Шетелде тарыдай шашылып жүрген қазақтардың атажұртқа оралуы кейінгі жылдары бәсеңдеді. Бұған ұрпақтардың ауысуы да ықпал етуде: шетелдік жаңа қазақтар Қазақстанмен байланысын сезінбейді, болашағын республикамызбен байланыстырмайды. Нәтижесінде, 2021 жылдың басынан бері 800-ден аса этникалық қазақ қана қандас мәртебесін алған.
Айта кетсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 13 мыңдай адам атамекенге оралған екен. «Биылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 877 адам тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бергі 30 жылдай уақыт ішінде республикаға барлығы 1 миллион 71,2 мың этникалық қазақ оралды. Биыл жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы 65,9% – Өзбекстаннан, 19,3% – ҚХР-дан, 6,3% – Түркіменстаннан, 4,2% – Моңғолиядан және 4,3% басқа елдерден келген», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Келген этникалық қазақтар негізінен оңтүстікті таңдады: Алматы (40,9%), Маңғыстау (12,5%) және Түркістан (6%) облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (6%) және Шымкент (16,9%) қалаларында қоныстанды. Солтүстік және шығыс өңірлерді таңдайтыны кемде-кем. 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылардың саны 58,7%-ды, еңбекке қабілетті жасқа жетпегендері 21,4%-ды және зейнеткерлер 19,8%-ды құрайды.Ерік ЕРДЕНОВ