«Заманың түлкі болса, тазы боп шал...» дейтін сөз бұрынғылардан қалған. Түлкі бұлаңға салған бүгінгі замана келбетінде қылмыс атаулы да цифрландыру дәуіріне мейлінше бейімделіп, өріс алып келеді.
Жуырда Шымкентте бұрын-соңды болмаған сот процесі өтті. Айыпталушы – 17 жасқа енді ғана қадам басқан бойжеткен. Оның айыбы дәлелденіп, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Өзек өртер өкінішпен аяқталған бұл оқиға былай өрбіген еді: елордалық бойжеткенге жеке компаниялардың бірінен ұсыныс түседі. Компанияның Шымкент қаласында өкілдігі ашылатын болып, жас қыз осы шаһарға еңбек ету ниетімен келеді. Коронавирус пандемиясына орай қабылданған шектеулерге байланысты құрылтайшылар жобаны іске асыру мерзімін кейінге шегереді. Төтенше жағдай кезінде елорда мен Шымкент арасында жолаушылар тасымалдау да тоқтатылып, бойжеткен не қаржысыз, не тұрақ болар орынсыз қалады.Жұмыс іздеймін деп пәлеге ұрынды
Кризистік ахуалға тап болған қыз өзіне бейтаныс қалада әлеуметтік желілер арқылы жұмыс іздей бастайды. Instagram платформасында курьер қызметін ұсынған хабарламаны көзі шалып, көрсетілген сілтеме арқылы Telegram мессенджеріндегі аккаунтқа байланады. Осылайша, жұмыс беруші мен курьер арасындағы виртуалды таныстық орнығады. Аккаунттың бейтаныс әкімшісі бойжеткенге гонорары жоғары болатын курьерлік қызметті ұсынады. Жұмыс беруші қойған басты шарт – шылым қоспасын өзі нұсқаған орынға апарып орналастыру. Ерекшелігі сол, тауар ешқашан қолма-қол берілмейтін. Бойжеткеннің міндеті – аккаунттың бейтаныс әкімшісі жіберген фотосурет пен сипаттарды ескере отырып, сырты оралған тауарды басқа орынға жасыру. Тауар иесі тауардың атауын кейде «КРБ» немесе «КРС» деп көрсетіп, оның салмағын да ашып жазатын, қай жерге қайта жасыру керегін айтатын. Курьер нұсқаушы көрсеткен орыннан табылған тауарды ашып қарап жатпай, жол бойындағы елеусіздеу орындарға қайта жасырып, үстін топырақпен көміп кететін. Тапсырыс берушіге тауар жасырылған орынның фотодерегін жіберетін. Осылайша, алғашқы үш күн ішінде курьер 50 мың теңге қаржы табады. Бойжеткеннің қызмет ақысын төлеу мәселесінде де жұмыс беруші барынша құпиялықты сақтайды. Ол қыздың еңбекақысын Blockchaine қосымшасында ашылған шотқа электронды ақша биткоинмен төлем жасайды. Ал бойжеткен осы биткоиндерді теңгеге айырбастап, Kaspi Bank-те ашылған дербес шотына аударып отырды.Дәніккеннен құныққан жаман
Көп ұзамай жұмыс беруші бойжеткенге қызметі өсетінін, оған қоса еңбекақысы да едәуір артатынын хабарлайды. Белгісіз тұлғадан келетін сүйінші хабар көп күттірмеді. Қызға енді ол курьер емес, таразылап салушы екені ескертіліп, шұғыл арада электронды таразы мен zip-locк пакеттерін алу жөнінде нұсқау алды. Қызметі бір саты жоғарылаған бойжеткен енді қаланың әр аумақтарына тауар жасыруды қойып, орамда қолына түсетін тауарды 0,5 - 1,0 грамм көлеміндегі бөлшектерге бөліп, оларды пакеттерге салуды жолға қойды. Дайын өнімдерді изолентамен орап, қала көшелеріне жасырып кетіп жүрді. Жасырған орындарын нұсқаушы аккаунтына жолдап отырды. Бөлшектеуге жататын түрлі-түсті болып келетін кристалл тәрізді тауардың салмағы да біртіндеп ұлғайып, 50 грамнан 300 грамға дейін өсті. Әр бөлшектегенде 20-30 доза жасап, оларды таратуға дағдыланды. Бойжеткеннің табысы да едәуір артып, жеке көлік алу мәселесін ойластырып жүрді.Армандар елес болған күн
Былтыр қыркүйек айында бойжеткеніміз құқық қорғау органдарының құрығына ілінді. Тергеу барысында ол өзінің жұмысқа орналасуы мен тапқан табысы туралы барлық шындықты жайып салды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі, психотроптық, сол тектес заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша жаза 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды және мүлкін тәркілеуді көздейді. Бойжеткен басына қара бұлт үйірілгенін түсініп, тергеу органдарына жәрдемші болуға келісімін береді. Құқық қорғау органдары бойжеткеннің көмегімен Шымкент нарығына психотроптық синтетикалық заттарды шығарумен айналысатын тұлғаны құрықтады. Оған тиесілі 2 келі көлеміндегі психотроптық заттар тәркіленіп, ол сот үкімімен 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот бойжеткеннің қылмыстық қудалау органдарымен келісімге келіп, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған қылмыстық құқықбұзушылықты ашуға ықпал еткені үшін Қылмыстық кодекстің тиісті баптарына сәйкес 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.Қауіптің бетін кім қайтарады?
Шымкент қаласы прокуратурасының өкілдері таратқан ақпаратқа сәйкес, 2020 жылы Шымкент қаласы бойынша есірткі заттарын өткізуге байланысты 25 адам сотты болған. Олардың ішінде есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу дерегі бойынша 15 азаматқа қатысты 10 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Істі болғандардың 80 пайызы – 17 жастан 25 жасқа дейінгі жас буын өкілдері. Көптеген ата-ана коронавирус пандемиясы жас ұрпақты смартфонға байлап қойды деген пікірін білдіріп жатыр. Қылмыс әлемі түлкі бұлаң заманның аңысын аңдып, таз боп шалуға бейім екенін көрсетіп отыр. Жастар орталығының белсенділері полиция қызметкерлерімен бірлесе үй қабырғалары мен шарбақтарға жазылған күмәнді аккаунттардың сілтемелерін бояумен өшіріп жүргенде, Telegram мессенджерінде синтетикалық есіркі заттарының саудасы ашық түрде жүргізіліп отыр. Киберкеңістікті бақылауға алу мүмкін болмаса, ішкі істер органдарының есірткімен күрес жүргізу қызметін қайта құрылымдау қажет шығар, бәлкім. Жылдар бойы қызмет етсе де, бірақ жастарға бағыт-бағдар бола алмаған жастар орталықтарының жұмысын да саралайтын кез келді. Бұрынғыдай ескі тәсілден, таптаурын әдістен нәтиже күтіп отырғанда жас буын құрдымға бара жатыр...Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы