақсатын көздейтін «Жанұя» орталығына ашылғаннан 45 мың азамат жүгініп, онда  65 мың мәселе бойынша жұмыс қолға алынған. Одан бөлек, қалада  былтыр 7 мың әлеуметтік пәтер салыныпты. Егер 2018 жылы 1 100, 2019 жылы 2 900, 2020 жылы 7 мыңнан аса әлеуметтік пәтер берілсе, биыл бұл сан 10 мыңға жетпек. Елорда әкімінің тапсырмасымен тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін арт­ты. Қалада қазір 100 электроавтобус жо­лау­шы тасымалдап жүр.  Осын­дай тағы 100 экоавтобус шығару жос­парланып отыр. Білім, ден­сау­лық сақтау және әлеуметтік кө­мекке қосымша 10,5 млрд теңге, эко­номиканың және инфра­құрылымның нақты секторын қолдауға 25,7 миллиардтан астам теңге бөлінді. Қысқасы, елорда әкімдігі  халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешу, қаланы дамыту бағытында  жақсы қызмет көрсетіп келеді. Бұл үрдіс жалғаса берері сөзсіз.

Ардақ СҰЛТАН