Қордай қақтығысы талай түйткілді су бетіне қалқып шығарғаны жасырын емес. Әсіресе, дүнген азаматтардың Отан алдындағы әскери борышын өтемейтіні көпшіліктің шағымы мен түсінбеушілігін тудырды. Осыған орай былтыр бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынып, нәтижесінде 2019 жылы 27 дүнген әскерге аттанса, 2020 жылы олардың саны 38-ге жетіп, 30 пайызға артты. Осы ретте еліміздің әскери бөлімдерінде сап түзеген дүнген сарбаздарға іздеу салған едік. Басты сауал – дүнгендер әлімжеттік көріп жүр ме?
Қордай ауданы Сортөбе ауылының тұрғыны Фатик Харсанның ұлы Алим Харсан әскерге өткен жылы аттанған. Әкесі баласының Отан алдындағы борышын өтеуге ерікті түрде барғанын айтады. – Ұлым 1999 жылы дүниеге келген. Әскерге ерікті түрде аттанды. Қордай қақтығысына дейін де балам әскерге баратынын айтып жүрген. Мектеп бітіргеннен кейін арнаулы орта оқу орнында оқып, одан кейін Қытай мемлекетінде де тіл үйреніп келді. Ауылға қайта оралғаннан кейін отбасымызбен келісе отырып, әскерге жібердік. Үш ұлым бар. Солардың арасында бірінші болып Алимім әскерге барып отыр. Қазір Петропавл қаласындағы «Ұлттық ұланның» сарбаздарының қатарында. Алим – отбасымның мақтанышы. Біздің кезімізде дүнгендерді әскерге алмады. Егер алғанда, мен де міндетті түрде Отан алдындағы борышымды өтер едім, – дейді Фатик. Ал Алимнің өзі әскердегі жағдайы жақсы екенін айтады. – «Ұлттық ұлан» мені жылы қабылдады. Әлімжеттік деген дүниені атымен де, затымен де көрген жоқпыз. Керісінше, көптеген дос таптым. Бұрын қазақ тіліне шорқақтау болсам, қазір қазақ достарымнан көп нәрсені үйреніп жүрмін. 1 жыл көзді ашып-жұмғанша жылдам өтіп жатыр. Әскердегі мерзімім аяқталғаннан кейін туған елім Қазақстан үшін қызмет еткім келеді, – дейді Алим. Леджер Сыровтың ұлы Мохаммед Сыров болса, Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеуде. – Ұлым Шахтинск қаласындағы «Ұлттық ұлан» қатарына былтыр қосылды. 3 айдан кейін әскери мерзімі бітеді. Бірақ ұлыма сонда қалып, келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастыруды ұсындым. Себебі баламмен күнделікті сөйлесіп, ондағы жағдай мен әскери тәртіпке көңілім толып отыр. Ендігі мәселе – ұлымның таңдауында. Мохаммедтен бөлек, ауылдың тағы 5 баласы аталған әскери бөлімде борышын өтеуде. Барлығы да жағдайлары жақсы екенін айтады. Әттең, Мохаммедім үш ұлымның ішіндегі кенжесі болып тұр. Әйтпесе, барлық баламды әскерге жіберер едім, – дейді Леджер Сыров. Мохаммедтің өзі болса, әскери бөлімде ешқандай қысым көрмегенін айтады. – Келген күннен бізге жақсы қарады. Әлімжеттік сияқты қоқан-лоқыны мүлде көрмедім. Барлық жерде бейнебақылау камералары тұр. Тамақтануымыз да, жатын орнымыз да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жаңа достарыммен бірге қазақ тілін үйреніп, оларға дүнген тілін үйретудемін. Осылайша, бір үйдің баласындай тату-тәтті әскери борышымызды өтеудеміз, – дейді Мохаммед. Жасыратыны жоқ, Қордай қақтығысынан кейін ата-ана балаларын әскер түгілі қазақ мектебіне беруге қорқып қалған болатын. Алайда қазір ауылдан әскерге аттанған 50-ден аса дүнген жігіттердің жағдайы жақсы екенін әке-шешесі айтып отыр. Бұл, әрине жанға жылу береді. Бірі – Петропавлда, бірі Қарағанды облысында жүрген Алим мен Мохаммедтің қазақ және өзге де ұлттың сарбаздарымен бірге түскен суреттерін көріп, мұнда әскери тәртіп пен бірліктің салтанат құрғанына біздің де көзіміз жетті. Лайым, татулығымызға сызат түспесін деп тілейміз!Саятхан САТЫЛҒАН. Жамбыл облысы