«ДимашАли» шығармашылық орталығының ресми өкілі Назам Жанғазинова композитор Игорь Крутоймен байланыс үзілген деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Осыған дейін, БАҚ-та қазақстандық әншінің Игорь Крутоймен жұмысты тоқтатып, әйгілі оңтүстіккореялық продюсермен жұмыс бастады деген ақпарат пайда болды.
«Соңғы уақытта Желіде әнші Димаш Құдайберген мен композитор Игорь Крутойға қатысты шындыққа жанаспайтын ақпарат көптеп тарап жатыр. Түсіндіруге мұрша беріңіздер. Әуел бастан Димаш Құдайберген бейжіңдік BG Talent компаниясымен жұмыс істейді. Сонымен қатар, америкалық BMG (Bertelsmann Music Group) Еntertainment компаниясымен де өнер жолында жұмыс істейді. Сондай-ақ, Швеция, Ұлыбритания, Корея, Қытай, Франция, Ресей және басқа да елдердің композиторларымен жұмыс істеп жатыр», – деді өнер орталығының өкілі.
Айта кетейік, әншінің продюсерлік қызметін «ДимашАли» шығармашылық орталығы жүзеге асырады.
«Композитор Игорь Крутой мен Димаш Құдайберген арасында шығармашылық және достық қарым-қатынас жақсы қалыптасқанын айтқым келеді. Бүгінде де солай. 2020 жылы Игорь Крутой компаниясымен бірге жоспарланған концерттер кесте бойынша өтеді», – делінген хабарламада.