Былтыр Өзбекстанның Сырдария облысында орналасқан Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, көрші елдің 22 елді мекенін су басқаны әлі де болса жадымыздан шыға қоймады. Оның зардабы Қазақстанды да айналып өтпеді. Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы бес ауылды су алды. Қош, өткен оқиғаны қайта қозғар ниетіміз жоқ. Дегенмен жуырда өзбек тарапы Сардоба су қоймасын қайта қалпына келтірмекке әрекет жасап жатқаны жайлы хабар шықты. Егер ақпарат расталар болса, еліміздің оңтүстік аймағына қайта су қаупі төнбей ме деген қорқыныш та жоқ емес.
Су бөгеп үйренген ел бөгетсіз қалмас
Ақпан айының ортасында көрші елдің кей баспасөз беттері Өзбек үкіметі Сардобаны қайта салу мақсатында жабық қаулы қабылдағанын жазды. Өзбекстанның Құрылыс министрлігіне қарасты Жобалар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарын үйлестіру басқармасының жетекшісі Насрулло Бобоев БАҚ өкілдеріне инженерлік-зерттеу жұмыстары мен ғылыми-техникалық негіздеуге қажет зерттеу жүріп жатқанын жеткізіпті. Тіпті, жауапты адамдарды алдын ала бекітіп те үлгергенге ұқсайды. Өзге елдің ішкі мәселесіне араласатын жөніміз жоқ, бізді толғандыратын 2020 жылдың 1 мамырындағы жаңғырық қана. Су қоймасының жарылуына қатысты сол кезден бері түрлі мәтіндегі талай болжамдар айтылып-ақ жатты. Әйткенмен анығы бір нәрсе. Халықаралық сарапшылар апаттың себебін жобалау құжаты мен құрылыс, пайдалану жұмыстары кезінде кеткен қателіктен көреді. Ал Өзбекстан билігі су қоймасындағы бөгеттің бұзылуына ауа райын кінәлаған еді. Ресми жауапта шамадан тыс көлемде жауған нөсер мен дауыл апатты жағдайға әкеп соқтырғаны айтылған. Сарапшылар 2010 жылы «Сардоба» су қоймасының құрылысы басталғанда, Түркістан облысындағы Мырзашөл өңіріне қауіпті екенін айтып, дабыл қаққан. Соңғы жылдары Жетісай мен Мақтаарал өңірінің халқы да қауіппен күн кешіп келгені онсыз да анық еді. Алайда Өзбекстан билігі қазақстандық тараппен ақылдаспай-ақ бөгет құрылысын бастап кеткен болатын. Яғни, «су қоймасы қайта салынған күннің өзінде көрші ел өткен қателікті қайталап жүрмей ме?» деген сауал туындайды. Жалпы, қазір Орта Азия елдерінде су саласына қатысты проблемалар жылдан-жылға ушығып бара жатқанын байқау қиын емес. Әріге бармай-ақ, еліміздегі өзен-көлдердің катастрофасы – соның бір айғағы. Су қоймалары көбейіп, табиғи процестер бұзылған сайын апаттар саны арта беретіні айтылып келеді. Оның үстіне мамандар су саласында Орта Азия елдері әлемнің озық, жетілген тәжірибелерін қолданбайтынын ашық мәлімдеп отыр. Сөзіміз жалған болмасын, мәселенің анық-қанығын толығырақ мамандардан сұрап білсек. Ахметқал МЕДЕУ, академик, «География және су қауіпсіздігі» ғылыми-зерттеу ин ститутының директоры: – Су мәселесі қазір жер жүзінде өзекті тақырыпқа айналды. Еліміздің тарихында Көкпекті секілді бірнеше су қоймаларының жарылғанын естідік. Бізге де таңсық дүние емес. Өз тәжірибемнен аңғарғаным, қоймалардың жарылуына гидротехникалық тұрақтылық жағын ескермеу себеп болады. Толығырақ айтсақ, кез келген су қоймасына платина соғылады. Көбі осы платинаны соғумен іс бітеді деп ойлайды. Ал бұл жерде екінші мәселе, платинаға арнайы датчиктер орнатылуы тиіс. Датчик су