Жамбылда жылқылар жоғалып жатыр
Жамбылда жылқылар жоғалып жатыр
164
оқылды

Бүгінде мал баққандікі емес, барым­ташынікі болып тұрғаны жасырын емес. Оған дәлел, Жамбыл облысында 2019 жылы 254 мал ұрлығы тіркелсе, былтыр 191 қылмыс болыпты. Бұл – аз сан емес. Тәр­тіп сақшылары аталған қылмыс­тар­дың дені ашылып жатқанын айтқанымен, айдың-күннің аманында  алдындағы он­ шақты  тұяғынан айырылып жатқан­дар­­дың саны азаяр емес.  Жуалы ауда­ны­ның  Қарабастау ауылы маңындағы Қызыл­шатыр мал жайылымын қоныс еткен бір топ шаруа ұры  өрістегі малды ғана емес, қора­дағы жылқыны да айдап  кетіп жат­қанын айтып дабыл қағуда.

Шаруалар жанайқайына құлақ түрер кім бар?  

Жалпы, Қызылшатыр мал жайылымы төрт түлік үшін қолайлы мекен. Сондай-ақ бұл аймақ барымташыларға да «бал татыған» өлке болып тұр. Алайда шаруалар ұры алыстан келмей­тініне сенімді. Олардың сөзіне сүйенсек, барымташыларды  біреу қорғаштап жүрген көрінеді. Себебі мал ұрлығы ашылмайды, ұры да ұсталмайды. Соның салдарынан біреу мал­шы­сына, біреу көршісіне күдікпен қарап жүр. – 2019 жылы барымташылар есігімнің алдынан екі жылқымды ұрлап кетті. Полицияға арыз жазып, қанша іздесек те таппадық. Енді биыл 5 ақпан күні ұры қорама түсіп, айғырымды  мініп кетіп отыр. Учаскелік полицейге  хабар бергенімізбен, ол  ертесіне келіп, қылмыстың  ізі  суып қалды. Бұл жөнінде аудандық полиция бөліміне де, прокуратураға да шағым түсірдім. Алайда одан еш нәтиже шыққан  жоқ. Бұрнағы жылы жоғалған екі жылқымды қоса есептегенде 2 млн теңге шығынға батып отырмын, – дейді ашынған шаруа Дастан Алмереков. «Айман» шаруа қожалығының мүшесі Сапарғали Нұрзуллаұлы болса, ұры қатар тұрған үш шаруа­шылықты айналшықтап  шық­пайтынын айтады. – Қызылшатыр мал жа­йылымын­да 6 шаруа қожалығы ор­наласқан. Екі қожалық қой өсіру­мен айналысса, төртеуі жыл­қы бағады. Міне, осы шаруа­шылықтардың ішінде қатар тұрған үш қожалыққа ұрылар үйір болып алды. Ұр­лықтарын ұмыттырып ба­рып, үшеуіміздің малы­мызды  кезек-кезек  айдап кетеді. Бүгінге дейін барымташылар үш шаруа­шылықтың 40-қа жуық жылқысын қолды қылды. 2019 жыл­дың өзінде менің 5 жылқым ұрланды. Поли­ция бөліміне хабар бергенімізбен, олар малды тап­пайды. Содан үміт­іміз үзіледі, – дейді  по­лиция қыз­мет­керлерінің жұмысына өкпелі шаруа. Барымташылар әбден қорлық көрген  қожалықтың бірі – «Данияр» шаруашылығы.  Қожа­лық  төрағасы Малдыбай Үмбет­байұлының айтуынша,   өткен жыл­дың 29 мамырында барым­ташы­лар оның үйінің алдынан  31 бас жылқысын бірдей айдап алып кетіпті. – Мал ұрланған бойда поли­цияға хабар бергенімізбен, мұны­мыздан түк шықпады. Ертесіне   Жамбыл ауданының Бесжылдық ауылы маңындағы жол бойында жылқыларды «КамАЗ» жүк көлігі қағып кетіпті деген хабар келді. Дереу жетсем, 5 бием мен 2 құлы­ным сол жерде өлі жатыр. Тағы алтауы тірі болғанымен,  қалған 13 жылқы  ұшты-күйлі жоқ. Бұл қыл­мыс­ты құқық қорғау органдары тексеріп жат­қанына күмәнім бар. Себебі айдап алып бара жат­қан жылқыларды жол бойында көлік қақ­қаннан кейін соның ізі бо­йынша барым­ташыларды табуға болар еді ғой. Ал біздің по­лицейлер бейқам жүр. Орта есеппен ұрланған малым­ның құны 10 млн теңге болады. Бұл ұйымдасқан қыл­мыстық топ­тың ісі ме деген ой келеді. Өйткені жыл­қы  ұрланған  кезде  карантин күшейтіліп, ауыл арасына өткізу бекеттері қойылған еді. Солай бола тұра, барымташылар жылқы­ларым­ды көрші ауыл арқылы еш қиналмай қыр асы­рып жіберген, – дейді М.Үмбетбайұлы.

