Жол қадірін жүрген біледі

Жол қадірін жүрген біледі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бес жылдан кейін Қазақстандағы автожолдың 95 пайызын мінсіз қылмақ. Жойқын жоспарды орындауға республи­калық бюджеттен аста-төк ақша бөлінген. Шетелдік инвесторлар да қарап отырған жоқ. Үкімет жол төсейтін компанияларға қатаң талаптар қойып жа­тыр. Биыл ең қиын учаскелерді анықтау үшін цифр­лық карта сызылып, жолдардың сапалық рейтингі түзіледі.

Аталған министрлікке қарас­ты Автомобиль жолдары коми­тетінің мәліметіне сүйенсек, был­тыр елімізде 4,4 мың ша­қырым жол жөнделіп, салынған. Яғни, бұрын-соңды тарихта бол­маған рекорд жасалған. Бұл мақсатқа 500 млрд теңгеден астам ақша жұмсалыпты. Егер осы қарқыннан таймай, қаржылан­дыру көлемін жыл сайын 50 млрд теңгеге ұлғайта берсек, болжам бойынша 2025 жылға таман жолдардың 95 пайызын тақтайдай тегіс етеді екенбіз.

Алайда әр аймақтағы жол­дардың ұзындығы әртүрлі екенін ескерсек, рейтингті басқаша бағалауға тура келеді. Мысалы, жолының 92 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде деп танылған Маңғыстау облысын­да көлік артериясының ұзынды­ғы – небәрі 2,8 мың шақырым. Былтыр қиян түбектегі жолдардың 218 шақырымы ғана жөнделіпті. Жобаның жалпы құны 27 мил­лиард теңгеден асады.

Жолының 81 пайызы қанағат­танарлық деңгейдегі Шығыс Қа­зақстан облысы төртінші орында тұрса да, елдегі ең ұзын магистраль осы өңірге тиесілі. 12 мың ша­қы­рымның тек 29 пайызы респуб­­ликалық маңызға ие, 71 пайызы – негізінен облыстық қазынадан қар­жыландырылатын жергілікті желілер. ШҚО әкімі Даниал Ах­метовтің хабарлауынша, 2019 жы­лы облыстың республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жасауға 76,4 млрд теңге бөлініпті. Бұл со­маға Осинов асуын айналып өте­тін автожол құрылысы сияқты қым­бат жо­балар да кіреді. Оның 22,2 млрд теңгесі облыстық бюд­жеттен алын­ған. Жөнделген жол­дардың ұзындығы – 455 шақырым.

2019 жылы мамыр айында бар­лық аймақтық жол зертха­налары «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» құрамына бірікті­рілді. Жол сапасын бақы­лауға қа­тысты ауқымды жұмыстар бас­тал­ды. Соңғы алты айда ор­талық ма­мандары 11,5 мыңнан астам ас­фальт сынамасын тек­серген. Оның үштен бірі (4,5 мы­ңы) стан­дартқа сай келмейтін болып шыққан.

Тексеру нәтижесіне сенсек, әсіресе жергілікті жолдардың тозығы жеткен, республикалық бағыттармен салыстырғанда кем-кетігі өте көп. Себебі сан қилы. Біріншіден, қаржыландыру мар­дымсыз. Екіншіден, мердігер ұйымдар жергілікті жолдарға кепілдік мерзімін екі есе қысқа белгілейді. Үшіншіден, мемлекет жергілікті жолдарды көлденең көк атты компанияларға сеніп тапсыра салады. Мәселен, Тал­ды­қорған – Өскемен және Омбы – Майқапшағай магистральдары­ның кейбір учаскелерін жасауға қытайлық CITIC Construction Ltd, италиялық Todini Central Asia секілді ірі консорциумдар жұ­мылдырылған. Ал жергілікті жол­дарды місе тұтатын кішігірім отандық фирмалар техникалық жабдықталуы жағынан шетел­діктердің шеніне келмейді. Мамандардың айтуынша, олар құрылыс материалдарын тасуға да қиналатын көрінеді, өзге өңір­лерден әкелсе, қалтасы қағыла­тын­дықтан, таяу маңда жатқан қиыршық тастарды талғамай пайдаланады екен.


Қазақстандағы ең жақсы жолдармен Маң­ғыстау, Павлодар және Алматы облысының тұр­­ғындары жүйткіп жүр. Ал ең нашар жол Батыс Қазақстан, Атырау мен Солтүстік Қа­зақстанның пеше­несіне жазылыпты.


2017-2018 жылдарға арналған әлемдік бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан 2,9 балмен 115-орынға тұрақтапты. Тіпті, жер көлемі бізді он орайтын Ре­сейден де қалып қойыппыз. Жолы ең сапалы бес ел тізіміне Біріккен Араб Әмірліктері (6,4 балл), Син­гапур (6,3 балл), Гонконг (6,2 балл) және Нидерланд (6,1 балл) ілінген. Біздікі өте нашар көр­сеткіш екені тәй-тәй басқан балаға да түсінікті.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі төраға­сы­ның бірінші орынбасары Олжас Бектеновтің пікірінше, бұл масқа­раға жең ұшынан жалғасқан ұр­лық-қарлық кінәлі. Кейінгі үш-төрт жыл ішінде жол құрылысы са­ласында 100-ден астам құқық­бұзушылықтың жолы кесілген. Сотталғандар қатарында «Қаз­Авто­Жолдың», жергілікті ат­қа­рушы органдардың базасында құрылған «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» лауазымды тұлғалары, басқа да құрылым­дар­дың өкілдері бар. Келісімшарт­тарға қол қою кезінде пара ұсыну, заңсыз кәсіпкерлік қызметке қам­қорлық жасау, былық-шы­лыққа көз жұмып, шара қолданбау, мемлекеттік сатып алулар бары­сында қазынаға қол сұғу деректері жол құрылысы саласында қа­лыпты құбылысқа айналған.

Сонымен, сөз басында тілге тиек еткен 95 пайыз мінсіз жолы­мыз шындық па, қиял ма? Кесіп-пішіп, нақты жауап беру қиын. Бәрі өзімізге байланысты. Жем­қорлыққа салынбасақ, қоғамның өзегіне түскен жегі құрттан құ­тыл­сақ, жойқын жоспарды неге орын­дамасқа? Абай айтпақшы, қазақ та адам баласы ғой...


Еркебұлан НҰРЕКЕШ