Қар құрсауында қалған жолдар
Қар құрсауында қалған жолдар
201
оқылды

Өткен екі айда республикалық маңызға ие жолдарда көлік қозғалысына 235 рет шектеу қойылған. Бұл бо­ран­ның ғана емес, осы жолға жауапты мекемелердің де ке­­сірінен болғаны анық. Ендеше мойнына жауап­кер­ші­лікті алғандар өз істеріне неге салғырттықпен қарайды?

Қыс қаһарына мінді. Қар қалың түсуде. Үлп еткен жел тұрса болды, алай-дүлей боран, көз алдыңыздағы затты көру арман болар мезгіл. Бұл Қазақстанның көптеген аймағындағы жағдай. Қыста қарды анда-санда көретін онтүстік өңірі де қалың қар құр­сауында қалуда. Осының кесі­рінен жолдар жабылып, қар күрелмей қалу жағдайлары да жиі қай­та­ланды. Көліктердің далада қалып қойғаны туралы әлеуметтік же­лілерде жиі айтылып та, жазы­лып та жатыр. Көбіне бұл ескер­туге қарамай жолға шыққан көлік тізгіндеушілердің кінәсі болса, енді бірде «жолды ақ ұлпадан та­зартып отырамыз» деген ме­ке­ме­лердің уәдені орындамауынан туындаған мәселе. Республикалық маңызы бар тасжолдың 25 мың ша­қы­рымын қыста күтіп ұстау мүм­кін болса, оның 21,1 мың шақы­рымы QazAvtoJol ҰК АҚ-на, 3,4 мың шақырымы жаңғырту ны­сан­дарындағы мердігерлік ұйым­дардың және 422 шақырымы күр­делі жөндеудің ауыспалы ны­сандарының қарамағында екен.

Олай болса, жалпы жолдың жартысынан көбіне иелік етіп отырған QazAvtoJol өз жұмысына атүсті қарайды десек те болғандай. Айтылған сөзіміз дәйекті болуы үшін бір ғана мысал келтіре кетсек, артық болмас. Қарағанды облы­сында жаңа жылдың алғашқы күндері қар көп жауып, көлік қозғалысына шектеу қою жиілеп кеткен. Арнайы тексерген тәртіп сақшылары жолды уақытылы та­заламаудың бірнеше фактісін анық­таған. Коммуналдық қызмет­керлер мұны арнайы техниканың жетіспеушілігімен және ауа ра­йы­ның қолайсыз жағдайла­рымен түсіндіріп әлек.

Дегенмен тәртіп керек. Жол­ды күреу талаптарын орын­дама­ғаны, көлік құралдарының қауіп­сіз және үздіксіз қозғалысын қам­тамасыз етпегені үшін «Қаз­АвтоЖол» ЖШС-не қарасты об­лыстық бө­лімше бастығының міндетін ат­қа­рушысы, «Ақылы жол дирекциясы» учаскесі, ЖЭУ-46 және ЖЭУ-42 бастықтары әкімшілік жауап­кер­шілікке тар­тылды. Бұл тек Қара­ғанды ғана емес, жалпы Қазақ­стан­дағы жағ­дай. Жаңа жыл ал­дында астанада да ақ ұлпа мәселесі біраз сөз бол­ды. Ол туралы: «Елорда қар ас­тын­да қалды» деген тақырыппен біз де жаздық. Де­генмен қыстың қаһарына төтеп берген астана­лықтар үшінші қаң­тардағы мә­лімет бойынша қар тазалау жұмыс­тарына 830 арнайы техника мен 1 450 жұмысшы жұмыл­ды­рылған. «Қыс басталғалы барлығы 1 383 468 текше метр қар шыға­рылды (115 289 рейс)» деп жа­зы­лып тұр, қала әкімдігінің сайтын­дағы жазбада. Әрине, қыстың сынына қала әкімі Алтай Көл­гінов «сынбаса» екен дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Әрине, миллиардтаған қаржы бөлінген жолда арнайы қар таза­лайтын техниканың аздығы тү­сініксіз. «Қыс шанаңды жаз сай­ла» деген сөз оларды айналып өт­ке­ні ме дерсіз?! QazAvtoJol ком­па­ниясының мәліметінше, кәсіпо­рын 1 067 жол техникасы­мен жаб­дықталған болса, қазір­гі таңда республикалық маңызы бар авто­жолдарда бар болғаны 599 арнайы техника жұмыс істеуде.

Осы жағдайға байланысты «Қазақавтожол» ЖШС басқарма басшысы Айдын Әбдірахманов:

– Табиғаттың тосын мінезіне әрқашан дайын болуға тырыса­мыз. Әсіресе, ауа райы күрт құ­былып, жауын-шашын мөлшері артқан жағдайда біздің мамандар күшейтілген режимде жұмыс іс­тейді. Бұған қоса, көрші облыс­тар­да төтенше жағдай болып жат­са, қол ұшын беріп, қосымша күш пен арнайы техникалар жө­нелтеміз. Сала мамандары рес­пуб­ликалық және аймақтың маңызы бар тас­жолдарында күні-түні кезекшілік етеді. Қауіптің алдын алуға ты­ры­сады. Қиын­дық­қа тап болғандарға көмекте­седі. «Сақтансаң – сақ­таймын» деген бар ғой. Әсіресе, алыс жолға шығарда арнайы хабарламаларды ескеріп, тәуекелге бас тіге бермеу керек, – дейді.

Басқарма басшысының ай­туына қарағанда, оларда бәрі жақсы. Дегенмен қарамағындағы мекемелерге дұрыс жұмыс істете білген де жөн ғой дегіміз келеді.

Сөзіміз дәлелімен болсын, өткен жылдың қазан және жел­тоқсан айында республикалық маңызға ие жолдарда көлік қоз­ғалысына 235 рет шектеу қо­йыл­ған. Шығыс Қазақстан облы­сы­ның жолдарындағы қозғалыс 72 рет тоқтаған. Жолдың жабылуы­ның жиілігі бойынша өңірлер арасындағы екінші орында тұр­ған Ақмола облысында қоз­ғалысқа 49 рет шектеу қойылған. Қарашада Шығыс Қазақстан облысында температура – 34 градусқа дейін төмендеп, жолдар 15 рет жабылды.

Иә, табиғат бізге емес, біз та­биғатқа тәуелдіміз. Дегенмен адамзат бүгінде ауа райын бірнеше ай бұрын болжайтындай же­тіс­тікке жеткен. Онымен айналы­сатын арнайы мекемелер де бар. Ұялы телефонымызға ескертулер келіп жатады. Бірақ соған қарамай жолға шығатын көлік жүр­гізушілер де өз кінәсін мойындауы керек.

Нұр-Сұлтан – Қарағанды арасында InDriver такси же­лісі­мен жолаушы таситын Ма­дияр атты жігітпен осы туралы сөй­лестік:

– Кейде ауа райының қолай­сыздығына қарамай жолға шы­ғамыз. Өйткені клиент жоғалт­қымыз келмейді.

– Ескертуге де қарамайсыз­дар ма?

– Ойлап қарашы, көлігіме төрт адам мінеді. Олар да біледі жол жабық екенін, бірақ асы­ғыспыз ғой бәріміз. Кейде көлік жүргі­зушілер айдалада қалып қойдық деп жатады. Ең қиыны қысты күнгі боран, мезгілсіз жау­ған жаңбыр аяққа тұсау бола­ды ғой. Егер жауын жауып, арты­нан аяз болса, бітті, Теміртауға дейінгі жол көк­тайғақ болып шыға келеді. Тасжол бетон, конь­ки тепсең болады, – дейді ол.

Айта кетейік, Солтүстік Қа­зақстан облысында жаңажылдық мереке күндері 31 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында 22 көлік қар құрсауында қалып қойған. Салдарынан 65 адамды, соның ішінде 12 баланы қауіпсіз жерге шығаруға тура келген.

Бүгінгі күні елімізде 4 ақылы жол бар деп мақтанамыз. Олар: «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қап­шағай» жолдары. Ақылы болған­нан кейін оны уақытында қардан тазалап, жауыннан кейін көктай­ғақ болса құм, тұзды дер кезінде сеуіп қойса болар еді ғой? Әр жерде осындай жағдайда керек заттарды дайындамай ма? Қыс қатал сыншы. Қапы қалмаудың жолын іздеп, қамданғанда ғана үлкен мәселелер туындай қой­майтынын ескерсе болмас па?


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