«Құрсақ ана» құрсауында

«Құрсақ ана» құрсауында

Атақты футболист Криш­­тиану Роналду, Гол­­ливуд жұл­дызы Ни­коль Кидман, бри­тан­ әншісі Элтон Джон, пуэр­­­то­рикан поп-музы­канты Рики Мартин, Ре­сей эстрадасының «при­мадоннасы» Алла Пугачева суррогат ана жалдап, пер­зент сүйгенін мақтан етеді. Ал Қазақстан Үкіметі осы­ны қалаған отандық «жұл­дыздар» мен олардың жолын қуушыларды бұл мүмкіндіктен айырды. Елде «суррогат ана стан­дарты» жарияланды.

Пенденің бұл дүниедегі бас­ты бір міндеті – перзент сүю, үрім-бұтағын жалғастыру. Осы арқылы адамзат өзін өлмес етеді, мәңгіліктің жа­зы­ғына құлаш ұра­ды. Баласы бол­маған отбасы – суалған теңіз, қуарған бәйтерек. Ба­қыттың киесі де, төресі де – өмірге бала әкелу.

Бағзы замандардан бері мұн­дай бақыттан айы­рыл­ғандар осы баққа кірудің кілтін, түрлі тә­сілін іздеумен болған. Француз заңгерлік антропологиясы қауым­дас­тығының негізін қалаушы, аты әлемге мәшһүр ғалым Норбер Руланның дерегінше, Ежелгі Римде заң жүзінде кейбір еркектерге өз зайыбын әйелі бедеу отбасыға жалға беруге рұқсат етіліпті. Осыған орай «құрсақты қарызға беру» термині қолданылды. Әрине, ол кезде ұрықты шы­ны түтікте өсіріп, жатырға меди­циналық жол­мен көшіру ойлап табылмаған, сон­дықтан бәрі табиғи жолмен жүзеге асырылатын.

Көрші орыс елінде бел­гілі бір ақыға басқаның бала­сын туып беретін әйелге қа­тысты «котелок», «сумка», «ко­томка», «лодка» ұғым­дары арналыпты. Сонымен қатар «Не та мать, что родила, а та, что вос­питала» деген қағида етек жай­ды.


Алаяқтар айласын асыра алмайды

Өзгеде кең тараған мұндай құбылыс қазақ елінде болмаған. Рас, «тексіз» саналған, тақыр кедей отбасылар тауқыметтен құтылудан дәметіп, не басқа бір қысыммен «төреден тұқым алу» дәстүріне жүгінген. Бірақ оның бедеулікке еш қатысы жоғы мәлім.

Бөтеннің ұрпағына «инкубатор» ана болу тарихы Қазақстанда 1998 жылдан бастау алады. Сол жылы «Неке және отбасы тура­лы» заңы қабылданды және онда «қосалқы репродуктивтік техно­логиялардың» осы әдісі заңдас­ты­рылды. Бұл ретте Үкімет пен Парламент заңгерлері тіл маман­дарымен кеңесе отырып, «құрсақ ана» деген терминді бекітті. Заң жобасын талқылау барысында қоғамымыз мұның не үшін керегіне қанықты. Әйткенмен республикада экстракорпоралды ұрықтандыруға (ЭКҰ) маманданған алғашқы клиникалар ашылып, жан-жақты қызмет ұсына бастағанға дейін бұл бапқа сонша сұраныс та бай­қалмаған. 1999 жылы Адамды репродукциялау орталығы суррогат ана болуға қатысты тұңғыш операциясын өткізді.

2004 жылғы 16 маусымда «Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы» заң қабылданды. Ол «құрсақ аналарды» еш сөзсіз, шусыз, даусыз туған баласын тапсырушыға беруге міндеттеді.

Кейін, 2009 жылғы 18 қыр­күйекте салаға арналған, суррогат ана болудың құқықтық негізін нығайтқан жеке заңның күші жойылды. Ал ондағы нормалар «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» және «Неке және отбасы туралы» кодекстеріне таратылды.

Отандық ғалымдар Г.Атабаева мен Р.Хафизова саланы құқықтық реттеуге қатысты зерттеу еңбегінде Қазақстан заңнамасының бір ерек­шелігіне назар аудартады. Атап айтқанда, бізде құрсақ ана тапсырыс берілген баланы дүниеге әкеле сала, оған деген барлық құ­қығынан айырылады және бұдан былай ол сәбиге түк қатысы болмайды. Генетикалық шеше бірден сол перзенттің ресми түрде анасы атанып, туу туралы куәлігіне жазылады. Соның арқасында «су­рананың» баланы бермей қоюы, қосымша сыйақы талап етуі, «жеке құпияңды жария етем» деп қоқан-лоққы жасауы секілді әртүрлі алаяқтық пен спекуляциялардың жолы кесілді.

Ал Ресей, Батыстың бірқатар елдері ондай даудан басы арыл­мауда, себебі оларда құрсақ ана бөбектен бас тартатыны туралы өтініш жазғаннан кейін ғана ге­нети­калық ата-ана ресми таны­лады.

Әйтсе де, Қазақстан заңнамасы «тапсырыс берушілерге» де үлкен жауапкершілік жүктейді: егер «ин­кубатор» анамен келісімге отыр­­ған отбасы сол уақытта ажы­ра­сып кетсе, әл-ауқаты төмендесе, сон­дай-ақ бала кемтар болса, не сал, аутизм секілді дерті анықталса, бәрі­бір сәбиден бас тарта алмайды. Бірін­шіден, олар құрсақ анаға уағ­далас­қан әрі келісімде бекітілген сома­ны толық төлеуге міндетті. Екін­шіден, олар баланың өмір есігін аша сала солардың отбасында мұрагер құқығына ие болатынын естен шығармауы қажет. Осы арқы­лы заңнама баланың құқығын да қорғайды.

 


Құрсақ жалдау бизнесі өрістеуде

Әлемдегі ең танымал әрі бай футболистердің бірі Криштиану Роналду 2010 жылы құрсақ ана арқасында ұлды болу үшін 10 млн евродай (4,2 миллиард теңгедей) шығындаған. Себебі екі ананы жалдады: біреуі аналық тұқым жасушасын ұсынған, екіншісі – тоғыз ай толғатқан. Қазақстанда «сураналардың» сұранысы әлде­қайда аз. Бірақ бізде де бұл қызмет тек дәулетті от­ба­сылар үшін ғана қолжетімді са­налады.

Елімізде құрсақ ана мен «тап­сырыс берушілер» арасында келісім бекітуге медициналық ұйымдар араағайын болып жүр. Тиісінше, суррогат ананы бет-бейнесі, сыр-сымбаты, ұлты, нәсілі және басқа көрсеткіштері бойынша таңдап алуға ЭКҰ орталықтары және суррогат ана болудың маман­дан­дырылған орталықтары көмек­теседі: олар осыған қабілетті, ын­талы, тәжірибелі әйелдердің арнайы дерекқорына ие. Оны қарау үшін қомақты сыйақы төлейсіз.

Егер отбасы құрсақ ананы өз бетінше іздеймін десе, оған тос­қауыл жоқ. Мамандандырылған форумдар «Сурмама боламын!» деген хабарландыруларға толы. Олар клиенттің төлем қабілет­тілігіне қарай 6 миллион теңгеге, кейбірі 15-30 мың доллар, кейде одан көп сыйақыға «тірі инкубатор» болуға әзір. Бірақ тапсырыс беру­шінің шығыны мұнымен біт­пейді: ол 50 мың теңгеден баста­латын «айлық» төлеп тұруы, «су­р­ма­маның» дәрі-дәрмегіне, мед­ици­налық тексерулер мен про­цедураларға, кейде дәруменді азық-түлігіне кететін шығыстарын көтеруі, жүктілерге арналған киім-кешек сатып әперуі шарт. Егер егіз туса, клиент сыйақыны кем дегенде 30%-ға арттыруы тиіс.

Алматы, Нұр-Сұлтан, өзге қа­лалардағы деректер базасына Қазақстан тұрмақ, тіпті Ресей тұрғындары үшін «инкубатор» болуға әзір жап-жас қазақ қыздары ұшырасады. Олар бұл қызметі үшін 1 миллионнан 7 миллионға дейін рубль сұрайды. Тіпті, біріне клиент қолқа салып, ЭКҰ-ға сенбейтінін, табиғи ұрықтандыруды қолай көретінін, егер барлық талаптарға жауап берсе, 20 млн рубль беретінін мәлімдеген.


«Көгілдірлерге» қолжетімсіз қызмет

Жалпы, құрсағынан пайда табуға бел буған кез келген адам «суррогат ана» атана алмайды. Қазақстандық заңнама қатаң та­лаптар қояды. Ең алдымен, құр­сақ ана болуға тек 20-дан 35 жасқа дейінгі жас әйелдерге ғана рұқсат етіледі. Денеден тыс ұрықтандыру әдісін елімізде алғаш рет енгізген эмбриолог Салтанат Байқошқарованың түсіндіруінше, 40-тағы және одан асқан әйелдің жатырында эмбрионның тұрақтап, өсіп-жетілуі қиынға түспек.  

Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың басында «Қазақстанда қосалқы репродуктивтік техно­логиялар көрсетуді ұйымдастыру стан­дартын» жариялады. Оған сәйкес, құрсақ ананың денсау­лығы мықты болуы, психиатр тексеруінен абыроймен өтуі талап етіледі. Ол мерезге, АИТВ-ға, В және С гепатиттеріне, сондай-ақ хламидиоз, уреаплазма, мико­плазма, ВПГ, ЦМВ, токсоплазмоз, қызамық (краснуха) секілді инфек­цияларға тексеріледі. Құрсақ қуысы ағзаларының УДЗ, ЭКГ, қан талдауы, коагулограмма, флюорография секілді көптеген қосымша тексерулерден лайықты өтуі міндет.

Бұдан өзге, «сурананың» өзінің кем дегенде бір баласы болуы шарт. Егер тұрмыс құрған болса, ерінен рәсімделген түрде рұқсат алуы тиіс.

Қазақстан заңнамасы құрсақ анаға тапсырыс берушілерге де қатал. Мысалы, «сымбатын бұзбау» үшін баласын көтеруді өзгеге жүктеуге тыйым салынады. Батыс елдерінен тағы бір айырмашылығы сол, мемлекетімізде жалғызбасты ер адамға, азаматтық некедегі отбасыға, гомосексуалды жұпқа суррогаттық анамен келісімге отыруына жол берілмейді. Жасы­рын мәмілелессе, бала оларға берілмейді.  

ДСМ-нің жаңарған стан­дар­тында суррогат тәсілін қолданып, сәбилі бола алатындардың нақ­ты санаты белгіленген. Оған сай, біріншіден, тұрмыс құрған әйел­дің туа бітті немесе дерт кесі­рінен жатыры болмаса, екін­шіден, имплантацияға және жүк­тілікті көтеруге кедергі келті­ретін қуыс немесе жатыр мойны де­фор­мациясы туындаса, үшіншіден, эндометрия патологиясы (эн­дометрия атрофиясы, емге кел­мей­тін жатыр қуысының синехиясы) орын алса, сонда ғана отбасы құрсақ ана бағдарламасына жүгіне алады.

Төртіншіден, зайыбының бо­йында жүктілікті көтеруге мүм­кіндік бермейтін соматикалық аурулары бар болса; бесіншіден, ЭКҰ әдісімен жоғары сапалы эмб­риондар бірнеше рет енгізілгеніне қарамастан, жұбайының бойына бала бітпесе, ондай отбасыларға да суррогат ана қызметін пайда­лануына рұқсат.


Елдос СЕНБАЙ