Ұры қайдан келеді?

Қалай алып қарасаңыз да, шаруалардың жанайқайы орынды. Төлінен өсірген  түлігінен бір күнде айырылып қалу кімге оңай соқсын? Әрі  жылқы бағып отыр­ған төрт шаруашылық­тың біреуіне ғана ұры түспейтіні ой­лан­тады. Бұл сауалмен  ауылдық ок­ругтің учаскелік полиция инс­пекторы  Бақыт Альменбетовке қайырылдық. – Маған қарасты аумақта  102 фазенда бар. Ал  Қызылшатыр мал жайылымында  6 фазенда орна­ласқан. Барымташыға малын қол­ды қылғандар төрт түлігіне өздері дұрыс қарамай отыр. Өріске жібере салып, аптасына бір түгендейді. Жақында шаруаның қорасынан ұрланған айғырдан басқасының барлығы өріс­тен жоғалған малдар. Негізінен, шаруа қожалық мал­шыларының  дені сотты бол­ғандар.  Заң бойынша қожалық иелері малшыны жұмысқа аларда учаскелік  инспектор  арқылы тір­кеуге тұрғызып, бұрын істі болға­ны, әлде   болмағанын анықтауы  керек. Сондай-ақ малшының от­басылы болғаны дұрыс. Оған қожалық иесі жалақысын да ке­лісім­шарт арқылы төлеуге мін­детті. Алайда бұл талапты барлығы бірдей орындай бермейді. Соның зардабын өздері көріп отыр. Менің бұл ауылдық округке инспектор болып келгеніме 2 жыл болды. Жасырмаймын, маған дейін мал ұрлығына қатысты бірде-бір қылмыс ашылмапты. Алайда мен келгелі біраз қылмыс­кер ұсталды. Мәселен, 2019 жылы 4 мал ұрлығы тіркелсе, соның екеуін аштым. Ал өткен жылы тіркелген 6 қылмысқа қа­тысы бар адамның барлығы жаза­лан­ды. Алмерековтің қорасынан биыл жоғалған жылқысын іздес­тірудемін. Ол барымташыны да көп ұзатпай қолға түсіруге  күш саламын, – дейді учаскелік инспектор.

Күдік кімге түседі?

Әрине, заң өкілінің жұмысы­нан қыл іздеуден аулақпыз. Алайда Қарабастау ауылындағы барым­ташы­лыққа ұқсас жағдай алдыңғы жылы Талас ауданы Сәду Шәкіров елді мекенінде де болған. Ондағы жұрт ұры ұсталса да, көп ұзамай босап кететініне ша­ғымданған. Қуат Сейдрашов есімді шаруа   қорада тұрып қолды болған  жыл­қысын  ауыл­дасы базарда сатып тұрған жерінен ұстап, оны тәртіп сақшыларына  тапсырған. Алайда белгісіз себептермен көп ұзамай барымташы қамаудан босап шыққан. Учаскелік полицейдің бұл әрекетіне шамданған тұрғын­дар әлеуметтік желіні шулатып, жоғары жаққа арыздарын жолда­ған еді. Артынша  облыстық Поли­ция  департаментінің мамандары арнайы тексеру жүргізіп, жауапты­ларды жазаға тартқан. Енді, міне Қызылшатыр мал жайылымының мал­шылары да ұрылардың ұстал­майтынын айтып, полиция қыз­мет­керінің жұмысына да күдікпен қарап отыр. P.S.

Жасыратыны жоқ, бүгінде Жам­былда ба­рымташылар шаруа­ларды басынып-ақ тұр. Оған дәлел, біреулер ұрлық малын еш қымсын­бай мал базарына шығарса, екін­шілер өрісте жүрген ірі қараны аңшы мылтығымен атып алады. Ес­теріңізге салсақ, мұндай жағдай Мойынқұм ау­данында болып, жұрт жағасын ұстаған еді.  

Енді қызылшатырлықтардың қорасына  ұры түсіп, үш бірдей шаруашылықтың  қырықтан аса малы қолды болып отыр. Мұндайда не істемек керек? Бәлкім, бұл мәсе­леге облыстық Полиция депар­таменті араласып, арнайы тексеріс тобын жіберуі керек шығар. Әйт­песе, барымташылардың бұлай басынуы жақсылыққа апармайтыны тағы анық.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы