Қарағандыда Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» ЖШС-іне қатысты бес айға созылған сот процесіне нүкте қойылды. Журналист Ирина Московка денсаулық сақтау жүйесінің төрт құрылымын қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға қажет дәрі-дәрмек беруді тоқтатып, пандемия кезінде өміріне қауіп төндіргені үшін сотқа берді. Ол жауапкерлерден материалдық залал мен моральдық зиянды өтеуді талап етті.
Өткен аптада республикалық қоғамдық-саяси «Время» газетінің Қарағанды облысындағы тілшісі Ирина Московканың талап-арызы бойынша жүрген сот ісі аяқталды. Ирина Московка 2018 жылы күтпеген жерден қатерлі ісікке шалдығады. Сол жылы дереу ота жасатады, дегенмен организмді қалпына келтіру үшін үнемі ем-домды жалғастыру қажет еді. Алайда коронавирус өршіген уақытта оның ем қабылдауды үзуіне тура келеді, себебі қажетті дәрілер ауруханадан табылмайды. «Дәрігерлердің мультидисциплинарлық тобы менің ауруымның гистологиясына сәйкес ем тағайындады. Тамоксифен препаратын үш жыл бойы қабылдауым керек еді. Екі жыл бойы емханадан дәрі-дәрмекті кестеге сәйкес уақытында алып жүрдім. Препараттар әдетте екі-үш айға беріледі. Дегенмен 2020 жылдың көктемінде маған емхана оның баламасы деп басқа дәрі-дәрмек берді. Ал мамыр айында келгенімде алмастыратын дәрі де тауып бере алмады», – дейді журналист. Тілші науқасын асқындырудан қорқып, дәріханаларда қымбат тұратын дәрілерді сатып алуға мәжбүр болады.Оның есебі бойынша, жалпы шығын 42 652 теңгені құрайды. Сол себепті сотта моральдық және материалдық зиян құнын 42 500 теңге деп бағалады. Ол Денсаулық сақтау министрлігін, Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы, «СҚ-Фармация» компаниясын және Қарағанды қаласының №3 көпбейінді ауруханасын жауапкер деп тануды сұрап, сотқа жүгінді. «Бұл жерде басты мәселе әлеуметтік саясатта жатыр. Сондықтан мен маған келген шығын 42 500 теңге деп бағаладым. Үкімет пандемия кезінде халыққа 42 500 теңге әлеуметтік төлем төледі ғой. Мен үшін ақша емес, кінәлілерді жауапқа тарту маңызды болды», – дейді журналист. Журналистің айтуынша, пандемия кезінде мыңдаған науқас осындай мәселеге бетпе-бет келген. «Мәселені шешудің бір жолы – денсаулық сақтау жүйесін өзгерту», – дейді журналист. Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданының №2 соты азаматтық іс қозғады. Алғашқы тыңдау былтыр 29 қыркүйекте өтті. «СҚ-Фармация» ЖШС еліміздің заңнамалары талабына сәйкес халыққа тегін берілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алуды жүзеге асырады. Ол медициналық ұйымдарға дәрі-дәрмектерді шарттық міндеттемелер негізінде жөнелтеді. Компания мен Ирина қаралатын Қарағанды облысының №3 көпбейінді ауруханасы арасында 2020 жылға 05.01.2020 жылғы № 09-20-0154-ALO-1BV оферта шарты жасалған. Аурухана 2020 жылға 30 000 тамоксифен және 96 000 торемифен таблеткаларын сатып алуға тапсырыс берген. Сотқа шақырылған «СҚ-Фармация» ЖШС өкілі компания ауруханаға дәрілік заттарды жеткізу бойынша өз міндеттемесін тиісінше орындады деп жауап береді. Дегенмен «СҚ-Фармация» 2020 жылы мамыр айында кесте бойынша Қарағандыға 3 000 таблетка жеткізуі керек еді, бірақ тек 1 700-і жеткізіледі, бұл құжаттармен расталады. Бірақ осы өрескел жағдайларға қарамастан дәрілік дистрибьютор сотта жауапкер деп танылмады. Сот процесі кезінде Денсаулық сақтау министрлігі өткізген брифингте Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Диляра Қайдарова да «Қарағанды онкодиспансері кінәлі емес» деген қорытындыға келгенін хабарлаған еді. «Иә, біз бұл жағдаймен таныспыз. Өкінішке қарай, мұнда онкодиспансер кінәлі емес. «СҚ-Фармация» тарапынан жеткізуде проблемалар болды» деген болатын Д.