қоймасының жағдайын анықтап, осал, қауіп бар жерін операторға хабарлап отырады. Жарылған су қоймаларының бәрінде де датчик жоқ, яғни қауіпті ешкім алдын ала болжай алмайды. Одан соң топырақ та бетондалуы тиіс. Су қоймасының бұзылуының әртүрлі себебі бар. Негізгісі үшеу: су платинадан (қоршаудан) асып кетеді, платинаны толығымен бұзып-жарып, жұлып кетеді немесе кез келген саңылаудан «лақ ете қалады». Сардоба су қоймасының платинасы бұзылып тұрған сәтте су дәл жаңағы айтқанымыздай «лақ ете қалған». Бәрі мас- штабты процестерге байланысты. Жағдайды бақылауда ұстаған күннің өзінде апат болуы мүмкін. Сол үшін су қоймасына жақын елді мекендерге әрқашан хабар тез жететіндей етіп, көшіріп үлгеруге мүмкіндік қарастырған жөн. Негізі, Сардоба су қоймасы қайта салынар болса біз жақтан да басқару жүйесін қарастыру керек. Бұл әрекетке кететін шығындар өзбек тарапынан болған жөн. Жалпы, су қауіпсіздігіне байланысты екі ел арасында концепция жоқ. Әр тарап өз білгенін жасай береді. Климат өзгерді, ал Орталық Азия елдері бізді су жағынан тәуелді етуін доғармады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенімде осы мәселелерді жеткіздім. Мемлекет басшысы мамандарға Сырдария өзенінің суын зерттеп, халықтың, өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының қауіпсіздігін анықтау керегін тапсырды. Бұл мәселені жыл соңына дейін нақтылап, алдағы екі жылдың ішінде бір жөнге түсіруге тырысып жатырмыз. Жұмабек САРАБЕКОВ, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы: – Орталық Азия елдері су шаруашылығында қауіпсіздік мәселесін ұмыт қалдырып отырғанын бұрын да айттық. Әзірге Өзбекстан тарапы Сардоба су қоймасын қайта салатыны жайлы ақпарды естімедім. Дегенмен қайта саламыз деп олар шешім қабылдаса, Қазақстан тарапы оларға тікелей әсер етіп, шешімін өзгерте алмайды. Бірақ үкіметаралық деңгейде көтеруге болады. Сол кезде жаңа құрылыстың қалай жүзеге асырылатынын нақтылауға болады. Жалпы, су мәселелері- не қатысты 1992 жылы қол қойған жалпылама, ортақ келісім бар. Ол әлі күнге келе жатқан жалғыз құжат, әбден ескірді. Жаңа құжат, өзгертулер болмаған соң Орталық Азия елдері су мәселесінде ортақ шешімге келе алмай отыр. Алдағы 10 жылда ауызсу тапшылығы болуы мүмкін. Су желілерінің қоры жауын мен мұздықтар арқылы молайып отырады. Қазір мұздықтар тез еріп жатыр, оған ғаламдық жылыну да әсер етіп отыр. Су сапасы Орталық Азияда нашарлап жатыр. Ысырапшылдық та көп, Орталық Азия елдері әлемде суды ең көп тұтынатын аймақ. Сол секілді Қазақстан- да судың 85 пайызға жуығын ауыл шаруашылығына қолданып отыр. Дегенмен жағдай мүшкіл емес. Тек Түркменстан, Өзбекстан секілді көрші елдерде жағдай қиын. Тәжікстан мен Қырғыз Республикасы судан энергия өндіруге тырысып, одан алатын тоқты арзан қуат көзі ретінде қарастырса, Қазақстан мен Өзбекстан және Түркменстан суды ирригациялық мақсатта пайдаланады. Су құбырлары тым ескі, жаңартуды қажет етеді. Жаңа әдістер тағы керек. Ол да шығын. Оның үстіне Арал теңізінің катастрофасын ұмытпауымыз керек. Балқаш мәселесі де шығып жатыр. Оның проблемасы Қытайға байланғанын білеміз. Бір ғана нәрсе айтайын, су саласы алдағы уақытта үлкен мәселеге айналатыны айдан анық.Мадияр ТӨЛЕУ