Трамп: үш жылда екі импичмент
Трамп: үш жылда  екі импичмент
179
оқылды

Дональд Трамп сайлауда ұтылып, президент қызметін қалдырып кетсе де, тыныш демала қоймайтын секілді. Биыл 6 қаңтарда демонстранттардың Капитолийді басып алу оқиғасына орай АҚШ-тың Демократиялық партиясы экс-президентке екінші импичмент жариялауды жоспарлап отыр. Себебі олардың пікірінше, Трамп сол күні Уашингтон қаласында өткен митингте ереуілшілер алдында сөз сөйлеп, Капитолийді басып алуға итермелейтін ұран тастаған.

АҚШ сенаты Трампқа жа­рияланатын импичмент Кон­ституцияға сай деп мәлімдеді. 56 сенатор бұл бастама заңға сәйкес деп қолдаса, 44 сенатор қарсы шықты. Импичментті жақтаған сенаторлардың арасында Рес­публикалық партияның алты өкілі бар. Трамп та кезінде осы пар­тиядан сайланды. Ал импичментті толық жариялау үшін 67 сенатор қолдауға тиіс. Дегенмен алдағы уақытта кворумды толтыру үшін тағы 11 сенатор керек. Әрине, Республикалық партиядан сайланған олардың Трампқа қарсы шыға қоюы екіталай. Бұған дейін Конгрестің өкілдер палатасы әлі де президент қызметінен кете қоймаған Трампқа импичмент жариялаған еді. Өйткені онда Демократиялық партияның өкіл­дері басым (221). Дегенмен ол күшіне ену үшін сенат құра­мын­дағылардың үштен екісі бастамаға қолдау білдіруі керек. Ал сенатта қазір Республикалық партияның мүшелері көптеу (50). Сондықтан демократтардың өз дегеніне жетуі қиындау. Онсыз да қызметінен кеткен экс-президентке Демократиялық партияның өкілдері неге шүйлігіп, екінші рет импичмент жа­рия­ламақ? Ең бірінші себеп – биыл 6 қаңтар күні Конгресс орналасқан Капитолий ғимаратын ереуіл­шілердің басып алуы. Демо­краттардың пікірінше, бұл – Аме­рика демократиясына жасалған қастандық. Бұл заңсыздыққа сол күні Уашингтон қаласында ми­тинг өткізген Дональд Трамп түрт­кі болған. Өйткені сол жиында сөз алған экс-президент «Байден сайлау нәтижесін бұрмалап, жеңіске жетті, мен қайтпаймын, осыны Капитолийдегі кон­грес­мендерге жеткізіңдер» деген сөз­дер айтқан. Демократиялық пар­тияның басшылығы бұл сөздерді арандату, Капитолийді басып алу­ға итермелеу деп бағалап отыр. Сондықтан демократтар АҚШ тарихында болмаған оқиғаға себепкер Трампты қолындағы бар тетіктерді пайдалана отырып, жазаламақ. Екінші себеп – Трамп­тың келешекте саясатқа оралуына бүгіннен кедергі жасап, алдын алу. Қысқасы, әдеттегідей саяси есеп. Алайда демократтар өз мақ­сатына жете ме? АҚШ сарап­шылары Конгрестің сенаты им­пичментке келісім береді дегенге сенбейді. Неге? Жоғарыда айт­қандай, Сенатта Республикалық партия өкілдері басым. Дональд Трамп қанша айыпты болса да, олар бәрібір де партияласын жы­ғып, жария жазалауға жол бермейді деп отыр. Өйткені Трамп­қа импичмент жарияланса, бұл Республикалық партияның да имиджіне үлкен нұқсан келеді дегенді білдіреді. Онсыз да соңғы сайлауда жеңілген республикалықтар өз өкіліне импичмент жариялауға көмектесіп, қоғамдағы жағдайын одан әрі мүшкіл еткісі келмейтін болар. Сондықтан да сенатта алдағы дауыс беру кезеңінде олар импичментке қарсы шығуы бек мүмкін. Трампқа импичмент жария­лауды АҚШ қоғамының басым бөлігі де қолдайды екен. Жақында Ipsos компаниясы жүргізген сауал­намаға қарасақ, 56 пайыз азамат импичментті жақтаса, 43 пайызы қарсы шыққан. Сондай-ақ осы сауалнамада респонденттер радикалды экстремистер қай партияда деген сұраққа жауап берген. Жауап бергендердің 42 пайызы радикалдар Рес­пуб­ликалық партияда десе, 25 пайызы Демократиялық партияда деп пікірін білдірген. Жалпы, АҚШ-ты есеңіреткен 6 қаңтар күні не болды, не үшін болды деген сұрақ туындайды. Дәл сол күні Конгресте әр штат­тағы сайлаушылардың берген дауысын есептеп, өткен президент сайлауының нәтижесін жариялап, жеңімпаз анықталуы керек бол­ған. Бұған дейін сайлау­шы­лардың 302-сі Байденді қолдаса, 232-сі Трампты жақтады. Пре­зидент сайлауын жеңу үшін 270 дауыс жинау жеткілікті. Осылайша, Байденнің 46-президент атанғаны анық болған. Тек оны 6 қаңтарда ресми түрде жариялау керек еді. Осы­лайша, сайлау қо­рытындысы заңдастырылатын. Аталған шараға кедергі келтіру үшін Трамп дәл сол күні Уа­шинг­тонда өз жақтастарын жинап, «Американы құтқар» атауымен ірі митинг ұйымдастырды. Онда сөз алған Трамп, Руди Джулиани, Конгрестің бірнеше мүшесі «елді қайтару үшін бар күшті салып, күресуге» және Капитолийге баруға шақырған. Саясаткерлердің сөзіне сенген жиналған жұрт АҚШ-тың конгресмендері оты­ратын ғимаратқа лап қойды. По­лициямен қақтығыс болды. Нә­тижесінде, 5 кісі көз жұмды, оның бірі – полицей. 60-тан аса полицей жарақат алды. 68 адам ұсталды. Екі жарылғыш зат та­былды. Қазіргі жағдайға қарасақ, мұндай қылмысты кон­грес­мендер де, қоғам да кешіре алар емес. Трамп АҚШ тарихында Кон­грестің өкілдер палатасы екі рет импичмент жариялаған жалғыз президент болып тұр. Алғаш рет 2019 жылы демократтар оны өзінің саяси мүддесі үшін Украина президенті Володимир Зелен­скийге қысым көрсетті деп айып­таған еді. Нақтырақ айтса, сол кез­де демократтардың басты кан­дидаты санала бастаған Джо Байденнің ұлы Хантер Байденге Украинада қылмыстық іс ашуға итермелеген. Бұл ұсынысы қабыл алынса, Трамп АҚШ тарапынан Киевке әскери және қаржылай көмекті уәде еткен. Екі прези­денттің арасындағы бұл әңгіме 2019 жылы шілде айында болған. Бір қызығы, екеуі телефон арқылы сөйлескенге дейін Трамп Украи­наға көмек беруді уақытша тоқ­татқан екен. Яғни, сырттай қа­расаңыз, саяси қысымның бар­лық айла-шарасын жасап баққан. Осы себепті Өкілдер палатасы Трампқа «билікті асыра пай­да­ланды», «Конгресс тергеуіне ке­­дергі кел­тірді» деген айыптар тақты. Осы­ның негізінде импич­мент те жа­риялады. Алайда атал­ған екі айып Сенатта қарасты­рылғанда қолдау таппады және Трамп ақ­талып, өз қызметінде қалды. Оған бірден-бір себеп – сенатта Рес­пуб­ли­калық партия­ның өкіл­дері басым еді. Сонымен, экс-президент До­нальд Трамп АҚШ Кон­гресінің өкілдері палатасы им­пичмент жариялаған тарихтағы 3-пре­зидент атанды. Жалпы, бұл саяси текетірес кез келген мем­лекеттің саяси жүйесінде билік тар­мақ­тарының ара­сын­дағы теже­мелік және тепе-теңдік жүйесі қан­ша­лық маңыз­ды екенін көрсетті. Бір-бірінің жұмысына қырағы болған билік тармақтары өзге тараптың кең әрі толық билік ие­сіне айнал­мауын бақылайды.

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА