Жұмыртқа саудасы: таластың астары неде?
Жұмыртқа саудасы: таластың астары неде?
301
оқылды

Қазақстанда жұмыртқа арзандауы мүмкін, сала алпауыттарының қысымына шы­дамаған кейбір өңір икем­ге келіп, құс фабрикаларына қайтадан қыруар субсидия төлеуге көнгендей. Жалпы, бұл секторда болып жатқан құбылысты феномен деуге болады. Нарықта өз үстемдігін орнатқан бизнес топтар Үкіметке өз дегенде­рін орындататынын паш етті. Әйтпесе, әлеуметтік маңыз­ды өзге азық-түлік түр­лерін өндіру­шілер де асау аттай тулап көр­ген, бірақ бәрібір сөзін өткізе алмаған.

Жұмыртқа жұртқа жұғымды ма?

Дамыған елдерде «Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары» деген термин қолданылмайды. Бұл негізінен пост­кеңестік елдерге тән. Оған Кеңес тұсында жоқшылық пен тапшылық туын­дап, негізінен карточкамен берілген өнімдер жатқызылды. Мысалы, КСРО кезінен бері жұмыртқа бұқара көп тұ­тынатын өнім саналады. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, бүгінде бұл тауар халық тарапынан сон­шалықты кең сұранысқа ие емес: әрбір қазақстандыққа шаққанда, 1 адам орташа есеппен 3 күнде 2 жұмыртқа ғана жейді. Яғни, бір күнде бір жұмыртқа да жемейді деген сөз. Мысалы, былтырғы 11 айда бір қазақстандық орташа есеппен 247,2 жұ­мыртқа ғана тұтынған. Күн сайын жұ­мыртқа жейтін отбасылар азайып келеді. Соған қарамастан, осыдан үш жылдай бұрын ел Үкіметі «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін» жаңадан бекіткенде, оған бәрібір жұ­мыртқаны қосты. Жұмыртқа өндіру­шілер осы мәртебесін өз пайдасына орайымен пайдаланады. Мәселен, былтыр жыл бойы олар Үкіметтен мол субсидия сұрап, оны бермеген жағдайда «халық көп тұ­тынатын осы өнім бағасын шарық­тата­тынын» мәлімдеп, доқ көрсетті. АШМ оған мән бермеді. Ақырында, 2021 жылдың қаңтарында жұмыртқа бағасы елімізде орташа алғанда 30,4%-ға қымбаттап шыға келді. Ашығын айтқанда, отандық өндіру­шілер бағаны онсыз да жыл сайын өсіреді: елімізде он жыл бұрын, 2011 жылы жұ­мыртқаның ондығы 184 теңге тұрыпты. Ал енді еліміздегі базарлар мен сауда орындарындағы бұл тауардың ондығының бағасы 396-дан 460-қа дейін жетеді. Кей­бір жерде, тіпті ондығы 600 теңгеден сатылып жатыр. Әсіресе, ол Алматы (459 теңге, былтыр 367 теңге болған), Нұр-Сұлтан (тиісінше 448 және 353 теңге), Атырау (445 және 267 теңге) қалаларының тұрғындарына қым­батқа түсуде. Бұл ретте ең үлкен қым­батшылық Атырауда (бір жыл ішінде 66,7%-ға өскен), Семейде (46,2%-ға не­месе 277 теңгеден 405 теңгеге дейін) және Өскеменде (44,6%-ға не 280-нен 405 теңгеге дейін) тіркелді. Өзге өңірлерде де жағдай ұқсас. Осыдан бірер жыл бұрын нан бағасы барлық өңірде күрт көтерілгенде, жұрт­шылық наразылық білдіріп, әкім­діктерді жағалаған, Үкімет те жеке оты­рысын осы мәселеге арнаған. Ал бұл жолы халық тыныш.

Қымбатшылық төркіні неде?

Ауыл шаруашылығы министрлігі жұ­мыртқа құнының көтерілуін «негізсіз» деп мәлімдеді. Меморганның тексерісі көр­сеткендей, елде өндірісі 10%-ға дейін төмендегенімен бұл өнімнің тапшылығы байқалмайды, бағасының көтерілуіне де негіз жоқ. Жалпы, жұмыртқа өндірісінің құлды­рауына өткен күзде құс тұмауының өршуі ықпал еткен, одан бірнеше фабрика қатты зардап шеккені белгілі. Бұған қоса, ба­ғаның өзгеруіне өзге де себептер – жем-азықтың, көлік қызметінің қымбаттауы, жаппай вакцинациялау шығындары әсер етсе керек. Мысалы, бидай, жүгері және соя күнжарасының бағалары соңғы бірер жылда 1,5-3 есеге дейін қымбаттаған. Қалай болғанда да, бұл мәселені зерт­теумен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі айналыспақ. «Мұның себептерін анықтаймыз. Бүгінде осы мәселеге аталған агенттік назар аударды, ол кешенді тексеріске кі­рісіп кетті. Жергілікті жерде ахуалды жергілікті әкімдіктер бақылауда ұстап отыр. Олармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Қымбатшылыққа соқтырған себептер, жағдайды тұрақтандыру жайы пы­­сықталуда», – деді АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары, органикалық өнім және техникалық реттеу департаментінің ди­ректоры Зейнулла Шәріпов. Әйтсе де, бұл проблеманың астарында ақша үшін талас жатқандай. Атап айт­қанда, 2019 жылдың аяғында Ауыл шаруа­шылығы министрлігі алда жұмыртқаны бюджеттен субсидиялауды тоқтататынын жариялады. Оның бірнеше себебі бар, ең бастысы – салаға бағытталған мемлекет қаражаты тиімсіз жұмсалып жатыр. Мәселен, бұған дейін АШМ құс фаб­рикаларына өндіріп, өткізген әрбір жұ­мыртқасы үшін бюджеттен 3-5 теңгеден субсидия беріп келіпті. Мұның қанша қаражат екенін мынадан білуге болады: отандық құс фабрикалары 2019 жылы – 5,5 млрд, 2020 жылы – 5миллиард дана жұмыртқа өндірген. Ен­деше 15 миллиард теңгедей көмек ақша алған. Әрине, сала миллионерлері осынша ел қаржысынан айырылғысы келмесі, сол заманның оралуын аңсайтыны анық. Ескерер жайт сол, «5,5 млрд бірлік жұмыртқа» дегені – өндірушілердің берген дерегі ғана. 5,5 миллиард жұ­мыртқаны шенеуніктер жеке-жеке санап тұра алмайды, бизнесмендердің сөзіне сенуге тура келеді. АШМ осы өтірікке той­ғанға ұқсайды: субсидияны жою қажетін дәйектеген ведомство кейбір кәсіпорындар бюджеттен неғұрлым көп субсидия алу үшін өндіріс көлемін жасанды түрде ұлғайтып көрсетеді деп ашық айтты. Осы орайда мемлекет мүддесі тұр­ғысынан сөйлеуге тиіс сенаторлардың керісінше, жұмыртқа алпауыттарын қор­ғаштай сөйлегені таңғалтты. Мысалы, сенатор Сұлтан Дүйсембинов Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауалында құс шаруашылығымен ай­налысатын бизнесмендерге субсидия мен көптеген артықшылық беруді, тіпті ком­банктерден алған несиесіне каникулды сұрады. Сондай-ақ шетелдік құс өнім­дерінің елге әкелуіне тыйым салуды ұсынады. «Осындай күрделі жағдайға түскен отандық құс өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында ел Үкіметі шұғыл түрде шара қабылдап, жағдайды тұрақтандыру жо­л­дарын белгілеуі керек. Атап айтқанда, салада мақсатты субсидияларды бөлу мәселелерін пысықтау; өндірістің нақты рентабельділігіне тәуелді соңғы өнімді, асылтұқымды материалды – ата-тектік нысандарын сатып алуды және ерікті сақтандыру шегінде сақтандыру сыйа­қысын субсидиялау; мемлекеттік жемшөп қорын құру; құс шаруашылығы объек­тілеріне сыртқы инженерлік-инфра­құрылым желілерін жеткізу жолдарын қарастыру; банктермен жасалатын несие шарттарына қарызды өтеу мерзімдерін 5 жылға кейінге шегеру (каникулдар); әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізбесінен 1-санаттағы жұмыртқаны алып тастау мәселелерін жан-жақты қарастыруы қа­жет. Сонымен қатар отандық тауар өн­дірушілерді әділетсіз бәсекеден қорғау үшін қазақстандық нарыққа инжек­тирленген құс етін жібермеу, мүдделі ор­гандарға құс етінің импортына қатысты тарифтік квоталарды 50 пайызға дейін азайту қажеттілігі туындап отыр. Ұсы­ныстардың толық мәтіні қоса тіркелді», – деді сенатор. Сала бизнесмендері биыл аңсарлы субсидияларына қол жеткізетінге ұқ­сайды. Мысалы, кеше Шымкент қаласы «Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнім­ді­лігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялаудың 2021 жылға арналған көлемін бекіту туралы» әкімдік қау­­лы­сының жобасын жария етті. Құжатта жұ­мыртқа өндірісінің құнын арзандатуға 164 миллион теңге бөлінетіні көрсетілген...

Елдос СЕНБАЙ