Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бес жылдан кейін Қазақстандағы автожолдың 95 пайызын мінсіз қылмақ. Жойқын жоспарды орындауға республикалық бюджеттен аста-төк ақша бөлінген. Шетелдік инвесторлар да қарап отырған жоқ. Үкімет жол төсейтін компанияларға қатаң талаптар қойып жатыр. Биыл ең қиын учаскелерді анықтау үшін цифрлық карта сызылып, жолдардың сапалық рейтингі түзіледі.
Аталған министрлікке қарасты Автомобиль жолдары комитетінің мәліметіне сүйенсек, былтыр елімізде 4,4 мың шақырым жол жөнделіп, салынған. Яғни, бұрын-соңды тарихта болмаған рекорд жасалған. Бұл мақсатқа 500 млрд теңгеден астам ақша жұмсалыпты. Егер осы қарқыннан таймай, қаржыландыру көлемін жыл сайын 50 млрд теңгеге ұлғайта берсек, болжам бойынша 2025 жылға таман жолдардың 95 пайызын тақтайдай тегіс етеді екенбіз.
Алайда әр аймақтағы жолдардың ұзындығы әртүрлі екенін ескерсек, рейтингті басқаша бағалауға тура келеді. Мысалы, жолының 92 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде деп танылған Маңғыстау облысында көлік артериясының ұзындығы – небәрі 2,8 мың шақырым. Былтыр қиян түбектегі жолдардың 218 шақырымы ғана жөнделіпті. Жобаның жалпы құны 27 миллиард теңгеден асады.
Жолының 81 пайызы қанағаттанарлық деңгейдегі Шығыс Қазақстан облысы төртінші орында тұрса да, елдегі ең ұзын магистраль осы өңірге тиесілі. 12 мың шақырымның тек 29 пайызы республикалық маңызға ие, 71 пайызы – негізінен облыстық қазынадан қаржыландырылатын жергілікті желілер. ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің хабарлауынша, 2019 жылы облыстың республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жасауға 76,4 млрд теңге бөлініпті. Бұл сомаға Осинов асуын айналып өтетін автожол құрылысы сияқты қымбат жобалар да кіреді. Оның 22,2 млрд теңгесі облыстық бюджеттен алынған. Жөнделген жолдардың ұзындығы – 455 шақырым.
2019 жылы мамыр айында барлық аймақтық жол зертханалары «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» құрамына біріктірілді. Жол сапасын бақылауға қатысты ауқымды жұмыстар басталды. Соңғы алты айда орталық мамандары 11,5 мыңнан астам асфальт сынамасын тексерген. Оның үштен бірі (4,5 мыңы) стандартқа сай келмейтін болып шыққан.
Тексеру нәтижесіне сенсек, әсіресе жергілікті жолдардың тозығы жеткен, республикалық бағыттармен салыстырғанда кем-кетігі өте көп. Себебі сан қилы. Біріншіден, қаржыландыру мардымсыз. Екіншіден, мердігер ұйымдар жергілікті жолдарға кепілдік мерзімін екі есе қысқа белгілейді. Үшіншіден, мемлекет жергілікті жолдарды көлденең көк атты компанияларға сеніп тапсыра салады. Мәселен, Талдықорған – Өскемен және Омбы – Майқапшағай магистральдарының кейбір учаскелерін жасауға қытайлық CITIC Construction Ltd, италиялық Todini Central Asia секілді ірі консорциумдар жұмылдырылған. Ал жергілікті жолдарды місе тұтатын кішігірім отандық фирмалар техникалық жабдықталуы жағынан шетелдіктердің шеніне келмейді. Мамандардың айтуынша, олар құрылыс материалдарын тасуға да қиналатын көрінеді, өзге өңірлерден әкелсе, қалтасы қағылатындықтан, таяу маңда жатқан қиыршық тастарды талғамай пайдаланады екен.
Қазақстандағы ең жақсы жолдармен Маңғыстау, Павлодар және Алматы облысының тұрғындары жүйткіп жүр. Ал ең нашар жол Батыс Қазақстан, Атырау мен Солтүстік Қазақстанның пешенесіне жазылыпты.
2017-2018 жылдарға арналған әлемдік бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан 2,9 балмен 115-орынға тұрақтапты. Тіпті, жер көлемі бізді он орайтын Ресейден де қалып қойыппыз. Жолы ең сапалы бес ел тізіміне Біріккен Араб Әмірліктері (6,4 балл), Сингапур (6,3 балл), Гонконг (6,2 балл) және Нидерланд (6,1 балл) ілінген. Біздікі өте нашар көрсеткіш екені тәй-тәй басқан балаға да түсінікті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектеновтің пікірінше, бұл масқараға жең ұшынан жалғасқан ұрлық-қарлық кінәлі. Кейінгі үш-төрт жыл ішінде жол құрылысы саласында 100-ден астам құқықбұзушылықтың жолы кесілген. Сотталғандар қатарында «ҚазАвтоЖолдың», жергілікті атқарушы органдардың базасында құрылған «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» лауазымды тұлғалары, басқа да құрылымдардың өкілдері бар. Келісімшарттарға қол қою кезінде пара ұсыну, заңсыз кәсіпкерлік қызметке қамқорлық жасау, былық-шылыққа көз жұмып, шара қолданбау, мемлекеттік сатып алулар барысында қазынаға қол сұғу деректері жол құрылысы саласында қалыпты құбылысқа айналған.
Сонымен, сөз басында тілге тиек еткен 95 пайыз мінсіз жолымыз шындық па, қиял ма? Кесіп-пішіп, нақты жауап беру қиын. Бәрі өзімізге байланысты. Жемқорлыққа салынбасақ, қоғамның өзегіне түскен жегі құрттан құтылсақ, жойқын жоспарды неге орындамасқа? Абай айтпақшы, қазақ та адам баласы ғой...
Еркебұлан НҰРЕКЕШ