Қайдарова. «Өткен жылдың көктемі мен жазында онкологиялық науқастарды, диабетпен ауыратындарды және басқаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде кемшілік болды. Оған пандемия кінәлі емес. Мұндай адамдар үшін дәрі-дәрмектерді сатып алу тендерлері алдын ала өткізіледі. Міне, менің жағдайымда «СҚ-Фармация» 2019 жылдың күзінде Қарағанды қаласының №3 көпбейінді ауруханасынан (онда мен есепте тұрмын) өтінім алды. Бірақ бірыңғай дистрибьютор дәрі-дәрмекті уақытында сатып ала алмады. Рецепт бойынша маған жазылған таблеткалар Қарағандыға тек 2020 жылдың шілдесінде жетті! Сондықтан мен сияқты пациенттерді дәрігерлер балама препаратқа ауыстыруға мәжбүр болды. Бірақ қандай да бір себептермен ол бәріне жетпеді. Карантин кезінде мен жекеменшік дәріханаларға жүгініп, сатып алуыма тура келді», – дейді Ирина Московка. Сот процесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің жетілмегені расталды. Алайда судья Денсаулық сақтау министрлігі, Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен «СҚ-Фармация» компаниясы бұған жауапты емес деген шешім шығарады. Сот үкімімен қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға дәрілерді уақытында жеткізбеген аурухана кінәлі деп табылды. «Денсаулық сақтаудың жетекші құрылымдары өздері басқаратын тетіктердің қалай жұмыс істейтініне заң алдында жауап бермейді екен. Денсаулық сақтау министрлігі бізде бұйрықтар әзірлейтін және қызметін үйлестіретін теоретиктер екені белгілі болды. Ал министрлікке ведомстволық бағынысты «СҚ-Фармация» ұйымы Үкімет бекіткен №1729 ережемен қарапайым адамдардың талаптарынан сенімді қорғалған. Ол тек ауруханаларға дәрі-дәрмектерді сатып алушы және жеткізуші рөлін атқарады. Сонымен қатар осы ережелерде сатып алуды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатыны туралы сөз жоқ. Оларға дәрі-дәрмексіз қалған адамдардың денсаулығынан гөрі заңдар мен ереже маңызды. Енді сот алдында қарапайым аурухананың жауап беруіне тура келіп отыр. Мұндай үкім әділетті ме? Менің ойымша, жоқ», – дейді Ирина. Қарағандының №2 Қазыбек би аудандық сотының судьясы Жанар Смағұлова Ирина Московкаға келтірілген материалдық және моральдық шығын 49 250 теңге мен мемлекеттік бажды № 3 Қарағанды көпсалалы аурухана төлейді деп үкім шығарды. «Мен Денсаулық кодексімен танысып шықтым. Онда облыстардың жергілікті өкілді органдары төтенше жағдай режимін енгізу кезінде азаматтарды дәрілік заттармен тегін медициналық көмек көрсетуге құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етеді делінген. Сондай-ақ мен Денсаулық сақтау министрлігі туралы Үкімет бекіткен ереженің кейбір нормаларына назар аудардым. Онда Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың денсаулығын қорғау, дәрі-дәрмек айналымы, салааралық үйлестіру, стратегиялық, реттеуші, бақылау-қадағалау, іске асыру және рұқсат беру функцияларын қамтитын бірнеше салада басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган екені атап өтілді», дейді журналист. Ал аурухана басшылығы өз кезегінде сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым берді. Қарағанды онкодиспансерінің заңды өкілдері апелляциялық шағымда аурухананың қажетті дәрі-дәрмектерді өз бетінше сатып ала алмайтынын жазған болатын. Алайда облыстық соттың апелляциялық алқасы бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы