Инстаграмдағы лотерея: алған көп пе, алданған көп пе?
Инстаграмдағы лотерея: алған көп пе, алданған көп пе?
330
оқылды

«Елдің тұрмыс-тіршілігі төмен­де­ген сайын «аңқау елге арамза молда» көбейе түседі». Көпшілік осылай уайым шегеді. Оған себеп – әлеу­мет­тік желіде лотерея ойнататын­дар­дың көбеюі. Қазір Instagram желісіне кір­сеңіз, «Он мың теңгеге билет сатып ал­саңыз, автокөлік ұтасыз, екі бөлмелі пәтердің кілтін ұстатамыз» деген жар­намадан көз сүрінеді. Тіпті, осы­ған дейін 20 көлікті ұтысқа қой­ғандар да бар. Оған қосымша 7 пә­тер­ді қо­сыңыз. Бас­панасыз жүрген жан­дар лотереядан үміттеніп, соңғы тиынына билет сатып алуға мәжбүр. Бірақ бә­ріне бірдей баспана мен көлік бұйыра бере ме? Сонда ұтатын кім, ұтылатын ше?


Бұл не қылған«батпан құйрық»?

Қоғамда әлеуметтік желі арқылы авто­көлік пен баспана, түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастыратындар көбейіп тұр. Алау­латып-жалаулатып жүргендердің арасында танымал спортшылар, эстрада әншілері, тіпті әзілкештер де жоқ емес. «Ұйым­дас­тырушы­лардың» дені танымалдардың тасасында тұрған секілді. Өйткені әнші-әзілкеш, спортшыларға қоңырау соқсаңыз, «ұйымдастырушыларға қоңырау шалыңыз» деп ат-тонын ала қашады. Жуырда ғана пә­терін ұтысқа тігіп, лотерея ойнатқан белгілі журналист қыздардың бірі «жақсы пайда тапқанын, лотереяның ұтымды жоба екенін» айтады. Ал 20 көлікті ұтысқа қойғанның бірі – әнші Нұрлан Еспанов. Ол «Қарақатпен шай» бағдарламасында ұтысты ойнатудағы басты мақсаты – қа­йырым­дылық жасау болғанын айтқан екен.

«Мен алаяқ емеспін. Оның бәрі құр ай­тылып жат­қан бос сөздер. Бұған дейін бір лотерея ойынын өткізген едім. Маған жақсы араласатын інілерімнің бірі келіп: «Нұреке, сіз өнер адамысыз ғой. Сізбен бірге жұмыс істесек қайтеді? Сіз жай ғана жарна­масына түсіп беріңізші» деп өтініш айтқан соң, келісім бердім» дейді.

Аталмыш лотерея жүргізбес бұрын оның ресми құжаттарын толықтай қарап шығып, дұрыс-бұрыстығына көз жеткізген соң ғана келісім бергенге ұқсайды. «Жай­дан-жай келісе салмаймын. Өйткені мұндайдың барлығын басымнан өткерген адаммын. Бар­лық құжатын қарап шығамын. Мен өткізіп жатыр екен деп, алып кете са­латын автокөлік емес. Бұл дегеніңіз – ав­тоор­талықпен заң­дастырылып жасалған дүние. Тек кілтін табыстаймын. Ол авто­кө­лік­тердің ақшасы толық жи­налмай, орталық оларды бермейді» дейді.

Бірнеше пәтерді ұтысқа тігіп, лотерея ойнатқан жігіттердің бірі – Дәулет Мұқаев есімді азамат. Ол баспана­мен бірге, бірнеше бағалы жүлде­лерді де қатар ойнатты. Әуелі ол бір бөлмелі пәтер мен тағы басқа бағалы заттарды ұтысқа қойған еді. Бір билеттің құны – 10 мың теңге. Бас-аяғы 3 200 билет сатылып, одан 32 млн теңге түскен. Бұлар­дың артықшылығы кәсіпкер ре­тінде тір­келген және табыс салы­ғын төлеп отырады.

 ұтыс.JPG


«Сәтті жұлдызға» тіркеліп жүр ме?

Мұны бір жағынан желідегі «же­ңіл» бизнес деп атауға да бо­лады. Оңай олжа табудың жолы. Алайда елімізде лотерея саласын реттейтін уәкілетті орган бар. Ол – Мәдениет және спорт министрлігі, оның ішінде спорт және дене шы­нықтыру істері жөніндегі комитет. Министрлік өкілінің айтуынша, Қазақстанда бір ғана ұйым лотерея өткізуге құқылы. Яғни, 2017 жыл­дың 10 ақпанында қол қойылған №48 қаулыға сәйкес «Сәтті жұл­дыз» АҚ 15 жылға лотерея опе­ра­торы болып бекітілген. Демек, ел аумағында лотерея өткізуге осы ак­ционерлік қоғамның ғана құ­қығы бар. Алайда лотерея ойнатып жүрген тұлғалардың арасында оператормен келісімшарт жасас­қандар кемде-кем. Қазір қандай да бір бизнес өкілі лотерея билеттерін сатамын десе, онда ол үшін та­ратушы келісімшартқа қол қоюы керек. Бірақ Instagram желісі арқылы ұтыстар ұйымдастырып жатқан адамдардың кейбірі атал­мыш оператормен келісімшартқа отырмаған көрінеді.

2019 жылдың соңында Мәжі­лісте арнайы жұмыс тобы лотерея бизнесіне қатысты кейбір заңдарға ұсынылып отырған өзгерістерді тал­қылаған еді. Жұмыс тобын де­пу­тат Әлия Сапарова басқарған. Мә­жіліс сайтындағы деректерге сү­йенсек, заң жобасы төменгі па­латаға маусым айында түскен екен. Бұған дейін заңсыз лотерея ойнату ешқандай құқықбұзу­шы­лыққа жатпаса, енді заң жобасында әкім­шілік құқықбұзушылыққа жатқызу ұсынылып отыр. Әуелі ұтыс ой­натқысы келетін тұлғаларға ескерту жасалады. Одан кейін тағы да заң бұзса, әкімшілік құқық­бұ­зушылық жасау салдарынан алын­ған кірістер тәркілене отырып, жеке тұлғалар­ға – 200, шағын кәсіпкерлік су­бъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 750, орта кә­сіп­керлік субъек­ті­леріне – 1 000, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 2 000 ай­лық есептік көрсеткіш мөл­ше­рінде айыппұл салуға әкелмек.

 

Салықтан жалтару мүмкін емес

Қаржы министрлігі Мемле­кеттік кірістер комитеті Жұрт­шы­лықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отардың айтуын­ша, кез келген табыс табуға ықти­мал тұлғалардың бәрі – салық төлеуге міндетті. «Азаматтық ко­декс бойынша ұтыс ойынын өткізгісі келе ме, ол өз құқы. Оған «лицензияң бар ма, жоқ па?» деген шектеу қоя алмаймыз. Ал бірақ тапқан пайдасынан салық төлеуге міндетті. Мәселен, 1 000 теңгеден 100 билет сатты делік. Ол 100 мың пайда тауып отыр. Яғни, 100 мың үшін салық төлеуге тиіс. Бізде камералды бақылау деген бар. Сол арқылы сіздің табыстық есебіңізді қараймыз. Әлеуметтік желіде лотерея ойнатқандардың көпшілігі күз мезгілінде өткізді. Олар биыл ақпан айына дейін салық төлеуі тиіс. Салық төлемеген жағдайда салықтық есебін қараймыз. Сол арқылы хабарлама жібереміз. Ешкім тапқан табысынан жалтара алмайды. Қазір барлығы ашық жарияланып отырады. Тіпті, әлеуметтік желінің өзінде «пәлен билет сатылды, түген билет са­тыл­ды» деп ашық жарнамалап отыра­ды. Ол шынымен 100 билет сатты ма, әлде 200 билет сатты ма, өзі дә­лелдейді. Сондықтан кез келген азамат тапқан табысынан салық төлеуге міндетті» дейді.

Демек, лотерея ойнатқысы ке­летін, не болмаса оңай олжаға ке­нелгісі келетіндер де салықтан жал­тара алмайды. Оны бақылау те­тікте­рі елімізде нақты жүйеге қойылған.

