Сырғанаймын деп суға кетті
Сырғанаймын деп суға кетті
153
оқылды

Жыл басынан қаралы хабар жазудан қаламымыздың ұшы қайырыла жаздауда. Жуырда ғана Жайық өзенінің жұқалтаң бетін сырғанап өтеміз деген төрт жасөспірімнің бірін өр өзен те­реңіне әкетіп, отбасын аңыратып кеткенін жаздық. Тірі қалған баланың бірінің «Мама, мен сені жақсы көремін» деген талықсып айтқан сөзі жұртқа сабақ болар деп ойлағанбыз...

Әдеттегідей ата-ананың жауап­кершілігі ақсап тұрғанына тағы бір көз жеткіздік. Жасөспірімнің суға кеткен оқиғасына бір апта өтпей жатып, шанасымен ойнауға кеткен екі баланың денесі өзеннен шық­қаны туралы хабар жетті.

Атырау қаласының іргесіндегі Құрсай ауылының екі отбасы мү­шелері 2010 жылы туған балаларын 11 қаңтарда ойнауға кеткенінен үйге оралмағанын айтып, құзырлы органдарға хабар берген. Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 жастағы екі баланы іздеу жұ­мыс­тары суда да, жазық далада да жүр­гізілген. Полицияның жеке құрамы түгел жұмылдырылған іздеу кезінде өзен жағалауынан шана табылған. Осы жағдайдан соң Төтенше жағ­дайлар депар­та­менті жеткін­шектер өзенге барып ойнауы мүм­кін деген нұсқаны қарастырып, сүңгуірлер де іздеу жұмыстарына қосылған. Әлеу­меттік желі арқылы балалар­дың жоғалғаны туралы хабарлар лезде таралып, олардың амандығын көп болып тілеге­ні­міз­бен екі ба­ланың да мүрделерін құтқарушылар Перетаскадан тапты.

Бұған дейін жасөспірімдердің судағы арпалысын полицияның жи­тоны жазған бейнекамера ар­қы­лы көрген жұртшылық, тоғыз жас­та­ғы екі баланың да жан да­уысы шық­қанын, бірақ бұл жолы ешкім де оларды құтқара алма­ғанына өкі­ніш білдіріп, қайғыға ортақтас болды.

Сайып келгенде, отбасы тара­пынан болып отырған немқұ­рай­ды­лықты көріп отырып, «Жерде жат­қан бала көп пе?» деген ес­кертуді ескере бермейтіндердің де дабылды ұмытып кететіні бар.

Балалардың қысқы мезгілде ойнайтын, демалатын арнайы алаңдарын ұйымдастырмағанын алға тартып, әкімдікті кінәлай­тындар да бар. Бірақ бұл да тоғыз ай он күн көтерген баласын көзден таса етіп, көз жасын көл етіп отыр­ған ата-анадан жауапкершілікті ысырып тастамайды. Осындайда өз балалары мен тұтас ауылдың баласына қуаныш сыйлап отырған кәсіпқой фотограф, Сағыз ауылы­ның тұрғыны Жайлау Таластың ниетіне сүйсінбеске болмайды. Ол өз ауласына мұз айдынын жасап, өз ақшасына коньки алып, оны 200-300 теңгеден жалға беріп, бар баланы қуантып отыр. Осыны көріп неге үлгі алмасқа? Жоғалған баланың орнын қалай толтырамыз?

 

Атырау облысы