Қазақстанда жұмыртқа арзандауы мүмкін, сала алпауыттарының қысымына шыдамаған кейбір өңір икемге келіп, құс фабрикаларына қайтадан қыруар субсидия төлеуге көнгендей. Жалпы, бұл секторда болып жатқан құбылысты феномен деуге болады. Нарықта өз үстемдігін орнатқан бизнес топтар Үкіметке өз дегендерін орындататынын паш етті. Әйтпесе, әлеуметтік маңызды өзге азық-түлік түрлерін өндірушілер де асау аттай тулап көрген, бірақ бәрібір сөзін өткізе алмаған.
Жұмыртқа жұртқа жұғымды ма?
Дамыған елдерде «Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары» деген термин қолданылмайды. Бұл негізінен посткеңестік елдерге тән. Оған Кеңес тұсында жоқшылық пен тапшылық туындап, негізінен карточкамен берілген өнімдер жатқызылды. Мысалы, КСРО кезінен бері жұмыртқа бұқара көп тұтынатын өнім саналады. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, бүгінде бұл тауар халық тарапынан соншалықты кең сұранысқа ие емес: әрбір қазақстандыққа шаққанда, 1 адам орташа есеппен 3 күнде 2 жұмыртқа ғана жейді. Яғни, бір күнде бір жұмыртқа да жемейді деген сөз. Мысалы, былтырғы 11 айда бір қазақстандық орташа есеппен 247,2 жұмыртқа ғана тұтынған. Күн сайын жұмыртқа жейтін отбасылар азайып келеді. Соған қарамастан, осыдан үш жылдай бұрын ел Үкіметі «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін» жаңадан бекіткенде, оған бәрібір жұмыртқаны қосты. Жұмыртқа өндірушілер осы мәртебесін өз пайдасына орайымен пайдаланады. Мәселен, былтыр жыл бойы олар Үкіметтен мол субсидия сұрап, оны бермеген жағдайда «халық көп тұтынатын осы өнім бағасын шарықтататынын» мәлімдеп, доқ көрсетті. АШМ оған мән бермеді. Ақырында, 2021 жылдың қаңтарында жұмыртқа бағасы елімізде орташа алғанда 30,4%-ға қымбаттап шыға келді. Ашығын айтқанда, отандық өндірушілер бағаны онсыз да жыл сайын өсіреді: елімізде он жыл бұрын, 2011 жылы жұмыртқаның ондығы 184 теңге тұрыпты. Ал енді еліміздегі базарлар мен сауда орындарындағы бұл тауардың ондығының бағасы 396-дан 460-қа дейін жетеді. Кейбір жерде, тіпті ондығы 600 теңгеден сатылып жатыр. Әсіресе, ол Алматы (459 теңге, былтыр 367 теңге болған), Нұр-Сұлтан (тиісінше 448 және 353 теңге), Атырау (445 және 267 теңге) қалаларының тұрғындарына қымбатқа түсуде. Бұл ретте ең үлкен қымбатшылық Атырауда (бір жыл ішінде 66,7%-ға өскен), Семейде (46,2%-ға немесе 277 теңгеден 405 теңгеге дейін) және Өскеменде (44,6%-ға не 280-нен 405 теңгеге дейін) тіркелді. Өзге өңірлерде де жағдай ұқсас. Осыдан бірер жыл бұрын нан бағасы барлық өңірде күрт көтерілгенде, жұртшылық наразылық білдіріп, әкімдіктерді жағалаған, Үкімет те жеке отырысын осы мәселеге арнаған. Ал бұл жолы халық тыныш.Қымбатшылық төркіні неде?
Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа құнының көтерілуін «негізсіз» деп мәлімдеді. Меморганның тексерісі көрсеткендей, елде өндірісі 10%-ға дейін төмендегенімен бұл өнімнің тапшылығы байқалмайды, бағасының көтерілуіне де негіз жоқ. Жалпы, жұмыртқа өндірісінің құлдырауына өткен күзде құс тұмауының өршуі ықпал еткен, одан бірнеше фабрика қатты зардап шеккені белгілі. Бұған қоса, бағаның өзгеруіне өзге де себептер – жем-азықтың, көлік қызметінің қымбаттауы, жаппай вакцинациялау шығындары әсер етсе керек. Мысалы, бидай, жүгері және соя күнжарасының бағалары соңғы бірер жылда 1,5-3 есеге дейін қымбаттаған. Қалай болғанда да, бұл мәселені зерттеумен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі айналыспақ. «Мұның себептерін анықтаймыз. Бүгінде осы мәселеге аталған агенттік назар аударды, ол кешенді тексеріске кірісіп кетті. Жергілікті жерде ахуалды жергілікті әкімдіктер бақылауда ұстап отыр. Олармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Қымбатшылыққа соқтырған себептер, жағдайды тұрақтандыру жайы пысықталуда», – деді АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары, органикалық өнім және техникалық реттеу департаментінің директоры Зейнулла Шәріпов. Әйтсе де, бұл проблеманың астарында ақша үшін талас жатқандай. Атап айтқанда, 2019 жылдың аяғында Ауыл шаруашылығы министрлігі алда жұмыртқаны бюджеттен субсидиялауды тоқтататынын жариялады. Оның бірнеше себебі бар, ең бастысы – салаға бағытталған мемлекет қаражаты тиімсіз жұмсалып жатыр. Мәселен, бұған дейін АШМ құс фабрикаларына өндіріп, өткізген әрбір жұмыртқасы үшін бюджеттен 3-5 теңгеден субсидия беріп келіпті. Мұның қанша қаражат екенін мынадан білуге болады: отандық құс фабрикалары 2019 жылы – 5,5 млрд, 2020 жылы – 5миллиард дана жұмыртқа өндірген. Ендеше 15 миллиард теңгедей көмек ақша алған. Әрине, сала миллионерлері осынша ел қаржысынан айырылғысы келмесі, сол заманның оралуын аңсайтыны анық. Ескерер жайт сол, «5,5 млрд бірлік жұмыртқа» дегені – өндірушілердің берген дерегі ғана. 5,5 миллиард жұмыртқаны шенеуніктер жеке-жеке санап тұра алмайды, бизнесмендердің сөзіне сенуге тура келеді. АШМ осы өтірікке тойғанға ұқсайды: субсидияны жою қажетін дәйектеген ведомство кейбір кәсіпорындар бюджеттен неғұрлым көп субсидия алу үшін өндіріс көлемін жасанды түрде ұлғайтып көрсетеді деп ашық айтты. Осы орайда мемлекет мүддесі тұрғысынан сөйлеуге тиіс сенаторлардың керісінше, жұмыртқа алпауыттарын қорғаштай сөйлегені таңғалтты. Мысалы, сенатор Сұлтан Дүйсембинов Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауалында құс шаруашылығымен айналысатын бизнесмендерге субсидия мен көптеген артықшылық беруді, тіпті комбанктерден алған несиесіне каникулды сұрады. Сондай-ақ шетелдік құс өнімдерінің елге әкелуіне тыйым салуды ұсынады. «Осындай күрделі жағдайға түскен отандық құс өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында ел Үкіметі шұғыл түрде шара қабылдап, жағдайды тұрақтандыру жолдарын белгілеуі керек. Атап айтқанда, салада мақсатты субсидияларды бөлу мәселелерін пысықтау; өндірістің нақты рентабельділігіне тәуелді соңғы өнімді, асылтұқымды материалды – ата-тектік нысандарын сатып алуды және ерікті сақтандыру шегінде сақтандыру сыйақысын субсидиялау; мемлекеттік жемшөп қорын құру; құс шаруашылығы объектілеріне сыртқы инженерлік-инфрақұрылым желілерін жеткізу жолдарын қарастыру; банктермен жасалатын несие шарттарына қарызды өтеу мерзімдерін 5 жылға кейінге шегеру (каникулдар); әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізбесінен 1-санаттағы жұмыртқаны алып тастау мәселелерін жан-жақты қарастыруы қажет. Сонымен қатар отандық тауар өндірушілерді әділетсіз бәсекеден қорғау үшін қазақстандық нарыққа инжектирленген құс етін жібермеу, мүдделі органдарға құс етінің импортына қатысты тарифтік квоталарды 50 пайызға дейін азайту қажеттілігі туындап отыр. Ұсыныстардың толық мәтіні қоса тіркелді», – деді сенатор. Сала бизнесмендері биыл аңсарлы субсидияларына қол жеткізетінге ұқсайды. Мысалы, кеше Шымкент қаласы «Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялаудың 2021 жылға арналған көлемін бекіту туралы» әкімдік қаулысының жобасын жария етті. Құжатта жұмыртқа өндірісінің құнын арзандатуға 164 миллион теңге бөлінетіні көрсетілген...Елдос СЕНБАЙ