Еспанов.jpg

 

Лотерея ойнату – харам

«Лотерея ойнату құмарға жа­тады» дейді Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы төра­ғасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров. «Құмар – кездей­соқ сәттілікке үміттеніп, ұтыс мақсатымен ақша, құнды зат тіге отырып ұту немесе ұтылуды білдіреді. Шариғатымызда құмар ойындарға қатаң түрде тыйым салынған. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Олар [адамдар] сенен (уа, Пайғамбар) арақ пен құмар туралы сұрайды. «Ол еке­уінде үлкен күнә және адамдар үшін кейбір пайдалар бар. Алайда пайдасынан күнәсі көп» деп айт» («Бақара» сүресі, 219-аят).

Аяттағы «мәйсир» сөзі құмар деген мағынаны білдіреді. Яғни, бі­реудің ұзақ уақыт бойы еңбек­те­ніп тапқан ақшасын құмар ойыны арқылы оп-оңай, жеңіл жолмен алғандықтан «мәйсир» деп аталған.

Құмар ойынына карта, нарда, ойын автоматтары, рулетка, ло­терея, букмекерлік кеңсе т.б. жа­тады. Кең таралғаны – лотерея. Оның бірнеше түрі бар. Негізгілері мыналар:

1. Сандық лотерея: белгілі бір мөлшерде сандар басылған билет ретінде сатылады. Кездейсоқ таң­далатын сандар арқылы жеңімпаз анықталады. Бұл құмар ойынында қатысушылардың кейбірі ғана ұтысқа ие болып, жүздеген, мың­даған адам шығынға ұшырайды. Ұйымдастырушы тарап пайдаға кенеледі. Сол секілді үйді, көлікті, кітапты т.б. заттарды лотерея арқылы ойнатып сату, лотереяның осы түріне жатады.

2. Спорттық лотерея (ойын авто­маттары, букмекерлік кеңсе): әртүрлі спорттық жарыстардың нәтижелерін жорамалдап, бәс ті­геді. Егер ұтса ставканың мөлшері мен коэффициентіне байланысты ұтысын алады. Ал сәтсіздікке ұшы­раса, тіккен ақшасынан айы­рылады.

Лотереяның кез келген түрі құмарға жататындықтан үкімі үзілді-кесілді харам саналады. Оған қандай ниетпен болса да, тіпті билетін тегін алса да қатысуға болмайды. Ибн Аббастан жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала бір қауымға бір нәрсені жеуді харам еткен болса, онда оның ақшасын алуды да ха­рам етті» (Бұхари, Муслим), – деген. Себебі құмар адал кәсіп емес, керісінше адамдардың мал-дүниесін арам жолмен алу.

3. Жарнамалық лотерея: бұл тауарларды сатуға ынталандыратын лотерея түрі. Мысалы, дүкендерде, сауда орындарында клиенттерді тарту мақсатында тауарларға жүл­делер қойып ойнатады. Ол тауар­ларға белгілі бір номерлер белгі­лейді. Кейін оны тұтынушы на­рық­тағы бағасына немесе одан қымбатқа сатып алып, сыйлыққа қол жеткізуі мүмкін» дейді ислам­танушы.

Кейбір ғұламалар бұл ойынға харам деп үкім берген екен. Яғни, ол елді алдау, құмар болып са­на­ла­ды. Саудагерлер арасында бә­се­келестік тудырады. Оның соңы бір-бірін балағаттауға әкелуі мүм­кін. Ал шариғатта өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды делінген.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінде 2019 жылы 5 желтоқсанда қабыл­дан­ған пәтуада осы мәселеге бай­ла­нысты төмендегі үкімдер бекітілді:

1. Кез келген құмар ойыны харам;

2. Сандық және спорттық ло­те­рея құмар ойынына жатады;

3. Жеке мүлікті лотерея арқылы сату харам;

4. Тауарды өткізу мақсатында тігілген сыйлықты мынадай шарт­тармен ғана алуға рұқсат етіледі:

– Тауардың құны нарықтағы бағадан аспауы керек. Егер ұтыс себепті бағасы көтерілсе құмар са­налады;

– Сыйлыққа жету үшін тауар сатып алмауы қажет. Егер затты ке­рек етпей, тек жүлдеге қол жет­кізу мақсатында сатып алса, онда ол мал-дүниені бекер шашқан болады;

– Тауар адал әрі пайдалы болуы тиіс;

– Сыйлық қатысушы тарап­тың берген ақшасынан алынбауы керек;

– Тұтынушыларға қиянат жа­сал­мауы тиіс әрі тауарды өткізуде алдау, алаяқтық болмауы шарт» дейді Ершат Оңғаров.